Қоғам • 12 Сәуір, 2022

Тұрғын үй көп, білім ошағы тапшы

290 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Есілдің бойында еңсе тіктеген елордаға таңырқап, о шеті мен бұ шетін араласаңыз, төбедегі күннің өзін көлегейлейтін биік-биік тұрғын үй кешендері мен бизнес, сауда, ойын-сауық орталықтарынан көз сүрінеді. Рас, кейінгі жылдары ел астанасы адам танымастай өзгеріп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Әттеген-айы сол, бас шаһардың бас жоспары сәт сайын бұзылып, білім беру ұйымдарының тапшылығы сезіле бастады. Соның салдарынан көптеген бала үйден тым қашық жердегі мектепке қатынауға мәжбүр.

Тұрғын үй көп, білім  ошағы тапшы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Сарсаңға салған білім нысандары

«Етігің тар болса, дүниенің кең­дігінен не пайда?». Сәулеті көз сүй­сін­дірер тұрғын үйде тұрғанымен, оған жақын маңнан білім ошағын таба алмай жүрген ата-аналар осылай деп мұңын шағады. Есесіне қаражат қуған қалталы кәсіпкерлер әлеуметтік нысандардан бұрын пайдасы шаш етек нысандарды тұрғызуға мүдделі. Сонда қарапайым тұрғындардың қарабайыр тілегі қайда қалады? Әкімдік әлденеше үй тұрғыздық деп бөркін аспанға атқан кезде маңынан әлеуметтік нысандар табылмай қалып, «таз кепеші» көрініп жатқан жоқ па?

Мәселен, күні кеше бір топ ата-ана осы мәселе бойынша арнайы бас қосып, үнін атқарушы билікке айтқылары келді. Алайда білім саласының қыз­мет­керлерінен кездесуге келген лауа­зым иесі болмады. Ал елорданың сол жағалауындағы «Қамал», «Адал», «Ар­нау», «Алан», «Сұлтан», Novo city, Nur Otan, «Әлем», «Созвездие» тұрғын алап­тарының тұрғындары осы маңға жақын Binom Uly Dala, Binom Tanym сынды білім ошақтарында орын саны жетіс­пейтінін айтып отыр. Әсіресе бірінші сыныпқа баратын балалар үшін орын тап­шылығына қатысты өткір мәселе пай­да болды.

Биыл 1 сәуірде 2022-2023 оқу жылы бірінші сыныпқа ба­ра­­тын балалардың құжатын қа­­был­­дау басталғаны белгілі. Сәуір­­де басталған қабылдау жұ­­мы­сы тамызда аяқталады. Алай­да mektep.snation.kz порталында құжатты онлайн қабылдау жұ­мы­сы басталғаннан кейін санаулы минутта барлық орын үлес­­тіріліп үлгерді. Осылайша аудан­ тұрғындарының балала­рын бірінші сыныпқа бекіту мүм­кін­­ді­гі болмай қалды.

Айта кету қажет, Ұлы дала даңғылы, 38-көше бойындағы аудан қарқынды салынып жатыр. Солай бола тұрғанымен, осындағы балаларды мектеппен, балабақшамен қамту мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Binom Uly Dala, Binom Tanym мектептері жаңа, заманауи материалдық базамен жаб­дық­талған, қазақстандық жалпы білім беру үрдісіне озық әдістемелерді енгізген бірегей бренд саналады. Осыған байланысты қала тұрғындарының басым көпшілігі баласын осы мектептерге орналастыруға тырысады. Алайда дәл осы жағдай аудан тұрғындары үшін балаларын бірінші сыныпқа беруге кедергі келтіріп отыр. Басты себеп – орын тапшылығы. Ауданда бір емес, екі жаңа Binom мектебі бола тұра балаларды мектеппен қамту мәселесі толық шешілмеді. Ең алдымен, балаларға арналған білім беру орындары іргеде салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешендерінің санына сәйкес келуге тиіс. Іс жүзінде бәрі басқаша. Тұрғын үй кешендері көп те, мектептер мен балабақшалар аз.

Жоғарыда аталған мектептерге тіркелуге «Саранда» тұрғын үй кешенінің (13 бірлік) тұрғындары да үміткер саналады. Алайда 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап аталған тұрғын үй кешені аумағында жаңа мектептің ашылу салтанаты жоспарланып отыр. Сондықтан аталған тұрғын үй кешенінің тұрғындарын олардың өз аумағындағы мектепке қайта бекіту орынды болар еді.

