Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Сарсаңға салған білім нысандары
«Етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?». Сәулеті көз сүйсіндірер тұрғын үйде тұрғанымен, оған жақын маңнан білім ошағын таба алмай жүрген ата-аналар осылай деп мұңын шағады. Есесіне қаражат қуған қалталы кәсіпкерлер әлеуметтік нысандардан бұрын пайдасы шаш етек нысандарды тұрғызуға мүдделі. Сонда қарапайым тұрғындардың қарабайыр тілегі қайда қалады? Әкімдік әлденеше үй тұрғыздық деп бөркін аспанға атқан кезде маңынан әлеуметтік нысандар табылмай қалып, «таз кепеші» көрініп жатқан жоқ па?
Мәселен, күні кеше бір топ ата-ана осы мәселе бойынша арнайы бас қосып, үнін атқарушы билікке айтқылары келді. Алайда білім саласының қызметкерлерінен кездесуге келген лауазым иесі болмады. Ал елорданың сол жағалауындағы «Қамал», «Адал», «Арнау», «Алан», «Сұлтан», Novo city, Nur Otan, «Әлем», «Созвездие» тұрғын алаптарының тұрғындары осы маңға жақын Binom Uly Dala, Binom Tanym сынды білім ошақтарында орын саны жетіспейтінін айтып отыр. Әсіресе бірінші сыныпқа баратын балалар үшін орын тапшылығына қатысты өткір мәселе пайда болды.
Биыл 1 сәуірде 2022-2023 оқу жылы бірінші сыныпқа баратын балалардың құжатын қабылдау басталғаны белгілі. Сәуірде басталған қабылдау жұмысы тамызда аяқталады. Алайда mektep.snation.kz порталында құжатты онлайн қабылдау жұмысы басталғаннан кейін санаулы минутта барлық орын үлестіріліп үлгерді. Осылайша аудан тұрғындарының балаларын бірінші сыныпқа бекіту мүмкіндігі болмай қалды.
Айта кету қажет, Ұлы дала даңғылы, 38-көше бойындағы аудан қарқынды салынып жатыр. Солай бола тұрғанымен, осындағы балаларды мектеппен, балабақшамен қамту мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Binom Uly Dala, Binom Tanym мектептері жаңа, заманауи материалдық базамен жабдықталған, қазақстандық жалпы білім беру үрдісіне озық әдістемелерді енгізген бірегей бренд саналады. Осыған байланысты қала тұрғындарының басым көпшілігі баласын осы мектептерге орналастыруға тырысады. Алайда дәл осы жағдай аудан тұрғындары үшін балаларын бірінші сыныпқа беруге кедергі келтіріп отыр. Басты себеп – орын тапшылығы. Ауданда бір емес, екі жаңа Binom мектебі бола тұра балаларды мектеппен қамту мәселесі толық шешілмеді. Ең алдымен, балаларға арналған білім беру орындары іргеде салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешендерінің санына сәйкес келуге тиіс. Іс жүзінде бәрі басқаша. Тұрғын үй кешендері көп те, мектептер мен балабақшалар аз.
Жоғарыда аталған мектептерге тіркелуге «Саранда» тұрғын үй кешенінің (13 бірлік) тұрғындары да үміткер саналады. Алайда 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап аталған тұрғын үй кешені аумағында жаңа мектептің ашылу салтанаты жоспарланып отыр. Сондықтан аталған тұрғын үй кешенінің тұрғындарын олардың өз аумағындағы мектепке қайта бекіту орынды болар еді.
Байбалам салмаса, бірінші сыныпқа қабылдамайды
Шенеуніктердің кейде шекесінен шертіп, тұмсығынан түртіп отырмаса әлеуметтік мәселелердің түйіні тарқамайтын үрдіс қалыптасқаны бар елімізде. Мәселен, елордадағы №82 «Дарын» мамандандырылған лицейі Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығына сәйкес, 2022-2023 жылдардан бастап бірінші сынып оқушыларының құжатын қабылдауды тоқтатқан еді. Алайда ата-ананың айқайы мен қоғамдық қозғау салудан кейін аталған лицей құжат қабылдауды қайта бастады. Яғни Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының 05.04.2022 жылғы №223 бұйрығына сәйкес, лицей 1-сыныпқа осы білім ошағына жақын орналасқан «Қамал», «Адал», «Алан», «Созвездие», «Сұлтан», «Әлем» тұрғын үй кешендерінде тұратын балақайларды қабылдайды. Алайда ата-аналар осы шағын ауданның тұрғындары тығыз орналасқанын ескере отырып, уәкілетті органның бұл шешімі алдағы оқу жылына ғана емес, бұдан кейінгі жылдарда да күшін жоймаса екен дейді. Бастауыш сыныптардың 4-5 бірлік болғаны лицейдің мамандандырылған буынының жұмысына кедергі келтірмейді деп үміттенеді.
