Таным • 25 Мамыр, 2022

Икбал әлемі

23515 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында жаңашылдық-реформаторлық қозғалыстар шығыстағы мұсылман халықтар­дың рухани-мәдени даму жолының жаңа арнаға түсуіне айрықша ықпал етіп, отарлау қамытын киген бодан елдер үшін ұлттық ояну дәуіріне ұласқаны белгілі. Османлы елінде Танзиматпен бірге басталған жаңару кезеңі түркі халықтарында жәдитшілік қозғалысы деп аталса, Мысыр, Иран, Сирия, Үндістан сияқты мұсылман елдерде ол ыслахат-тәждит қозғалысына айналды. Бұл ретте сол кездегі Үндістанның ұлттық ояну дәуірінің көшбасында ұлы ойшыл Мұхаммед Икбал тұрғаны белгілі.

Икбал әлемі

ХХ ғасырдағы Руми

Пәкістанның ұлттық ақы­ны, ұлы ойшыл Мұхаммед Икбал 1877 жылы 9 қараша күні Кашмир маңына жақын Пенжаб штатының Сиалкот қа­ласында дүниеге келген. Әкесі – Нұр Мұхаммед Пәкіс­тандағы сопылық бағыттың өк­і­­лі болса, анасы Имам Би­бі үнемі жетім-жесірлерге жәрдем­десіп жүретін қайы­рымды жан екен. Мұсылман отбасында тәрбиеленген Икбал туған қала­­сында діни сауат ашып, кейін Сол­түстік Үндістанның ең таңдаулы оқу орындарының бірі Лахор үкіметтік кол­лед­жінде оқып, 1899 жылы Алтын медальмен тәмамдайды. Клас­си­калық білім алған ол Мәу­лана Мир Хасаннан араб және парсы тілдерін меңгеріп, үкі­меттік оқу орнында да атақты шығыстанушы, профессор Томас Арнолдтан білім алады. Сон­дықтан оның рухани кемел тұлға ретінде қалыптасуына шығыс ойшылдарымен қатар батыс философтары да ықпал еткен. Кембриджде оқыған ол әйгілі Гегель философиясының өкілі Мак Таггартпен танысып, философия саласын терең зерттеуге ден қояды. Кейін Мюнхенге көшіп, Фриц Хоммелдің жетек­шілігімен «Персиядағы метафизиканы дамыту» атты диссертациясын Гейдельберг уни­вер­ситетінде сәтті қорғап, Еуро­пада докторлық дәрежеге ие болған Пенджабтық алғашқы мұсылман атанады. 1908 жылы Үндістанға оралған соң заңгерлік білімін жалғастырып, құқықтық қызметпен айналысады. Алайда адвокат бола жүріп ол поэзия­дан қол үзбей, парсы және урду тілінде өлеңдер жазады. Оның поэзиясы Үндістанның ұлттық оянуы мен азаттық қозғалысын бейнелейтін жалынды жырларға айналды. Ал философия мен мистицизм тақырыптары да поэтикалық шығармашылығына терең мазмұн берді. Икбал алғаш­қылардың бірі болып Жәләл ад-Дин Румидің терең рухани жырларының ерекшелігіне назар аударды. Мұнда Румиді алғаш ағылшын тіліне аударған досы, әйгілі шығыстанушы ға­лым Николсонның әсері басым болған. Румидің Мәснәуи кітабын «көне парсы тіліндегі Құран» деп әспеттеген Икбал оны пір тұтты. Ол өз болмысын Румиден тапқанын «Армаған-и Хижаз» кітабында былай сипаттайды: «Мен Мәулана сияқты Қағбада азан шақырдым. Жан сырын ұғынуды одан үйрендім». Еуропада болған жылдары ол Румидің шығармаларын еу­ропалық философтардың еңбек­терімен салыс­тыра зерттейді. Оның 1915 жылы жарық көрген «Асрар-и Худи» атты кітабы Руми философиясын түсіндіруге арналған Үндістандағы ең маңыз­ды еңбектердің бірі саналады. Бұл ретте әйгілі шайырдың ұлы – Джавад Икбал: «Егер Румидің «Маснави» еңбегі осыдан мың жыл бұрыңғы қоғам үшін Құран­ды насихаттау болып саналса, Икбал шығармалары жиырмасыншы ғасырдағы мұсылман қауымы үшін философия мен ғылым туралы исламдағы рухани құндылықтарды түсіндіру болып есептеледі», деп жазды. Сондықтан Икбал поэзиясы мен философиясын зертте­ген ғалымдар ақынның рухани бас­тауы Жәләл ад-Дин Румиден бас­талады деп есептейді. Расында Икбалдың өзін «ХХ ғасырдағы Руми» деп бағалауға болады.

