Қоғам • 07 Маусым, 2022

Әуелгі басымдық балаларға беріледі

274 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйе­сінің жұмысы жыл санап сәтімен жүзеге асып келе жатқаны анық. Әсіресе, балаларды емдеу мәселесінде ілкімді істер атқарылып келеді. Мәселен, 2022 жылдың 1-тоқсанында бала­ларға аталған жүйе бойынша 2,77 млн-нан астам стома­тологиялық қызмет көрсетілді. Алайда жүйелі жұмыс, маңыз­ды міндет мұнымен шектеліп қалмайтыны белгілі.

Әуелгі басымдық балаларға беріледі

Айта кету қажет, елімізде 18 жасқа дейінгі балалар мемлекет есебінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйе­сінде жеңілдікке ие санаттың бірі ретінде сақтандырылады. Олар МӘМС есебінен жоспар­лы және шұғыл түрдегі стоматологиялық көмек алуға құқылы. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры биылғы 1-тоқсанның қоры­тын­дысына сәйкес балаларға 2,77 млн-нан астам стоматологиялық қызмет көрсетті.

Жалпы, елімізде балалардың мүддесін қорғау және құқықтарын қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым міндеттерінің бірі саналады. Соның жарқын дәлелі ретінде 2022 жылды Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылы деп жариялады. Осыған байланысты, елімізде әртүрлі жарқын жобалар мен ілкімді іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Қазақстанда 16 мамыр мен 16 маусым аралығында «Балаларға күлкі сыйла!» республикалық акциясы өтуде. Осы акцияның аясында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиал­дары денсаулық сақтау басқар­маларымен, медициналық ұйым­дармен және басқа да мүдделі құрылымдармен бірлесіп ба­лаларға профилактикалық сто­ма­тологиялық тексерулер жүр­­гізеді. Бұл ретте ин­тер­нат­тардың, балалар үйлерінің, медициналық-әлеуметтік меке­ме­лер­дің 18 жасқа толмаған тәрбиеленушілеріне, аз қамтылған отбасылардың балаларына жіті көңіл бөлінеді.

– Бүгінде балалар арасында тістің жетілуіне қатысты ақаулар жиі кездеседі. Әсіресе, пульпит жиі ұшырасады. Тістері кеш шығып, қисық өседі. Мұның бәріне ата-ананың балаға тамақтың қатты түрлерін бермеуі себеп болып отыр. Бала алма, сәбіз, печенье, құрт, ет сияқты қатты тағамдарды қаншалықты көп жейтін болса, тіс те соғұрлым жақсы жетіледі. Ата-аналар көбінесе балаларға жұмсақ тамақ береді. Балалар пюре, йогурт секілді тағамдарды шайнамай жұтады. Бұл тіс-жақ жүйесінің дамуына зиянын тигізеді. Сонымен қатар балалар фаст-фуд, тез дайындалатын тағам, газдалған тәтті сусындарды жақсы көреді. Бұл тағам түрлері тістің ерте бұзылуына әкеліп со­ғады. Сондықтан адамның сау тістері ұзақ сақталуы үшін бала кезден дұрыс стоматологиялық күтімді сақтау керек, – деді «Ба­лаларға күлкі сыйла!» акциясына қатысушы, астаналық Еr-Stom стоматологиялық клиникасының стоматолог дәрігері Айнұр Нұр­ғалиева.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 18 жасқа тол­маған балалар жеңілдік санатына кіретінін және олар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейтінін еске салады. МӘМС жүйесінде балалар шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмекпен қамтылады. Мәселен, биылғы 1-тоқсанда балаларға бас-аяғы 8 млрд теңгеге стоматологиялық қызмет көрсетілді. 

Стоматологиялық көмек па­циент­тің медициналық ұйымды еркін таңдауы негізінде іске асады. Яғни учаскелік дәрігердің жолдамасы талап етілмейді. Қыз­меттерді алу үшін қормен келі­сімшарты бар жеке стоматологияны таңдауға немесе өз емханаңыздың стоматологиялық кабинетіне жүгінуге болады. Елімізде МӘМС аясында 600-ден астам медициналық ұйым стоматологиялық қызмет көр­сетеді. Ал МӘМС бойынша сто­матологиялық көмекті кім ала алады? Оны да айтайық. Бүгінде жос­парлы стоматологиялық көмек МӘМС пакетімен балалар, жүкті әйелдер үшін қарастырылып отыр.

Шұғыл стоматологиялық кө­мек ала алатын азаматтар қата­рында 18 жасқа толмаған балалар, жүкті әйелдер, ҰОС қатысушылар және оларға теңестірілген тұл­ғалар, I, II, III топтағы мүгедектер, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иесі саналатын көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер бар. Сонымен қатар шұғыл стоматологиялық көмекті жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар, ерекше қажеттіліктері бар балаға немесе бала кезінен

I топтағы мүгедекке күтім жасай­тын (жұмыс істемейтін) қазақ­стандықтар ала алады.

Ал МӘМС-те  пациенттердің осы санаттары үшін анестезия, жақ немесе тіс рентгенографиясы, тіс жұлу, пломбаны дайындау және салу, периостотомия, пульпит, периодонтит, стоматиттің жедел түрлерін, альвеолитті емдеу, абсцессті ашу қызметтері тегін көр­сетіледі.