Екі жыл бойы ел ішін жайлап алған індеттің кесірінен көктем мерекесінің қызығын көгілдір экраннан ғана тамашалап келген тұрғындар биыл Ұлыстың ұлы күнін орталық алаңға шығып ел болып тойлады.
Мерекеге жиылған жұрт облыс әкімдігі ғимараты алдындағы үлкен сахнада өнер көрсеткен өңір өнерпаздарының концертін тамашалады. «Наурыз тойым – мереке, салт-дәстүрім – береке» атты театрландырылған қойылым да, көздің жауын алатын түрлі этнографиялық көрмелер де көпшілік көңілінен шықты.
Жергілікті этномәдени бірлестіктердің атынан 10 шақты аспаз қатысқан «Палаулар әлемі» атты байқауды қызықтаған жұрт көп болды. Байқау шарты бойынша аспаздың шеберлігі палаудың тез пісуіне, сондай-ақ тағамның тәбет оятар хош иісі мен дәмділігіне қарай бағаланды.
«Ең үздік отау», «Бауырсақтар» байқауы сияқты мәдени танымдық шаралар мен спорт сайыстары да Наурыз тойының шырайын аша түскендей. Қазақ күресі, аударыспақ, жілік шағу, қой көтеру, қол тірес, асық, жамбы ату бәсекесі қызды. Жалпы биылғы Наурызда ұлттық спорт пен ұлттық ойын түрлерін насихаттауға баса мән берілді.
Қостанай облысы