Бүгінгі таңда аталған ауданда бастауыш сыныптарға деген қажеттілік өте жоғары. Бұл сұраныс ең алдымен тұрғын үй нысандары санының артуымен байланысты болып отыр. Ал құрылыс қарқыны бәсеңдемейтінін ескерсек, бастауыш сыныптың тапшылығы жыл санап арта беретіні анық. Ал өзге аудан тұрғындарының балаларын осындағы Binom мектептеріне қабылдау үрдісі онсыз да асқынып тұрған орын тапшылығы мәселесін тіптен ушықтырып барады. Соған байланысты аталған аудан аумағында өсіп келе жатқан балаларды қолжетімді біліммен қамтамасыз ету үшін ата-аналар бірқатар ұсыныс айтып отыр. Ең алдымен, Binom Uly Dala, Binom Tanym мектептерінде бірінші сыныпқа қосымша қабылдау орындарын ашып, бірінші кезекте осы ауданның балаларын қамтамасыз ету қажет. Биылға 1 сәуірден бастап осы мектептерге қабылданған оқушылардың мекенжайын мұқият тексерген жөн. Үй-үйді аралап, болашақ оқушының нақ осы мекенжайда тұрып жатқанын тексеру керек. Балаларды нақты тұрғылықты жері бойынша мектепке бекіту бұл бірінші кезекте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектепке барар және кері қайтар жолға уақытты үнемдеу, елордада автокөлік кептелісі мәселесін азайту үшін қажет. Сонымен қатар ата-аналар Binom Tanym-да 0-сыныптар жұмыс істейтінінен де хабардар. Мектеп басшылығы хабарлағандай, аталған сынып оқушылары автоматты түрде 1-сыныпқа ауыстырылады. Бұл ретте ата-аналар 0-сынып құжаттарын да тексеруді талап етіп отыр.
– «Арнау» тұрғын үй алабынан пәтер сатып аларда бізге кварталдың ішінде екі қабатты шағын екі балабақша салынады деп сендірген еді. Бұл шешімді қоштадым. Себебі ешқандай биік ғимарат тереземді көлегейлемейтін еді. Алайда былтыр біз – осы тұрғын үй алабының тұрғындары квартал құрылысының егжей-тегжейлі жоспары өзгергенін естіп-білдік. Жаңа жоспарға сәйкес, балабақшаның орнына 1 200 орындық 5 қабатты жеке мектеп салынатын болды. Мұндай шағын жер учаскесінде осындай үлкен мектепті қалай салуға болады? Бізге көршілес «Қамал» кварталындағы «Дарын» мектебінің жер учаскесі анағұрлым үлкен. Ал біздің кварталдағы жеке мектеп болашақта тұрғын үй ғимаратына етене, бетпе-бет салынбақ. Күні ертең ата-аналар осы мектепке қаланың түкпір-түкпірінен оқушы жетелеп келеді. Әркім баласын мектептің кіреберісіне барынша жақын қалдырып кетуге тырысатыны анық. Онсыз да біз тұратын тұрғын үй алабында автокөлік көп. Бос орны бар көлік тұрағын таба алмайсыз. Себебі аудан тұрғындарының саны көп. Кептелістің көкесі басталайын деп тұр. Өзге жер құрып қалғандай, бұл мектепті неге біздің кварталға тұрғызып жатыр? Нұра-Есіл су арнасына жақын жерде салса болмай ма? Ол аумақта жер жетеді. Ауданның егжей-тегжейлі жоспарын өзгертетіндер осы өзгерістер тұрғындарға ыңғайлы бола ма, болмай ма деп бір ойланбайды? – деп күйінеді «Арнау» тұрғын-үй алабының тұрғыны Светлана Зиновьева.
Халық үніне құлақ аса ма?