Шығыстың тағы бір ұлы шайыры Хафизді терең таныған сайын Икбалдың классикалық парсы әдебиетіне деген ықыласы арта түсті. Сондықтан ақын өлең­­дерін урду тілімен қатар пар­­сы тілінде де еркін жазған ақын ретінде бағаланады. Осы тілдер­дегі классикалық әдебиет поэтикасының ортақтығы ақынға бір тілден екінші тілге оңай ауысуға мүмкіндік берді. Оның поэ­зиясы урду, парсы әдебиетімен қатар Еуропа әдебиетінің ал­дыңғы поэтикалық дәстүрі мен мұсылман мәдениетінің рухани құндылықтарымен ерекше үйлесім тапты. Бұл тұрғыда ақынның поэтикалық әлемін Шы­ғыс пен Батысты түгел қамти­тын біртұтас кеңістік ретінде қарастыруға болады.

Икбал Еуропада оқып, қызмет еткен жылдары Шығыс өркениеті мен Батыс мәдениетін салыстыра бағамдап, мұсылман елдерінің артта қалу себеп­теріне үңілді. Ол «Еуропаның қуаты ғылымда» деп, надан молдалардың кесірінен мұсылман қоғамының бір­неше ғасыр бойы әлеуметтік-эконо­микалық артта қалу себептері туралы ой қозғай отырып, исламды жаңашыл үлгіде реформалау туралы қорытындыға ке­леді. Осылайша, ислам өркение­тінің құлдырау себептері ақын­ның басты мәселесіне айналды. Сондықтан «Мәселе ислам­да емес, мәселе біздің мұсыл­мандығымызда», деген ол шала сауатты дүмшелерге өткір сын айтты. Бұл ретте Икбалдың тұжырымдары Абайдың ойларымен ұштасып кетеді.

Әрине, Икбал Шығыс пен Батыстың ойшылдарынан нәр алып, рухани даму жолында қос өркениеттің құндылығын бойына тең сіңірген кемеңгер. Әсіресе ақынның философиялық ой орамдары Абайдың «толық адам» тұжырымымен астаса түседі. Икбал: «елдің бәрі «құдай бар ма?» деген сұрақ төңірегінде ізденсе, мен: «адам бар ма?», – деген сұрақты алға тартамын деп жазды. Икбалдың философиялық шығармаларының алтын түйіні де осы Жаратушының көркем сипаттарын бойына сіңірген «кемел адамды» іздеуге құралған. Икбал 1934 жылы жариялаған «Исламдағы діни ойды қайта құру» атты дәрістер жинағында: «Әр сәтте мінезі көркемдікпен көмкеріл­ген, Жаратушыдан сәуле алып, ілгері ұмтылған пен­­­дені – «кемел адам» – деп, си­­пат­­тайды. Ақынның дін фило­софия­сындағы ең маңызды қы­ры «кемел адамның иман, ой және ізденіс сатыларынан өту арқылы «Жаратушының ақи­қатына жететіні» туралы идеясы Абайдың «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңіндегі: «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жы­лы жүрек», – деген толық адам пайымымен сабақтасады. Түптеп келгенде, екі ойшыл да адам­ның кемелдікке жету сырын ашып, рухани жетілудің жолына жөн сілтейді. Сондықтан ислам қағи­даттарын сақтай отырып, сана­ны өзгертіп, жаңа заманға бейім­делу жолдарын ұсынған Икбал­ды жаңғыру мен жаңару дәуі­рін жүзеге асырушылардың бірі санауға болады. Икбалдың қай­та өрлеу идеялары исламды жандандыруды, әуелгі ислам құндылықтарын қал­пына кел­тіруді көздеді. Абайша айт­қан­­да, «Адамзаттың бәрін сүй бауы­рым деп» деген ұстаны­мы­на ұқсас идеяны үлгі етіп, ис­лам дінінің негізгі рухани құн­ды­лықтары – «бауырластық», «тең­дік», «әділдік» дегенді алға тартып:

Су менен саздан

арылмай тұрып,

Деймісің ұрымдық

әлде ауғандық.

