Театр • 31 Мамыр, 2022

Қазақ режиссері халықаралық байқауда жеңімпаз атанды

830 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театрының режиссері Еренбақ Тойкенов Мәскеуде өткен «Нано-Опера» V халықаралық жас опера режиссерлері байқауында екінші орын иеленген алғашқы қазақстандық атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақ режиссері халықаралық байқауда жеңімпаз атанды

«Нано-Опера» байқауы 2013 жылдан бері екі жылда бір өтеді. Жоғары кәсіби қазылар алқасының құрамында көркемдік жетекшілер, жетекші халықаралық опера театрларының директорлары мен режиссерлері, танымал театр менеджерлері мен продюсерлері бар.

«Бұл байқау жас опера режиссерлеріне арналған. Жас режиссерлер үшін театр әлеміне жолдама десек те болады. Халықаралық байқаудың маңызы зор, оның үстіне опера ең қымбат өнер түрі. Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу мен турдың нәтижесінде соңында 6 үміткер ғана қалдық. Жалпы 200-ден астам адам қатысты. Олардың көбісі режиссер болып жұмыс істеп жүргендер», деді Еренбақ Тойкенов тілшілерге берген сұхбатында.

Отандасымыз халықаралық байқау барысында бірнеше қойылымнан үзінді көрсеткен. Атап айтсақ, «Сибирский цирюльник», «Кармен» және хор туындылары.

Сондай-ақ Еренбақ Тойкенов негізгі жүлдеден бөлек, медиа саласы бойынша ірі басылымдардың «Опералық режиссура өнеріне деген жасампаз көзқарасы үшін» және «көрермендер көзайымы» сынды 2 арнайы сыйлығына ие болған.

Салтанат Кенжебай