Аймақтар • 23 Наурыз, 2022

Мереке мен береке

357 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тоңы жіби қоймаған Тобыл өңірінің тұрғындары да күннің суықтығына қарамастан нақышы өзгеше Наурызды ерекше қуанышпен қарсы алды. Ұлыстың ұлы күніне орай, Қостанайдың орталық алаңында ақ шаңқан үйлер тігіліп, мерекелік концерт, спорт сайыстары, қолөнер туындыларының көрмелері ұйымдастырылды.

Мереке мен береке

Екі жыл бойы ел ішін жайлап алған індеттің кесірінен көктем мерекесінің қызығын көгілдір экраннан ғана тамашалап келген тұрғындар биыл Ұлыстың ұлы күнін орталық алаңға шығып ел болып тойлады.

Мерекеге жиыл­ған жұрт облыс әкімдігі ғимараты ал­дын­­дағы үлкен сахна­да өнер көрсеткен өңір өнер­паз­да­рының кон­цер­тін тама­ша­лады. «Нау­рыз тойым – мереке, салт-дәстүрім – береке» атты театрландырылған қо­йы­лым да, көздің жауын алатын түрлі эт­но­гра­­фиялық көрмелер де көп­шілік көңі­лінен шықты.

Жергілікті этномәдени бір­лестіктердің атынан 10 шақ­ты аспаз қатысқан «Палау­лар әлемі» атты байқау­ды қызықтаған жұрт көп болды. Байқау шарты бойынша аспаздың шеберлігі па­лаудың тез пісуіне, сондай-ақ т­ағамның тәбет оятар хош иісі мен дәмділігіне қарай бағаланды.

«Ең үздік отау», «Бауыр­сақтар» байқауы сияқты мәдени танымдық шаралар мен спорт сайыстары да Наурыз тойының шырайын аша түскендей. Қазақ күресі, аударыспақ, жілік шағу, қой көтеру, қол тірес, асық, жамбы ату бәсекесі қызды. Жалпы биылғы Наурызда ұлттық спорт пен ұлттық ойын түрлерін насихаттауға баса мән берілді.

а 

 

Қостанай облысы