Байбалам салмаса, бірінші сыныпқа қабылдамайды

Шенеуніктердің кейде шеке­сі­­нен шертіп, тұмсығынан түртіп отырмаса әлеуметтік мәсе­ле­лердің түйіні тарқамайтын үрдіс қалып­тасқаны бар елімізде. Мәсе­лен, елордадағы №82 «Дарын» маман­дандырылған лицейі Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығына сәйкес, 2022-2023 жылдардан бастап бірінші сынып оқушыларының құжатын қабыл­дау­ды тоқтатқан еді. Алай­да ата-ананың айқайы мен қоғамдық қозғау салудан кейін аталған лицей құжат қабылдауды қайта бастады. Яғни Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының 05.04.2022 жылғы №223 бұйрығына сәйкес, лицей 1-сыныпқа осы білім ошағына жақын орналасқан «Қамал», «Адал», «Алан», «Соз­вездие», «Сұлтан», «Әлем» тұр­ғын үй кешендерінде тұратын бала­қайларды қабылдайды. Алай­да ата-аналар осы шағын аудан­ның тұрғындары тығыз орна­ласқанын ескере отырып, уәкілетті органның бұл шешімі алдағы оқу жылына ғана емес, бұдан кейінгі жылдарда да күшін жоймаса екен дейді. Бастауыш сыныптардың 4-5 бірлік болғаны лицейдің мамандандырылған буынының жұмысына кедергі келтірмейді деп үміттенеді.

Бүгінгі таңда аталған ауданда бастауыш сыныптарға деген қажеттілік өте жоғары. Бұл сұ­­ра­ныс ең алдымен тұрғын үй нысандары санының ар­туы­мен байланысты болып отыр. Ал құрылыс қарқыны бәсең­де­мейтінін ескерсек, бастауыш сыныптың тапшылығы жыл санап арта беретіні анық. Ал өзге аудан­ тұрғындарының бала­ларын осындағы Binom мектеп­теріне қабылдау үрдісі онсыз да асқынып тұрған орын тапшылығы мәселесін тіптен ушық­тырып барады. Соған бай­ла­нысты аталған аудан аума­ғында өсіп келе жатқан балаларды қолжетімді біліммен қам­та­масыз ету үшін ата-аналар бір­қа­тар ұсыныс айтып отыр. Ең алдымен, Binom Uly Dala, Binom Tanym мектептерінде бірінші сыныпқа қосымша қабылдау орындарын ашып, бірінші кезекте осы ауданның балаларын қамтамасыз ету қажет. Биылға 1 сәуірден бастап осы мектептерге қабылданған оқушылардың мекенжайын мұқият тексерген жөн. Үй-үйді аралап, болашақ оқушының нақ осы мекенжайда тұрып жатқанын тексеру керек. Балаларды нақты тұрғылықты жері бойынша мектепке бекіту бұл бірінші кезекте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектепке барар және кері қайтар жолға уақытты үнемдеу, елордада автокөлік кептелісі мәселесін азайту үшін қажет. Сонымен қатар ата-аналар Binom Tanym-да 0-сыныптар жұмыс істейтінінен де хабардар. Мектеп басшылығы хабарлағандай, аталған сынып оқушылары автоматты түрде 1-сыныпқа ауыстырылады. Бұл ретте ата-аналар 0-сынып құжат­та­рын да тексеруді талап етіп отыр.

– «Арнау» тұрғын үй алабынан пәтер сатып аларда бізге кварталдың ішінде екі қабат­ты шағын екі балабақша салынады деп сендірген еді. Бұл ше­шімді қоштадым. Себебі ешқандай биік ғимарат тереземді көле­гейлемейтін еді. Алайда былтыр біз – ­­­осы тұрғын үй ала­бы­ның тұрғындары квартал құры­лы­сы­ның егжей-тегжейлі жос­пары өзгергенін естіп-білдік. Жаңа жос­парға сәйкес, балабақшаның орны­на 1 200 орындық 5 қабатты жеке мектеп салынатын болды. Мұндай шағын жер учаскесінде осындай үлкен мектепті қалай салуға болады? Бізге көршілес «Қамал» кварталындағы «Да­рын» мектебінің жер учас­ке­сі анағұрлым үлкен. Ал біз­дің кварталдағы жеке мектеп болашақта тұрғын үй ғимаратына етене, бетпе-бет салынбақ. Күні ертең ата-аналар осы мектепке қаланың түкпір-түкпірінен оқушы жетелеп келеді. Әркім бала­сын мектептің кіреберісіне барынша жақын қалдырып кетуге тырысатыны анық. Онсыз да біз тұратын тұрғын үй алабында автокөлік көп. Бос орны бар көлік тұрағын таба алмайсыз. Себебі аудан тұрғындарының саны көп. Кептелістің көкесі бас­талайын деп тұр. Өзге жер құ­рып қалғандай, бұл мектепті неге біздің кварталға тұрғызып жатыр? Нұра-Есіл су арнасына жақын жерде салса болмай ма? Ол аумақта жер жетеді. Аудан­ның егжей-тегжейлі жоспарын өз­гер­тетіндер осы өзгерістер тұр­­ғындарға ыңғайлы бола ма, бол­май ма деп бір ойланбайды? – деп күйінеді «Арнау» тұрғын-үй алабының тұрғыны Светлана Зиновьева.