Елорда аумағында балалар саны көші-қонға байланысты жыл санап артып келеді. Былтырдың өзінде 15 мектеп пайдалануға берілді. Биыл тағы 11 мектеп балақайларды қабылдайды деп жоспарланып отыр. Соның ішінде мемлекеттік 4 мектеп бар. Әр мектеп бір ауысымда 1 200 орынға дейін сыйдыра алады.
– Біздегі мектептер бір емес, екі ауысым бойынша жұмыс істейді. Сондықтан әр мектеп 2 400 оқушыға негізделген десе де болады. Мәселен, биыл Есіл ауданына қарасты «Саранда» тұрғын үй кешені, Ұлы дала даңғылы бойында екі ауысымға арналған жаңа мемлекеттік мектеп ашылады. Бүгінде құжат қабылдау жұмысы жүріп жатыр. №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің басшылығына өтініш жасап, 2 қабылдау комиссиясын сонда отырғыздық. Осылайша №95 мектепке қабылдау жүріп жатыр. Жалпы, аталған аумақта мектепке қатысты алаңдатарлық ахуал жоқ. Ал Binom мектептері болса, 1 ауысымда – 2 мың, 2 ауысымда 4 мың бала қабылдай алады. Бұл мектепте келісім бойынша 1-сыныпта бала саны 25-тен аспауы тиіс. Алайда Binom жекеменшік мектеп болғанымен, оқу бағдарламасы – стандартты. Әрине, материалдық-техникалық тұрғыда жабдықталуы жақсы. Ал білім беру бағдарламасы өзге мектептермен бірдей. Айта кету қажет, шаһардағы әр мектептің бекітілген шағын ауданы бар. Binom мектебінде де жағдай дәл солай. Тек бала саны 25-тен аспауы тиіс болғандықтан, орын саны аз. «Арнау» тұрғын үй кешенінің өзінде 12 ғимарат бар. Онда тұратын балалардың барлығын қамту мүмкін емес. Сондықтан ол учаскелер жаңадан ашылатын мектептерге беріледі. Орын тапшылығы мәселесін шешудің жолы осы, – деді Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы Асыл Амангелдіқызы.
Биыл 6 наурызда Мемлекет басшысының бұрынғы баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан мен Алматының әкімдеріне қала тұрғындарының өтінішіне құлақ асып, тұрғын үй кешендерінің жанынан биік үйлерді тығыз салуды тоқтатуға тапсырма берді. Мемлекет басшысы әлеуметтік инфрақұрылым, саябақтар мен балаларға арналған спорт алаңдарын салуға баса мән беру қажет деп санайды», деп жазған болатын.
Бас қаланың басшысы Президент сөзіне құлақ асқан тәрізді. Елорда әкімдігі әлеуметтік нысандары тапшы тұрғын үй кешендерінің құрылысы жөніндегі ұсыныстарды қабылдамады. Осылайша, қала әкімдігі «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында әлеуметтік нысандар құрылысына және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға ерекше назар аударып отыр.
А.Байтұрсынов көшесі, 7 («Хайвил» тұрғын үй кешені) мекенжайындағы учаскеде көппәтерлі тұрғын үй кешенінің орнына мектеп салынады. Бұдан басқа білім ошақтарында орын тапшылығын азайту мақсатында Р.Қошқарбаев даңғылы мен Ақыртас көшесі маңында «Хайвил» тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы тағы бір жалпы білім беретін мектеп салынады. Сонымен қатар Ақбұлақ шағын ауданында Қ.Жалайыри көшесінде Iconic тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылды. Мастер-жоспар бойынша бұл орын абаттандырылып, гүлзар орнатылады. Ал Есіл ауданындағы Мәңгілік Ел даңғылы бойындағы №9 емхана мен №77 мектеп-гимназиясы арасындағы учаскеде жоспар бойынша серуендеуге және демалуға арналған қоғамдық кеңістік (гүлзар) салынады. К.Күмісбеков көшесі, 9 мекенжайында 21 қабатты тұрғын үй кешені мен паркингтің орнына қоғамдық кеңістік пен гүлзар салынады.
М.Горький-Косыгин-Челюскинцев-Ишимская көшелерінің орамында тұрғын үй кешенінің орнына қоғамдық кеңістік салынады. Сонымен қатар Бас прокуратура мен Jysan Bank арасында – Мәңгілік Ел даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысындағы учаскеде көппәтерлі тұрғын үй кешенінің орнына тағы бір мектеп салынады.