Қазақстан • 14 Наурыз, 2022

Алматыда Алаш ардақтылары ұлықталды

285 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Алматыда Халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болуымен «Ұлылар үндестігі» атты халықаралық конференция өтті. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған мазмұнды іс-шарада тағылымды тұлғалардың өмір тынысы, шығармашылығы, ұлт мұратына байланған ұлы идеялары хақында орамды ойлар айтылды.

Алматыда Алаш ардақтылары ұлықталды

Ұлттық кітапхана ғимара­тын­да өткен алқалы жиынға Ха­лық­ара­лық Түркі ака­дем­ия­сының пре­зиденті Дархан Қыдырәлі, Алматы қала­сы әкі­мінің орынбасары Арман Қырық­баев, белгілі қоғам қай­рат­кері Мұрат Әуезов, ҰҒА прези­денті Мұрат Жұрынов, ТМҰ Ақсақалдар кеңесінің мүше­сі Икрам Адырбеков, М.Әуе­зов атын­­дағы Әдебиет және өнер инс­­ти­ту­тының дирек­то­­ры Кенжехан Матыжанов, А.Байтұр­сынұлы атындағы Тіл білі­мі институтының ди­рек­торы Анар Фазылжан, ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев, жазушы Смағұл Елубай, Қазақ­стан Жазушылар одағы бас­қар­ма төра­ғасының орынбасары Ба­уыр­жан Жақып, сондай-ақ басқа да зия­лы қауым өкілдері мен бел­гі­лі ғалымдар қатысты.

Алқалы жиынның тізгінін ұс­та­ған академия басшысы Дархан Қыдырәлі Алаш мұрасын айшық­та­ған айтулы тұлғалардың мерейтойы Алматыда бастау алуының символикалық мәні зор екенін айта келе, академия биылғы жылды Ахмет Байтұрсынұлы жылы деп жариялағанын жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуде. Биылғы жылдың ал­ғашқы ауқымды шарасын Алаш қай­­раткерлеріне арнап отырмыз. Өзде­ріңізге мәлім, А.Бай­тұр­сын­­ұлы­ның 50 жас мерейтойы Орын­бор мен Ташкентте ата­лып өткенде Әуезов бас­та­ған шә­кірт­­те­рі мен үзеңгілес жол­дас­­тары ұлт ұстазының елеулі еңбегі жө­­нінде ізгі лебіздерін арнап, ма­­қа­ла жариялады. Міне, бүгін осы дәстүрлі сабақтастық жал­ға­сын тауып отыр», деген Дархан Қыдырәлі, жыл соңына дейін алып­­тар мұрасын зерделеуге ар­нал­­ған бірнеше халықаралық жоба жоспарланып отырғанын айт­ты.

Алаш алыптарының рухын жаң­ғыртқан келелі басқосуда азат­тық­тың алтын бесігі Алматы жұрт­шы­лығының атынан үн қатқан қала әкімінің орынбаса­ры Арман Қырықбаев түркі әде­бие­тінің тарихын, әдебиеті мен мәдениетін зерттеп, түбі бір түркі жұртының ортақ игілігін сақтап, бо­лашақ ұр­пақ­қа аманат етіп отыр­­ған Түркі академиясына ал­­ғысын білдірді.

Конференцияда сөз алған Мұрат Әуезов, Мұхтар Омар­хан­ұлы мұраларын ғылыми тұр­ғы­да зерделеудің маңызына тоқ­талып, классик еңбектерін әлем тілдеріне аудару ісінде үн­дес­тік мәселесіне үлкен мән берілу керектігін тілге тиек етті. Со­ны­мен қатар ол тағлымды жиынды ұйымдастырушыларға риза­шы­лы­ғын білдірді.

Өз кезегінде ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов Түркі ака­де­мия­сының бас­та­масын жо­ға­ры бағалап, Ахмет Бай­тұр­сын­ұлы жы­­лында атқа­ры­ла­тын істерге сәт­тілік тіледі.

