Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Сүт безі обыры алаңдатады
Бүгінде маммография сүт безі обырын диагностикалаудың ең тиімді әдісі саналады. Ал «Үміт» халықаралық онкологиялық томотерапия орталығы осы онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи, инновациялық әрі жоғары тиімді технологияларын қолданатын Орталық Азиядағы алғашқы медициналық орталық ретінде танымал. Цифрлы томосинтез функциясы бар цифрлы маммографиялық аппаратпен жабдықталған осы орталықта науқастарды онколог-маммолог әрі мамморадиолог дәрігер Данара Сүлейменова қабылдайды.
– Маммография дегеніңіз – сүт безін рентгендік зерттеу. Маммография сүт безі обырының ерте белгілерін анықтай алады. Бұл – сүт безі қатерлі ісігінен орын алатын өлім ықтималдылығын азайтатыны дәлелденген жалғыз радиациялық зерттеу әдісі. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары АҚШ-та алғаш рет рандомизацияланған клиникалық сынақта тұрақты скринингтік маммографияның көмегімен сүт безі қатерлі ісігінен туындайтын өлім салдарын 40%-ға төмендетуге болатыны дәлелденді. Содан бері әртүрлі елде өзге де көптеген зерттеу жүргізілді. Сол зерттеулердің барлығында дерлік өлімнің 20-40%-ға төмендейтіні туралы ұқсас нәтижелер алынды, – деді Д.Сүлейменова.
Оның айтуынша, емдеу процедурасына арнайы дайындықтың қажеті жоқ. Маммография арнайы аппарат – маммографтың көмегімен іске асырылады. Аналогты және цифрлы маммографтар бар. Қазіргі заманғы құрылғылардың көпшілігі цифрлы технологиялар саналады. Цифрлы маммографияның жоғары кескін сапасы және жоғары дәлдік сияқты бірнеше артықшылығы бар. Сондай-ақ цифрлы маммографтар сәулеленудің төмен дозасын пайдаланады.
– Науқас маммография бөлмесінде беліне дейін шешініп, аппаратқа жақындайды. Сүт безі екі жағынан арнайы компрессиялық пластиналармен басылып, суретке түсіріледі. Кейін пластиналар бір-бірінен тартылып, кеуде қуысы босап, екінші сүт безіне арналған процедура қайталанады. Бас-аяғы әр кеудеге екі суреттен – жиыны 4 сурет алынады. Сүт безі екі бағытта қысылады: жоғарыдан төменге және ішінен сыртқа қарай. Бұл ісіктің көзге көрінбей қалуына жол бермеу үшін тіндерді мүмкіндігінше кеңінен қамту мақсатында жасалады. Заманауи цифрлы құрылғыларда пациент сәулеленудің минималды дозасын қабылдайды. Бұл доза жолаушы ұшақта ұзақ ұшу кезінде алатын дозамен салыстырылады. Мұндай салыстыру ғылыми-көпшілік мақалаларда берілген. Яғни бұл өте төмен доза, – деді мамморадиолог дәрігер.
Жүкті әйелдер үшін қауіпсіз
Д.Сүлейменованың айтуынша, стандартты цифрлы маммографияның орташа дозасы 0,4 – 0,5 миллизивертті құрайды. Бұл диагностикалық зерттеу үшін рұқсат етілген ең жоғары дозадан әлдеқайда төмен. Ал басқа мүшелер мен тіндердің алатын дозалары өте аз. Ең бастысы, жүкті әйелдер үшін маммографияның қауіпсіздігі әлдеқашан дәлелденді.
– Маммографияның медицинадағы кез келген басқа манипуляциялар секілді, ықтимал зияны мен пайдасы бар. Рентген сәулелерінің әсерінен болатын сүт безі қатерлі ісігі кездеседі. Басқа сөзбен айтқанда, бұл – жиі маммограммалардан туындаған сүт безі қатерлі ісігі. Мұны маммографияға қарсы адамдар жиі айтады. Алайда көптеген зерттеулер әйел заты тұрақты маммографиядан өтпейтін болса, оның диагнозы дер кезінде қойылмаған сүт безі қатерлі ісігінен қайтыс болу қаупі рентген сәулелерінің әсерінен болатын қатерлі ісіктің өте төмен ықтимал қаупінен әлдеқайда жоғары екенін көрсетті. Зиянның пайдаға ара қатынасы кейбір деректер бойынша 1-ден 24-ке дейінгі, ал өзге деректерге сәйкес 1-ден 78-ге дейінгі аралықты құрайды. Яғни пайдасы қауіптен әлдеқайда басым, – деді Д.Сүлейменова.
