Медицина • 31 Наурыз, 2022

Маммографияға мән беретін кез келді

1871 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қатерлі ісік қай тұстан келіп, ағзаны қалай зақымдайтынын әлі де тап басып айту қиын. Әсіресе әйелдер арасындағы сүт безі обыры жаман аурудың аса кең тараған түрі саналып отыр. Ғалымдардың пайымдауынша, елімізде жыл сайын дәл осы дертке шалдыққандардың 5 мыңға жуық жаңа жағдайы анықталады. Соған қарамастан, қатерлі ісікке жете мән беріп, оның алдын алуға асығатындар аз. Бір өкініштісі, бұл ауру бұрын көбіне-көп қырықтан асқан әйелдерде кездесетін еді. Бүгінде бұл көрсеткіш тағы он жылға жасарып, отызды алқымдаған арулар арасында анықтала бастады.

Маммографияға мән беретін кез келді

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сүт безі обыры алаңдатады

Бүгінде маммография сүт безі обырын диагностикалаудың ең тиімді әдісі саналады. Ал «Үміт» ха­лықаралық онкологиялық то­мо­­­терапия орталығы осы онко­логиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи, инновациялық әрі жоғары тиімді технологияларын қолданатын Орта­лық Азиядағы алғашқы меди­циналық орталық ретінде таны­мал. Цифрлы томосинтез функ­циясы бар цифрлы маммо­графиялық аппаратпен жабдық­талған осы орталықта науқас­тарды онколог-маммолог әрі мамморадиолог дәрігер Данара Сүлейменова қабылдайды.

– Маммография дегеніңіз – сүт безін рентгендік зерттеу. Мам­мография сүт безі обырының ерте белгілерін анықтай алады. Бұл – сүт безі қатерлі ісігінен орын алатын өлім ықтималдылығын азайтатыны дәлелденген жалғыз ра­диациялық зерттеу әдісі. Өт­кен ғасырдың ал­пы­сын­шы жыл­дары АҚШ-та алғаш рет рандо­ми­за­ция­ланған клиникалық сы­нақта тұрақты скринингтік мам­мо­графияның көмегімен сүт безі қатерлі ісігінен туындайтын өлім салдарын 40%-ға төмендетуге болатыны дә­лелденді. Содан бері әртүрлі елде өзге де көптеген зерттеу жүргізілді. Сол зерттеулердің барлығында дерлік өлім­нің 20-40%-ға төмендейтіні туралы ұқ­сас нәтижелер алынды, – деді Д.Сүлейменова.

Оның айтуынша, емдеу про­це­дура­сына арнайы дайын­дық­тың қажеті жоқ. Маммо­графия арнайы аппарат – мам­мографтың көмегімен іске асырылады. Аналогты және цифрлы маммографтар бар. Қазіргі заманғы құрылғылардың көпшілігі цифрлы технологиялар саналады. Цифрлы маммографияның жоғары кескін сапасы және жоғары дәлдік сияқты бірнеше артықшылығы бар. Сондай-ақ цифрлы маммографтар сәулеленудің төмен дозасын пайдаланады.

– Науқас маммография бөлме­сін­де беліне дейін шешініп, ап­паратқа жақын­дай­ды. Сүт безі екі жағынан арнайы компрессиялық пластиналармен басылып, суретке түсіріледі. Кейін плас­тиналар бір-бірінен тартылып, кеуде қуысы босап, екінші сүт безіне арналған процедура қайталанады. Бас-аяғы әр кеудеге екі суреттен – жиыны 4 сурет алынады. Сүт безі екі бағыт­та қысылады: жо­ғарыдан төмен­ге және ішінен сыртқа қа­рай. Бұл ісіктің көзге көрінбей қа­луына жол бермеу үшін тіндерді мүм­кіндігінше кеңінен қамту мақ­са­тында жасалады. Заманауи цифрлы құрылғыларда пациент сәулеленудің минималды дозасын қа­был­дайды. Бұл доза жолаушы ұшақта ұзақ ұшу кезінде алатын дозамен салыс­ты­рылады. Мұндай салыстыру ғылыми-көп­шілік мақа­лаларда берілген. Яғни бұл өте төмен доза, – деді мамморадио­лог дәрігер.

Жүкті әйелдер үшін қауіпсіз

Д.Сүлейменованың айтуынша, стандартты цифрлы маммо­г­рафияның орташа дозасы 0,4 – 0,5 миллизивертті құрайды. Бұл диагностикалық зерттеу үшін рұқсат етілген ең жоғары дозадан әлдеқайда төмен. Ал басқа мүшелер мен тін­дердің алатын дозалары өте аз. Ең бастысы, жүкті әйелдер үшін мам­мог­ра­­фияның қауіпсіздігі әлдеқашан дәлелденді.