Әуелі пендеміз – айырмасы жоқ,

Содан соң боласың үнді,

не түркістан­дық,

– деп жырлайды.

Икбал діни-философиялық шығарма­лармен қатар халқын ұлт-азаттық қозға­лысқа жете­лейтін отты жырлар да жазды. Ол қайраткер ақын ретінде мем­лекеттің саяси өміріне бел­се­не араласып, саналы ғұмы­рын Пәкістанды құру жолына арнады. Әсіресе Британ отаршылдарына қарсы шығып, Үндістан мұсылмандары үшін тәуелсіз мемлекет құруды мұрат етті. Пәкістан мемлекетінің құ­ры­луы жолында Икбал идеялары маңызды рөл атқарды. Қайраткер 1930 жылы жел­тоқсанда Аллахабадта Үндістан мұсыл­мандары одағының жи­на­лысында алғаш рет Пәкі­­с­тан идеясын жария етті. Көп ұза­май Лондонда өткен кон­фе­рен­цияда осы идеяларын жал­ғастырып, одан кейінгі кон­ференциялар мен кездесулерде, жазған мақалаларында Тәуелсіз Пәкістан туралы ойларын барынша жандандыра түсті. 1933 жылы Аллахабадта өткен Мұсылмандар лигасының отырысында Икбал идеясына айрықша мән берілді. Сондықтан көптеген ғалым Икбалды Үндіс­танда жеке мұсылман мемлеке­тін құру идеясының негізгі же­тек­шілерінің бірі ретінде ба­ғалап, оны Пәкістанның рухани әкесі деп санайды.

Икбал және түркі әлемі

Икбал өзі Үндістанда бол­ғанымен, қуатты қаламынан төгілген жаңашыл жырлары ар­қы­­лы түркі-мұсылман әле­мі­нің ынтымақ-бірлігі мен құн­ды­­лықтарын жырға қосты. Шерлі шайыр­дың ұлт-азаттықты наси­хаттаған жырлары Мехмет Акиф Ерсой, Зия Гөкалп сын­ды түрік ақындарының өлең­де­рімен сарындас болды. Бұл ретте Икбалдың Осман түрік­терін қолдап жазған жырлары отаршылдыққа қарсы поэзия­сының арқа-тірегіне айналғанын айрықша атап өткен жөн. Сон­дықтан І дүниежүзілік соғыс пен түрік ұлт-азаттық күресі кезінде үнді мұсылмандары Түркияға қаржылай көмек жіберіп, демеу берді. Әсіресе 1911 жылы жарық көрген «Траблусгарб шәйіті» туралы жырында Ик­бал өзін құзырына шақырған пайғамбарға жұмақта жоқ айрық­ша сыймен келгенін айтып, Алланың елшісіне Траблусгарб (Триполитания) шәйітінің қаны тамған шишаны ұсынғанын тебірене жазды. Бұл Осман елінде үлкен серпіліс туғызды.