Ал тарихшы Мәмбет Қойгел­ди­ев заман заңғарлары үшін Алаш идеясы бәрінен жоғары тұрғанын, осы ұстанымды ұрпаққа жеткізу кейін­гілер үшін абыройлы аманат еке­нін атап өтті. «Алтын Ор­да ы­ды­раған тұста қазақтың қара ша­лы Асан қайғы төңірегіне қарап тұрып енді не болады деп күңіренген. Аласапыран заманда бұл сөзді Мұхтар Әуезов те айтқан. Бұл сөзге қазақ зиялылары әлі толық жауап таба алған жоқ. Буын алмасып бұл сауал біздің алдымызда да көлденеңдеп тұр. Тағдырымыз әлі де қыл үстінде. Осыған әр азамат жауап іздеуі керек. Осы сұрақтарға байыпты жауап беру үшін тарихымыздағы қилы кезең­дерді, осындай тұлға­ла­­ры­мыз­дың өмірін еске алуға тиіспіз», дейді ғалым.

Халқының азаттығын аң­сап, арман-мұратын ұлтымен егіз өрген ағартушылардың қай­рат­керлік қыры ұрпаққа үлгі бо­луға тиіс. Қиын жылдардың қыс­па­ғында орын алған осындай оқи­ға­ның бірін жазушы Смағұл Елубай әңгі­ме­леп берді.

«Бүгін біз жүрегімізде әл­ди­­леп, еске алып отырған екі тұлға да қазақ рухания­ты үшін теңдессіз қызмет қылған­дар. 1929 жылы ішінде Ахмет Бай­тұр­сынұлы, Әлімхан Ермеков, Мұхтар Әуезов бар бір топ Алаш қайраткерлері түрмеге то­ғы­тыл­ған. Сонда оларға сіздер марк­сизм­ді, ленинизмді мойындаймыз, жаңылдық, жаздық деп хат­тамаға қол қойыңдар, сон­да бостандыққа шығасыздар, бәлкім аман қаласыңдар деп талап қойған. Ермеков пен Әуезов ол кезде уыздай жас жігіттер екен. Сол кезде ақсақал Ахаң екі інісін қасына отырғызып, «Әй, балалар, сендердің болашақтарың алда. Қазақ деген халыққа еңбектерің сіңуге тиіс. Сондықтан сіздер ат­қа­рар іс болашақтың еншісінде. Біз кетерміз, жасымыз біразға кел­ген адамдармыз. Ал сендер біз­дің аманатты ұрпаққа жет­кі­­зу­лерің керек. Сол себепті қы­зыл өкіметтің бізге ұсынып отыр­ған талабына қол қойып бе­ріп, аман қалуға тиіс­сіңдер. Ал мен осынша жасқа келгенде қаба сақал қырттың тео­­­рия­сын мойындап, жолымнан жа­ңы­ла алмаймын», деп екі іні­сі­не ақылын айтыпты. Ермеков пен Әуезов аға тілегін орындап, бастарын бәледен арашалаған екен. Егер А.Байтұрсынұлы кері ше­гінуді білмейтін, жалындап тұр­ған екі інісіне осылай бағыт көрсетпегенде, Әуезов те атылып кетер ме еді. Ал жағдай олай өрбі­се біз одан айырылып қалар едік. Әуезовтен айырылсақ, қазақ әде­биетінің локомотиві болған «Абай жолынан» айырылған болар едік. Ахаңның ақсақалдық ақылы қазақ халқының екі алыбын сұрапыл сұмдықтан аман алып қалғанын екшеп айтуға тиіспіз», дейді Смағұл Елубай.

Қазақ тілінің құнарын қалқып, бүгінге жеткізген Әуезов туралы айт­­қанда қаламгер атымен аталатын Әдебиет және өнер институтынан айналып өте алмаймыз. Жазу­шының қаламынан өрілген әр шы­ғарманы ғылыми тұрғыдан ін­де­те зерттеп жүрген іргелі ұжым­­­­­­­ның жетекшісі Кенжехан М­а­­­­ты­­­жанов бүгінгі ғылым тынысы һәм ұлылар мұрасын ұрпақпен қа­­­уыш­тыру ісіндегі өткір де өзек­ті мәсе­­лелердің көп екенін ай­та­­ды.