Халық үніне құлақ аса ма?

Елорда аумағында балалар саны көші-қонға байланысты жыл санап артып келеді. Был­тырдың өзінде 15 мектеп пай­далануға берілді. Биыл тағы 11 мектеп балақайларды қабыл­дай­ды деп жоспарланып отыр. Соның ішінде мемлекеттік 4 мектеп бар. Әр мектеп бір ауысымда 1 200 орынға дейін сыйдыра алады.

– Біздегі мектептер бір емес, екі ауысым бойынша жұмыс істейді. Сондықтан әр мектеп 2 400 оқушыға негізделген десе де болады. Мәселен, биыл Есіл ауданына қарасты «Саранда» тұрғын үй кешені, Ұлы дала даңғылы бойында екі ауысымға арналған жаңа мемлекеттік мектеп ашылады. Бүгінде құжат қабылдау жұмысы жүріп жатыр. №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің басшылығына өтініш жасап, 2 қабылдау комиссиясын сонда отырғыздық. Осылайша №95 мектепке қабылдау жүріп жатыр. Жалпы, аталған аумақта мектепке қатысты алаңдатарлық ахуал жоқ. Ал Binom мектептері болса, 1 ауысымда – 2 мың, 2 ауысымда 4 мың бала қабылдай алады. Бұл мектепте келісім бойынша 1-сыныпта бала саны 25-тен аспауы тиіс. Алайда Binom жекеменшік мектеп бол­ға­нымен, оқу бағдарламасы – стандартты. Әрине, материалдық-техникалық тұрғыда жабдықталуы жақсы. Ал білім беру бағ­дар­ламасы өзге мектептермен бірдей. Айта кету қажет, шаһардағы әр мек­теп­тің бекітілген шағын ауданы бар. Binom мектебінде де жағдай дәл солай. Тек бала саны 25-тен аспауы тиіс болғандықтан, орын саны аз. «Арнау» тұрғын үй кешенінің өзінде 12 ғимарат бар. Онда тұратын ба­ла­лардың барлығын қамту мүмкін емес. Сондықтан ол учаскелер жаңадан ашылатын мектептерге беріледі. Орын тап­шы­­лығы мәселесін шешудің жолы осы, – деді Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының жалпы орта білім берудің маз­мұ­ны мен әдістеме бөлімінің басшысы Асыл Амангелдіқызы.

Биыл 6 наурызда Мемлекет басшысының бұрынғы баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан мен Алматының әкім­де­ріне қала тұрғындарының өтінішіне құлақ асып, тұрғын үй кешендерінің жанынан биік үйлерді тығыз салуды тоқ­та­ту­ға тапсырма берді. Мем­лекет басшы­сы әлеуметтік инфра­құры­лым, саябақтар мен бала­лар­ға арналған спорт алаңдарын салуға баса мән беру қажет деп санайды», деп жазған болатын.

Бас қаланың басшысы Пре­зидент сө­зі­не құлақ асқан тәрізді. Елорда әкімдігі әлеу­мет­тік ны­сан­­дары тапшы тұрғын үй ке­шен­дерінің құрылысы жөнін­де­гі ұсы­ныс­тарды қабылдамады. Осылайша, қала әкімдігі «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мас­тер-жоспары аясында әлеуметтік нысандар құрылысына және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға ерек­ше назар аударып отыр.

А.Байтұрсынов көшесі, 7 («Хайвил» тұрғын үй кешені) мекен­жайындағы учас­­­­кеде көп­пәтерлі тұрғын үй кешенінің орнына мектеп салынады. Бұдан басқа білім ошақтарында орын тапшылығын азайту мақ­са­тында Р.Қошқарбаев даң­ғылы мен Ақыртас көшесі ма­ңын­да «Хайвил» тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы тағы бір жалпы білім беретін мектеп салынады. Сонымен қатар Ақбұлақ шағын ауданында Қ.Жалайыри көшесінде Iconic тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқ­та­тыл­ды. Мастер-жоспар бо­йынша бұл орын абаттандырылып, гүлзар орнатылады. Ал Есіл ауданындағы Мәңгілік Ел даңғылы бойындағы №9 емхана мен №77 мектеп-гимназиясы арасындағы учаскеде жоспар бойынша серуендеуге және демалуға арналған қоғамдық кеңістік (гүлзар) салынады. К.Күмісбеков көшесі, 9 мекенжайында 21 қабатты тұрғын үй кешені мен паркингтің орнына қоғамдық кеңістік пен гүлзар салынады.

М.Горький-Косыгин-Челюс­кин­цев-Ишимская көшелерінің орамында тұрғын үй кешенінің орнына қоғамдық кеңістік салынады. Сонымен қатар Бас прокуратура мен Jysan Bank арасында – Мәңгілік Ел даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиы­лы­сын­да­ғы учас­ке­де көппәтерлі тұрғын үй кешенінің орнына тағы бір мектеп салынады.