Дәрігердің айтуынша, маммографиядан өткеннен кейін BI-RADS шкаласы бойынша қорытынды шығарылады. Бұл – УДЗ, маммография және МРТ кіретін сүт безін рентгенологиялық зерттеу нәтижелерін бағалауға арналған стандартталған шкала. Оны өткен ғасырдың 90-жылдары Америкалық радиологтер алқасы әзірледі. Содан бері аталған шкала қорытындысы өзінің тиімділігі мен пайдасын дәлелдеп келеді. BI-RADS – бүкіл әлемдегі маммографтардың әмбебап тілі. Оны кез келген елдің рентгенологі түсінеді.
– Шын мәнінде, маммографияға қатысты абсолютті қарсы көрсетілімдер жоқ. Жүктілік те, емшек сүті де зерттеуге кедергі келтірмейді. Дегенмен ұсыныстарға сәйкес скрининг профилактикалық тексеру ретінде жүктілік кезінде жасалмайды. Алайда жүкті әйелдің кеудесінде ісік болса, онда мұндай науқас алдымен ультрадыбыстық зерттеу құрылғысында тексеріледі. Күдікті түзіліс анықталған жағдайда маммографияға жіберіледі. Тіпті бала емізетін әйелге де, балаға да зияны болмайды. Маммографиядан кейінгі сәуленің дозасы сүтте қалмайды. Зерттеу кезінде бала емізуді тоқтату мүлдем талап етілмейді, – деді дәрігер.
Ерте анықталған дертке ем қонады
Маманның айтуынша, маммографияның артықшылығы айқын. Осы арқылы қатерлі ісіктің ерте диагностикасы жолға қойылады. Сәйкесінше, аз агрессивті ем қолданылып, жақсы болжам жасалады. Бұл әйелдерге де, қоғамға да тиімді.
– Біз мүгедектікке жол бермейміз, әйелдер әлеуметтік белсенділігін, ал мемлекет – бюджет қаражатын сақтап қала алады. Ал кемшілігі радиацияны, сондай-ақ жалған теріс және жалған оң нәтижелерді атауға болады. Жалған позитивтер дегеніміз не? Мысалы, әйелді скринингтен өткізіп, біздің ойымызша күдікті көрінетін өскінді байқадық делік. Кейін науқасты қосымша тексеруге шақырып (УДЗ және нысаналы маммография), сонда ғана бұл киста немесе жай ғана көлеңке қабаты екеніне сенімді болдық. Бұл жалған-оң нәтиже өздігінен қауіпті емес. Алайда ол бәрі жақсы деген түпкілікті қорытынды шығарылғанға дейін әйелді алаңдаушылық пен күйзеліске түсіреді, – деді Д.Сүлейменова.
Дәрігердің айтуынша, маммография жасалғаннан кейін мамандар суретке қарап, ең алдымен екі сүт безін симметрияға бағалайды. Себебі қатерлі ісіктің кейбір түрлері тек тіндердің асимметриясы түрінде көрінуі мүмкін. Сонымен қатар дәрігерлер түйінді өскіндерді іздейді. Ол түйіндер көлеңке түрінде көрінеді.