«Қазақ халқы рухани бренд ретінде алға ұстайтын екі адам болса, олар Байтұрсынұлы және Әуезов. Олардың арманы тұтас хал­­қын алға сүйреп келе жатқан ұлы идеялардың кеніші деп ай­ту­ға болады. Ұлылар мұрасын ұлық­­тап, еңбе­гін жұртшылықпен қай­­та қа­уыш­тырған Халықаралық Түркі ака­демиясына алғыс білді­ре­міз. Бүгінгі үш кітаптың тұсау­кесерін үлкен мерейтойдың ал­ғаш­қы қа­да­мы деп қабыл­дай­мыз. Осы тұста бір ойға алар жайт мерейтой­лар­­дан ұр­паққа не қала­ды, міне­, осы­ны зер­делеуі­міз керек. Абай мен Жам­был мерей­той­­ла­­­рын жап-жақсы өткіздік. Бірақ бұл шаралардың маңызы жас ұр­пақ­қа жетті ме? Қазіргі мек­теп оқушылары мен студент­тер сол дүниені біле ме? Мек­теп оқ­у­лы­ғын­да қазір Алаш қозға­лы­сы туралы не оқытады, А.Байтұрсынұлы мен М.Әуезов шы­ғар­малары қаншалықты қам­тыл­­ған? Қазіргі білім мазмұ­нын­­да осы дүниелер кемшін тар­­татын секілді. Айталық, мек­теп кітап­ханаларында Абай­дың толық шығармалар жинағы жоқ. Сатылымнан да таба алмай­мыз. Әрең дегенде үш мың дана­мен шығардық. Бұл кімге жетеді? Жамбылдың академиялық жина­ғын шығарар кезде де демеуші іздеп әлек болдық. Жауапты ведомстводан мардымды жауап ала алмадық. Мұндай көзқараспен ұлылар аманатын ұрпаққа қа­лай ­жеткіземіз. Осы тұрғыдан алған­да Халықаралық Түркі акаде­мия­сы­ның бүгінгі бастамасы көңіл қуан­тады», деп атап өтті Кенжехан Матыжанов.

 – Ахаң мен Мұхаңды алғаш жа­қындастырған ұлы Абай идея­сын­а адалдығы дер едім. Қазақ ақын­дарының ішінде Абайды ар­тық­ша бағалап, «Қазақтың бас ақы­ны» атты мақала жазып, («Қа­зақ» газеті, 1913 ж. N39) онда: «Абай (шын аты Ибраһим) Құ­нан­­баев. Онан асқан бұрынғы-соң­ғы заманда қазақ баласын­да біз білетін ақын болған жоқ», – деп тұңғыш ой білдірген Ахмет Бай­тұр­сынұлы болса, сол­ Абайды қа­зақ­қа ғана емес бү­кіл дүниеге та­ныт­­қан Мұхтар Әуе­зов Абайдың бүкіл өмірі мен шығармашылығын зерттеп монографиялық мақала жазып, «Абай жолы» атты төрт томдық тарихи роман, «Абай» дра­­масын өмірге әкеліп, ұстаз үмі­­тін толық ақтады. Биылғы жы­­лы қазақ халқының екі бірдей ұлы тұлға­сының мемлекеттік, тіпті халық­аралық деңгейде атап өтер­­­лік ме­рейтойлар жылы. Бұл көзі­­­қа­рақты әрбір қазақ азаматын өткенді ой сарабынан өткізіп, бола­­­шағымызға ұлылар салып кеткен жолдан үлгі алуға бастайтын ерек­­ше мүм­кін­дік, – дейді Қазақ­стан Жазу­шылар одағы Басқар­ма төра­­­ғасының орынбасары Бауыржан­ Жақып.