– Маммографияның медицина­дағы кез келген басқа манипуляция­лар секілді, ықтимал зияны мен пайдасы бар. Рентген сәулелерінің әсерінен болатын сүт безі қа­терлі ісігі кездеседі. Басқа сөзбен айт­қанда, бұл – жиі маммограммалардан туын­даған сүт безі қатерлі ісігі. Мұны мам­мографияға қарсы адамдар жиі айтады. Алайда көптеген зерттеулер әйел заты тұ­рақты маммографиядан өтпейтін болса, оның диагнозы дер кезінде қойылмаған сүт безі қатерлі ісігінен қайтыс болу қаупі рентген сәулелерінің әсерінен болатын қатерлі ісіктің өте төмен ықтимал қаупі­нен әлдеқайда жоғары екенін көрсетті. Зиян­ның пайдаға ара қатынасы кейбір деректер бойынша 1-ден 24-ке дейінгі, ал өзге деректерге сәйкес 1-ден 78-ге дейінгі аралықты құрайды. Яғни пайдасы қауіптен әлдеқайда басым, – деді Д.Сүлейменова.

Дәрігердің айтуынша, мам­могра­фия­дан өткеннен кейін BI-RADS шкаласы бойынша қорытынды шығарылады. Бұл – УДЗ, маммография және МРТ кі­ре­тін сүт безін рентгенологиялық зерттеу нә­ти­желерін бағалауға арналған стан­дарт­­тал­ған шкала. Оны өткен ғасыр­дың 90-жылдары Америкалық радиологтер алқа­сы әзірледі. Содан бері аталған шкала қоры­тындысы өзінің тиімділігі мен пайдасын дәлелдеп келе­ді. BI-RADS – бүкіл әлем­дегі маммо­г­ра­ф­тардың әмбебап тілі. Оны кез кел­ген елдің рентгенологі түсінеді.

– Шын мәнінде, маммографияға қатысты абсолютті қарсы көрсеті­лімдер жоқ. Жүктілік те, емшек сүті де зерттеуге кедергі келтірмейді. Дегенмен ұсы­ныстарға сәйкес скрининг про­фи­лак­тикалық тексеру ретінде жүктілік ке­зінде жасалмайды. Алайда жүкті әйел­дің кеудесінде ісік болса, онда мұн­дай науқас алдымен ультрадыбыстық зерт­теу құрылғысында тексеріледі. Күдік­ті түзіліс анықталған жағдайда мам­мографияға жіберіледі. Тіпті бала емі­зе­тін әйелге де, балаға да зияны болмайды. Маммографиядан кейінгі сәуленің дозасы сүтте қал­майды. Зерттеу кезінде бала емізуді тоқтату мүлдем талап етілмейді, – деді дәрігер.

Ерте анықталған дертке ем қонады

Маманның айтуынша, маммо­гра­фия­ның артықшылығы айқын. Осы арқылы қатерлі ісіктің ерте диагнос­тикасы жолға қойылады. Сәйкесінше, аз агрессивті ем қолда­нылып, жақсы болжам жасалады. Бұл әйелдерге де, қоғамға да тиімді.

– Біз мүгедектікке жол бер­мей­міз, әйелдер әлеуметтік белсен­ділігін, ал мем­лекет – бюджет қаражатын сақтап қала алады. Ал кемшілігі радиацияны, сон­дай-ақ жалған теріс және жалған оң нәти­желерді атауға болады. Жалған позитивтер дегеніміз не? Мысалы, әйелді скринингтен өткізіп, біздің ойымызша күдікті көрінетін өскінді байқадық делік. Кейін науқасты қосымша тексеруге шақырып (УДЗ және нысаналы маммография), сонда ғана бұл киста немесе жай ғана көлеңке қабаты екеніне сенімді болдық. Бұл жалған-оң нәтиже өздігінен қауіпті емес. Алайда ол бәрі жақсы деген түпкілікті қо­рытын­ды шы­ға­рылғанға дейін әйелді алаңдау­шы­лық пен күйзеліске түсіреді, – деді Д.Сүлей­менова.

Дәрігердің айтуынша, маммография жасалғаннан кейін мамандар суретке қарап, ең алдымен екі сүт безін симметрияға бағалайды. Себебі қатерлі ісік­тің кейбір түрлері тек тіндердің асим­метриясы түрінде көрінуі мүмкін. Со­нымен қатар дәрігерлер түйінді өскін­дерді іздейді. Ол түйіндер көлеңке тү­рін­де көрінеді.