XX ғасырдың басында мұ­сылман елдерінің көпшілігі Пә­кістан мен Түр­кия­ның қауіпсіздік мәселелеріне алаңдап, бір-біріне жақындай түскенде Пәкістанның негізін қалаушы Мұхаммед Әли Джинна Түркиямен қарым-қаты­насты жақсарту қажеттілігіне баса назар аударды. Сондықтан Үндістан мұсылмандары Түр­кия Республикасына қолдау көрсетуін үдете түсті. Осы тұс­та Үндістанның рухани көсе­мі Икбал да Мұстафа Ке­мал Ататүріктің ерлігін өлең-жыр­ларына қосты. Ол туралы Мұхам­мед Икбал: «Ұлтын құтқарушы сән-салтанатымен жолға шық­қанда, Ғасырлар бойы зынданда қалғандар тұтқа тесігінен сығалады», деп жазды. Икбал Ататүрікті үлгі ете отырып, өз ұлтына жаңа серпін беріп, ұлттық идеология қалыптастыруды көздеді. Ол осы жолда демократия мен әлеуметтік әділеттіліктің шеңберіндегі жаңа мем­лекеттің негізін қалауға атсалысты. Ик­бал шығармаларындағы Ата­түріктің азаттық тұлғасы Үнді мұсылмандарының идеяларына үлгі болды. Ол туралы ақын: «Бүгінде мұсылман елдер арасында догматикалық ұйқыдан оянған жалғыз мемлекет болса ол – Түркия. Мұсылман мемле­кеттерінің арасында Түркия ғана интеллектуалды бостандық құқығын іздеді. Тек Түркия ғана идеалдан шындыққа жете алды», деп жазды. Икбал Ататүріктің реформаторлығы мен ерліктерін ағылшындарға қарсы үнді мұсылмандарына үлгі етуге тырысты. Ол 1922 жылы «Кемал пашаға арнау» деген жырында: «Арғымағың болдырғанша, тоқтама, Біз сақтандық, қор болдық, Саған сақтық не керек?!!» деп жазды. Осылайша, Икбал британдық империа­лизмге қарсы күресте Ататүріктің ұлт-азаттық күресіндегі жеңісі ар­қы­лы халқын жігерлендірді. Икбалдың түрік­тердің даңқты жеңісін өлеңмен өрнек­теп, жыр жазуы Түркия мен Үндістан халықтарының достығын одан әрі жа­қын­дата түсті. Ал 1947 жылы Пәкістан мем­лекеті құрылған кезде Түркия бұл оқиғаны жылы қабылдап, алғаш болып қолдау көрсетті.

Ататүрік пен Икбалдан бас­тал­ған рухани байланыстар түркі әлеміне жаңа серпін беріп, бауырластықты бекемдей түсті. Мәселен, өткен ғасырдың ба­сында бірқатар түркістандық Пәкіс­­таннан пана тапқанда, шетте жүріп Түркістан азаттық мұратын жалғасты­ратын бірлестіктер құрды, түрлі басы­лымдар жария­лады. Осылардың қата­рын­да «Түркістан түрік босқындары қауымдастығы» мен урду және түрік тілдерінде екі айда бір шығатын «Таржуман-и-Афкар» журналын жарқын мысал етуге болады. Сол сияқты 1953 жылы 22 қазанда Карачидегі «Нигар» қонақ­үйінде Баймырза Хайыттың құрме­тіне Түркістан босқындары қауым­дастығының кездесуі өтті. Осы кез­де­суде «Түркістан босқындары қауым­дастығы» Бас хатшысы әрі «Таржуман-и-Афкар» журналының редакторы Мау­лана Азам Хашми 1933 жылдан бері штаб-пәтері Үндістанның Дели қаласында орналасқан «Түркістан Прессі» және «Мұхажир» деп аталатын баспалар бірлестігінің жемісті жұмыс істеп келе жатқанын, Пәкістанда 2500-ге жуық түркі­с­тандық босқындар өмір сүріп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Германияда шығатын «Милли Түркістан» басылы­мында 1952 жылы шілде айындағы санында жарияланды. Сондықтан Түр­кістан мұхтарияты құлағаннан кейін түрлі елдерде жалға­сын тапқан азатшыл-мұғажырлар қоз­ға­лысының бір бағыты Пәкістанда қолдау табуына Икбал салған достық байланыстардың ықпалы болды деуге негіз бар.

Сонымен қатар қазақ даласына зобалаң әкелген патша өкіметінің шеңге­лінен қашып шетел асқан қазақтар да Ги­малай асып, Түркияға жеткені мәлім. Сол кезде мыңдаған қазақтар Пәкіс­танды паналап, жан сақтап қалды. Дерек­көздерге сүйенсек, Үндістанның Бхо­пал жеріне барған қазақтар өздері тұрған лагерьді «Қазақабад» деп атаған екен.