– Көлеңке – айналадағы күңгірт жасуша фонында түсі ашықтау аймақ. Көлеңкенің анық контуры қатерсіз түзілімдерге, фиброаденомаларға тән, анық емес контур қатерлі ісікке көбірек күдіктендіреді. Түйіндерден басқа, біз кальцинаттарды да іздейміз. Әйелдердің көпшілігі маммограммадағы кальцинаттар обырға байланысты қауіпті нәрсе деп санайды. Кальцинаттардың көпшілігі қатерсіз екенін түсіну керек. Олар тамыр қабырғаларының ізбестенуімен, сүт безіндегі дистрофиялық процестермен, фиброзды-кистозды мастопатиямен байланысты және қатерлі ісік ауруының белгісі емес. Тек білікті рентгенолог қана әйелде қандай кальцинат бар екенін байқайды. Қатерлі ісік кальцинаттарын қатерлі ісіктің өмір сүру қалдықтары деп айтуға болады. Қатерлі ісік жасушасы өмір сүру процесінде өледі және метаболикалық процестерге байланысты оның айналасында кальций жинала бастайды, – деді мамморадиолог дәрігер.
Оның айтуынша, барлық обыр кальцинаттарды бермейді. Қатерлі ісік архитектураның, тіндердің құрылымының бұзылуы ретінде де көрінуі мүмкін. Маммография кезінде қандай да бір түзілім анықталған болса, ең алдымен күдікті жерлерге ультрадыбыстық зерттеу жүргізіледі. УДЗ күдікті өскін шынымен биопсияны қажет ететінін немесе қауіпті ештеңе жоқ екенін растайды.
– Биопсияның екі түрі бар. Жіңішке ине – аспирациялық биопсия және қалың ине немесе трепанобиопсия. Пункция туралы айтатын болсақ, бұл жұқа инелі биопсиясы. Бұрын мұндай пункция онкологиялық ауруларды диагностикалау үшін қолданылды. Себебі бұдан өзге баламасы болмады. Қазір оны трепанобиопсия алмастырды. Ал қатерлі ісік диаг-
ностикасының алтын стандарты – трепанобиопсия. Егер әйел адамның кеудесінде түзіліс болса және дәрігер пункция жасауды ұсынса, одан бас тартуға болады. Трепанобиопсия кезінде біз тін бөліктерін алып, оның қандай тін екенін 99,9% дәлдікпен айта аламыз. Ал пункция кезінде біз тек жасушаларды аламыз. Мұндай деректерге сүйене отырып, диагноз қою өте қиын, – деді маман.
Тәжірибелік тексеру кезінде томосинтезді таңдаған дұрыс
Дәрігердің айтуынша, елімізде 2017 жылдан бері томосинтез қолданысқа енгізілді. Томосинтез – тексеру әдісі емес, скринингтік әдіс. Ол кәдімгі маммографияға қарағанда әлдеқайда мазмұнды, маммографияға қарағанда қатерлі ісікті бір жарым-екі есе көп анықтайды. Бұған қоса ол азырақ жалған оң нәтиже береді. Томосинтез бастапқы диагностикалық әдіс ретінде жақсы. Тәжірибелік тексеру үшін міндетті түрде томосинтезді таңдаған дұрыс.
– Кәдімгі маммографияда кеудені жоғарыдан және төменнен қысып, бір проекцияда түсіреміз. Ал томосинтез кезінде аппарат доға бойымен қозғалады және өндірушіге байланысты 9-дан 15-ке дейін бірқатар кескін түсіреді. Осыдан кейін арнайы алгоритм бұл кескіндерді сүт безі тінінің псевдо-3D кескініне айналдырады. Томосинтезде компрессия неғұрлым жұмсақ. Жалпы, маммографиядағы компрессияның екі мақсаты бар. Біріншісі – нақты кескін алу: неғұрлым көп жаншылса, кескін соғұрлым анық болады. Қысудың екінші мақсаты – сүт безі сіңіретін сәулелену дозасын азайту. Қысым неғұрлым жоғары болса, доза соғұрлым аз болады. Томосинтез кезінде анық суретті алу үшін қатты компрессияны қолданудың қажеті жоқ. Іс жүзінде компрессия тек бекіту үшін қолданылады. Қатерлі ісіктердің жиірек анықталуы бізде қалыңдығы 1 мм ғана кескіндерді алуымызға байланысты – ақ сүт безінің тұсында ақ қатерлі ісікті байқамай қалу ықтималдығы әлдеқайда аз, – деді Д.Сүлейменова.