Айта кету қажет, елімізде 18 жасқа дейінгі балалар мемлекет есебінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жеңілдікке ие санаттың бірі ретінде сақтандырылады. Олар МӘМС есебінен жоспарлы және шұғыл түрдегі стоматологиялық көмек алуға құқылы. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры биылғы 1-тоқсанның қорытындысына сәйкес балаларға 2,77 млн-нан астам стоматологиялық қызмет көрсетті.
Жалпы, елімізде балалардың мүддесін қорғау және құқықтарын қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым міндеттерінің бірі саналады. Соның жарқын дәлелі ретінде 2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылы деп жариялады. Осыған байланысты, елімізде әртүрлі жарқын жобалар мен ілкімді іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Қазақстанда 16 мамыр мен 16 маусым аралығында «Балаларға күлкі сыйла!» республикалық акциясы өтуде. Осы акцияның аясында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалдары денсаулық сақтау басқармаларымен, медициналық ұйымдармен және басқа да мүдделі құрылымдармен бірлесіп балаларға профилактикалық стоматологиялық тексерулер жүргізеді. Бұл ретте интернаттардың, балалар үйлерінің, медициналық-әлеуметтік мекемелердің 18 жасқа толмаған тәрбиеленушілеріне, аз қамтылған отбасылардың балаларына жіті көңіл бөлінеді.
– Бүгінде балалар арасында тістің жетілуіне қатысты ақаулар жиі кездеседі. Әсіресе, пульпит жиі ұшырасады. Тістері кеш шығып, қисық өседі. Мұның бәріне ата-ананың балаға тамақтың қатты түрлерін бермеуі себеп болып отыр. Бала алма, сәбіз, печенье, құрт, ет сияқты қатты тағамдарды қаншалықты көп жейтін болса, тіс те соғұрлым жақсы жетіледі. Ата-аналар көбінесе балаларға жұмсақ тамақ береді. Балалар пюре, йогурт секілді тағамдарды шайнамай жұтады. Бұл тіс-жақ жүйесінің дамуына зиянын тигізеді. Сонымен қатар балалар фаст-фуд, тез дайындалатын тағам, газдалған тәтті сусындарды жақсы көреді. Бұл тағам түрлері тістің ерте бұзылуына әкеліп соғады. Сондықтан адамның сау тістері ұзақ сақталуы үшін бала кезден дұрыс стоматологиялық күтімді сақтау керек, – деді «Балаларға күлкі сыйла!» акциясына қатысушы, астаналық Еr-Stom стоматологиялық клиникасының стоматолог дәрігері Айнұр Нұрғалиева.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 18 жасқа толмаған балалар жеңілдік санатына кіретінін және олар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейтінін еске салады. МӘМС жүйесінде балалар шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмекпен қамтылады. Мәселен, биылғы 1-тоқсанда балаларға бас-аяғы 8 млрд теңгеге стоматологиялық қызмет көрсетілді.
Стоматологиялық көмек пациенттің медициналық ұйымды еркін таңдауы негізінде іске асады. Яғни учаскелік дәрігердің жолдамасы талап етілмейді. Қызметтерді алу үшін қормен келісімшарты бар жеке стоматологияны таңдауға немесе өз емханаңыздың стоматологиялық кабинетіне жүгінуге болады. Елімізде МӘМС аясында 600-ден астам медициналық ұйым стоматологиялық қызмет көрсетеді. Ал МӘМС бойынша стоматологиялық көмекті кім ала алады? Оны да айтайық. Бүгінде жоспарлы стоматологиялық көмек МӘМС пакетімен балалар, жүкті әйелдер үшін қарастырылып отыр.
Шұғыл стоматологиялық көмек ала алатын азаматтар қатарында 18 жасқа толмаған балалар, жүкті әйелдер, ҰОС қатысушылар және оларға теңестірілген тұлғалар, I, II, III топтағы мүгедектер, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иесі саналатын көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер бар. Сонымен қатар шұғыл стоматологиялық көмекті жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар, ерекше қажеттіліктері бар балаға немесе бала кезінен
I топтағы мүгедекке күтім жасайтын (жұмыс істемейтін) қазақстандықтар ала алады.
Ал МӘМС-те пациенттердің осы санаттары үшін анестезия, жақ немесе тіс рентгенографиясы, тіс жұлу, пломбаны дайындау және салу, периостотомия, пульпит, периодонтит, стоматиттің жедел түрлерін, альвеолитті емдеу, абсцессті ашу қызметтері тегін көрсетіледі.