Жиында Алаш қайрат­кер­лері, А.Байтұрсынұлы мен М.Әуезовке арналған көрме ұйым­­дастырылып, қос тұлғаның ме­рей­тойына орай Түркі академиясы әзірлеп, жарыққа шығарған бір­қатар еңбектердің таныстыру рәсімі өтті.

Атап айтқанда, Түркі ака­де­мия­сы дайындаған «Ахмет Бай­­тұр­сынұлы және Алаш» жи­на­­­ғына Ахаң­ның замандастары, кейінгі буын өкілдері және қа­зір­гі зерт­теу­шілердің таңдаулы мақа­лалары топтастырылған. Бұл ең­­бек­тің ағылшын және чех тіл­де­­ріндегі нұс­қалары да Түркі ака­де­миясы мен Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Че­хиядағы ел­ші­лігі бірлесіп жа­­рыққа шы­ғар­ға­нын айта кету керек.

Сонымен қатар Түркі академиясы кезінде Алаш арыстарымен бірге Ахмет Байтұрсынұлы да белсенді қатысып, пайымды пі­кір­лерін ортаға салған «Қазақ бі­лім­паздарының тұңғыш сиезі» ма­­териалдарын қайта ба­сып шы­ға­­рып отыр. Бірегей ба­сы­лым­ға төте жазу­мен ба­сыл­ған толық фак­си­ми­лесі де қоса бе­рілген. Бұл тарихи сиез­ге қа­зақ даласынан ғана емес, Түр­кіс­тан­нан, Бұхарадан, Мәс­кеу­ден түркі ха­лықтарының кейбір бе­дел­ді тұл­ға­лары өкіл ретінде қа­тыс­қаны мәлім.

Халықаралық Түркі академия­сы таныстырған келесі еңбек – Мұхтар Әуезовтің әйгілі қырғыз эпосы «Манас» туралы монографиясы.

«Манас» қырғыздың ба­тыр­лық эпосы» (Киргизский герои­чес­­кий эпос «Манас») деп ата­ла­тын кітап әуе­зов­та­ну­шылар мен «Манас» эпосын зерт­теушілерге таптырмас кө­мек­ші құрал болары сөзсіз. Мо­но­г­ра­фиялық ең­бек­­тің алғашқы нұсқасы 1934 жылы дайын болған екен. Автор оны әртүрлі саяси-идеологиялық кедергілерге байланысты өзегін өзгертпегенімен әр жылдары шұқ­шиып редакция­лап, еселеп өңдеп, болаттай шы­нық­­тырып, шыңдай түс­кен еді. Аталған еңбектің 1936 жылы ма­­­шинкаға терілген дайын нұс­қа­сының көшірмесі Қырғыз Рес­пуб­ликасының Ұлттық Ғылым Академиясы Ш.Айтма­тов атын­да­ғы Тіл және әдебиет институты Қолжазбалар қорында сақталған. Ғы­лыми қосымша ретінде осы үл­гінің толық факсимилиесі де ж­и­нақта жарияланған. Сонымен қа­тар кітапқа 1952 жылы 8 мау­сым­­да Фрунзе қаласында өткен «Манас» жырын зерттеуге арнал­ған конференцияда М.Әуезов­тің жасаған «Создать народный ва­риа­нт «Манаса» деген әйгілі баяндамасы да енгенін айта кету керек.

Басқосу аясында Алаш мұра­ла­­рын зерттеп жүрген бірқатар ға­лым-қайраткерлер Түркі акаде­мия­­сының арнайы наградаларымен марапатталды. Түркі әлемінің тарихи-мәдени байланыстарын да­мытуға қосқан зор үлесі үшін ака­демик Мәмбет Қойгелдиевке ака­­демия­ның арнайы Алтын ме­да­­лі, белгілі әдебиетші ғалым Кен­жехан Матыжановқа Түркі ака­­демиясының Күміс медалі тап­сы­рылды.

 

АЛМАТЫ