Икбал мұрасы

Икбал өткен ғасырдағы ең ықпал­ды ақын әрі ғалым ретінде артына бай мұра қалдырған тұл­ға. Оның ғылы­ми және поэ­­тикалық мұрасы еуропа­лық және дәстүрлі шығыс руха­ни құнды­лықтарымен тығыз өрілген. Ақын­ның филосо­фия­лық ілімі – мұсылман қо­ғамын­дағы әлеуметтік-саяси және діни-­этикалық сипаттағы өзек­ті мәселе­лерді шешуге ық­пал етсе, жалынды жырлары мен үндеулері сол дәуірдегі қоғам­ның түрлі салаларындағы ғалым­­дар мен көрнекті қайрат­керлердің жүрегіне шуақ болып құйылды. Әли-Мұхаммед, Әли Джаухар және Шаукат Әли сынды Үндістанның әйгілі көсемдері бри­тандықтарға қар­сы ұлт-азаттық көтері­ліс ке­зінде Икбал поэзиясынан қуат алды. Мұхаммед Әли Джин­на Икбал­дың Үндістандағы мұ­сылмандық біре­гей­лікті қа­лып­тастырудағы және Пәкі­с­­тан­­ның құрылу жолындағы не­гізгі реформаторлығына бас иіп, мойындаған. Сондықтан Пәкістан Үкіметі бүгінде Ик­балды ұлттық ақын деп ұлықтап, «Икбал күнін» мемлекеттік мереке ретін­де атап өтеді. Сонымен бірге ол «Шы­ғыс шайыры», «Пәкістанның құру­шы­сы» деп те ардақталады.

Ұлы ойшылдың мұрасын зерделеу оның реформаторлық қызметінің негізгі бағыттарын айқындауға, ислам дінінің мәні мен жалпы қоғамдағы орны туралы көзқарастарын анықтауға мүмкіндік береді. Оның фило­софиялық шығармалары Батыс пен Шығыс мәде­ниетінің өзара әрекеттесуі тұрғысынан ерекше қызығушылық тудырады. Ақын­ның «Мендік құпиялары» (Асрар-и Худи, 1915), «Риясыз­дық құпиялары» (Румуз-е-Беху­ди, 1917), «Шығыс жол­дауы» (Паям-и-Машрик, 1923), «Ке­руен дауысы» (Баң-и Дера, 1924), «Жа­вид­наме» (1932), «Жи­һангез» (1934), «Жәбірейіл қанаты» (1935), «Шы­ғыс халық­тарына не істемек керек?» (1936), «Мұсаның таяғы» (Зарб-и-Ка­­лим, 1936) атты өлеңдер жина­ғы мен «Персиядағы метафи­зиканың дамуы» (1908), «Ислам­дағы діни ойды қайта құру» (1934), «Хижаз сыйы» (Ар­маган-и-Хиджаз, 1938) сынды ғы­лы­­ми мұралары адамзат ақыл-ой қа­зы­на­ларының алдыңғы қатарынан орын алған әлемдік шығармаларға жатады. Ақынның «Мендік құпиялары» еңбегі батыс материализмі мен класси­калық парсы поэзиясы дәстүрінің ық­па­лындағы сопылық іліміне қа­тыс­ты сыни тұжырымдарын және Құ­ран­ға негізделген «кемел адам» ілімін қамтиды. Оның философиялық шығар­малары Батыс пен Шығыс мәдениетінің байланыс­тары тұрғысынан ерекше қызы­ғушылық тудырады.

Еуропаның барлық ақыны мен философының ішінен Икбалға ең жақыны Гете болды. Икбал ақынның «Джалал-о-Гете» (Джалал мен Гете) деген өлеңі бар. Шын мәнінде, Икбал өнернамасында Гете мен Руми рухы үйлесім тауып тел­ағысқа айналады, сол себеп­тен оның дүниетанымында Шы­ғыс пен Батыс екі бөлек әлем емес, керісінше бірі-біріне жарасым тапқан біртұтас құбы­лысқа айналады. Ақынның аталған өлеңінде екі данышпан жұмақта суреттеліп, олардың арасында рухани сұхбат өрбиді. Гете Румиге доктор Фауст, ібі­ліс пен Құдіретті ие туралы шығармасын оқып береді. Икбал Гете­нің «Батыс диуаны» еңбегіне назира түрінде жазған «Шығыс жолдауы» шығармасында: «Мен Гетенің «Шығыс диуа­нына» жауап ретінде парсы өлеңдерінің жинағын жаздым. Еңбегімде парсы әдебиетінің неміс әдебиетіне қалай әсер еткенін көрсетуге тырысамын», деп жазды.