– Көлеңке – айналадағы күң­гірт жасуша фонында түсі ашық­тау аймақ. Кө­леңкенің анық контуры қатерсіз түзі­лімдерге, фиброаденомаларға тән, анық емес контур қатерлі ісікке көбірек күдіктендіреді. Түйіндерден бас­қа, біз кальцинаттарды да із­дей­міз. Әйелдердің көпшілігі мам­мограммадағы кальцинаттар обырға байланысты қауіпті нәрсе деп санайды. Кальцинаттардың көпшілігі қатерсіз екенін түсіну керек. Олар тамыр қабырғаларының ізбестенуімен, сүт безіндегі дистро­фиялық процес­термен, фиброзды-кистозды мастопатиямен байланысты және қатерлі ісік ауруының белгісі емес. Тек білікті рентгенолог қана әйелде қандай кальцинат бар екенін бай­қайды. Қатерлі ісік кальцинаттарын қатерлі ісіктің өмір сүру қалдықтары деп айтуға болады. Қатерлі ісік жасушасы өмір сүру процесінде өледі және ме­та­боликалық процестерге байланыс­ты оның айналасында кальций жинала бас­тайды, – деді мамморадиолог дәрігер.

Оның айтуынша, барлық обыр кальцинаттарды бермейді. Қатерлі ісік ар­­хи­тек­тураның, тіндердің құрылымының бұзылуы ретінде де көрінуі мүмкін. Мам­­мография кезінде қандай да бір тү­зілім анықталған болса, ең алдымен кү­дікті жерлерге ультрадыбыстық зерт­теу жүр­гізіледі. УДЗ күдікті өскін шы­ны­мен биопсияны қажет ететінін немесе қауіпті ештеңе жоқ екенін растайды.

– Биопсияның екі түрі бар. Жіңішке ине – аспирациялық биоп­сия және қалың ине немесе трепанобиопсия. Пункция туралы айтатын болсақ, бұл жұқа инелі био­псиясы. Бұрын мұндай пункция онкологиялық ауруларды диаг­ностикалау үшін қолданылды. Себебі бұдан өзге баламасы болмады. Қазір оны трепа­нобиопсия алмастырды. Ал қатерлі ісік диа­г-
­­­­ностикасының алтын стандарты – тре­панобиопсия. Егер әйел адамның кеу­де­сінде түзіліс болса және дәрігер пункция жасауды ұсынса, одан бас тартуға болады. Трепанобиопсия кезінде біз тін бөліктерін алып, оның қандай тін екенін 99,9% дәлдікпен айта аламыз. Ал пункция кезінде біз тек жасушаларды аламыз. Мұндай деректерге сүйене отырып, диаг­ноз қою өте қиын, – деді маман.

Тәжірибелік тексеру кезінде томо­син­тезді таңдаған дұрыс

Дәрігердің айтуынша, елімізде 2017 жылдан бері томосинтез қол­данысқа ен­гізілді. Томосинтез – тексеру әдісі емес, скри­нингтік әдіс. Ол кәдімгі маммо­гра­фия­ға қа­рағанда әлдеқайда мазмұнды, мам­мо­графияға қарағанда қатерлі ісікті бір жарым-екі есе көп анық­тайды. Бұған қоса ол азырақ жалған оң нәтиже береді. То­мо­синтез бас­тапқы диагностикалық әдіс ре­тінде жақсы. Тәжірибелік тексеру үшін міндетті түрде то­мосинтезді таң­даған дұрыс.

– Кәдімгі маммографияда кеу­дені жоғарыдан және төменнен қысып, бір проек­цияда түсіреміз. Ал томосинтез кезін­де аппарат доға бойымен қозғалады және өндірушіге байланысты 9-дан 15-ке дейін бірқатар кескін түсіреді. Осы­дан кейін арнайы алгоритм бұл кескіндерді сүт безі тінінің псевдо-3D кескініне айналдырады. Томосинтезде компрессия неғұрлым жұмсақ. Жалпы, маммографиядағы компрессияның екі мақсаты бар. Біріншісі – нақты кескін алу: неғұрлым көп жаншылса, кескін соғұрлым анық болады. Қысудың екінші мақсаты – сүт безі сіңіретін сәулелену доза­сын азайту. Қысым неғұрлым жоға­ры болса, доза соғұрлым аз болады. Томо­син­тез кезінде анық суретті алу үшін қат­ты компрессияны қолданудың қажеті жоқ. Іс жүзінде компрессия тек бекіту үшін қолданылады. Қатерлі ісіктердің жиірек анық­талуы бізде қалыңдығы 1 мм ғана кескіндерді алуымызға байланысты – ақ сүт безінің тұсында ақ қатерлі ісікті байқамай қалу ықтималдығы әлдеқайда аз, – деді Д.Сүлейменова.