Икбал мұрасы шығыс тілде­рімен қатар көптеген Еуропа тіліне де ауда­рылды. Пәкістанда, Үндістанда, Ұлы­британияда, Канадада және басқа елдерде дана ақынның шығармашылық мұрасын зерттеу үшін ғылыми мекмелер құрылып, икбалтанушы мамандар бірнеше батыс елінде сабақ береді. Пәкіс­­танда мектептердің оқу бағдар­ламаларына Икбал шығарма­лары, әсіресе оның поэзиясынан үзінділер енгізілген. Әлемнің бірқатар елінде ол туралы ғылыми диссертациялар қор­ғалып, ке­меңгердің өмірі мен шығар­мала­рына арналған еңбектер жарық көріп келеді. Лахорда ойшыл ақынның мұрасын зерттейтін Икбал академиясы жұмыс істей­ді. Біз 2019 жылы желтоқсан айындағы Пәкістан сапарымызда Лахор қаласына арнайы барып, академияға бас сұғып, ұлы ойшылдың мәңгілік мекеніне тағзым еттік.

Осыған қарамастан ғалым­дар Икбал мұралары әлі де лайық­ты бағасын алған жоқ де­­ген пікірлерді алға тартады. Бірі­н­шіден, ақын туралы өт­кен ғасырда жарияланған ең­бек­терде оның поэзиясы мен фило­софиялық шығармаларында айтылған жан-жақты ойлар қамтылмай келді. Екіншіден, Икбал көбіне Ницше, Бергсон, Гете және Данте сынды танымал еуропалық ойшылдармен салыстырылып, оның шығыс философиялық қырлары ашылмай қалуда. Бергсонмен жақын дос болған ойшыл, оған ислам философиясы бойынша көп­теген тың дерек ұсынды. Икбал негізінен ақын ретінде қарас­тырылып, оның прозасында айтылған шығысқа тән даналық ой-тұжырымдардың қыры толық танылмай келді. Алайда бүгінде Икбалдың шығармаларына айрықша көңіл бөлініп, прозалық зерттеулерде де ілгерілеу байқа­лады. Орталық Азия елдері ішінде Өзбекстан мен Тәжікстанда Икбал мұрасын зерттеу бойынша шығармалар жазылып, диссертациялар қорғалды. Ал Қазақстанда ақынның бірнеше өлең жолдары тәржімаланғаны болмаса, арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстары кездеспейді. Сондықтан Икбал­дың ислам өркениетіне қосқан үлесі, азаттықты жырлаған сана­лы ғұмыры, лирикаға толы поэзиясы, «кемел адам» ілімі туралы тұжырымдары және шы­ғыс ғұламаларымен, әсіресе қазақ руханиятының көрнекті тұл­ғалары шығармаларымен салыс­тырыла зертте­луі қажет. Әсіресе Икбалдың Руми ар­қылы Ясауидің сопылық ілімін қабыл­дап, оны Шығыс пен Батыс әлеміне та­ны­т­­­қан еңбегі, Фарабиден бастау алатын философиялық мұралары сараланып, кеңінен зерделенуге тиіс деп ойлаймыз.

Түркі академиясы 2020 жы­лы Ик­бал елінде Ислам Ынты­мақтастығы Ұйы­мының Тұрақты комитетімен (COMSTECH) бірлесіп, Жаһандық Әл-Фараби форумын ұйымдастырған болатын. Енді ұлы ойшылдардың мұра­сын насихаттау мақсатында алғаш рет Қазақстанда Икбал форумын өткіз­гелі отыр. Мұхаммед Икбалдың 145 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген бұл форумға Пәкістан мен әлемінің басқа да елдерінен танымал икбалтанушы ғалымдар қатысып, ұлы ақынның мұралары ұлықталмақ. Бұл бастаманы Икбал мұрасын елімізде зерделеудің жаңа белесі деп бағалауға болады.