Қоғам • 22 Маусым, 2022

Әуелгі назарды әлеуметтік қолдауға аударған жөн

280 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жаңа Қазақстанның алдында тұрған жарқын міндет – жұртты жұдырықтай жұмылдырып, ұлтты балталаса бұзылмайтындай етіп ұйыстыру. Әрине, жылдар жылжыған сайын тұрғындардың тұрмысы түзеліп, белгілі бір деңгейде жағдайы жақсарып келеді. Алайда бес саусақ бірдей емес. Өмір болған соң адамзат баласы түрлі қиындықтарға тап болып, оқыс оқиғаларға ұшырап жатады. Сондықтан әлеуметтік көмек көрсету, қолдау шаралары жолға қойылған мемлекетте ғана халықтың өмір сапасы артады, ұлт болып ұйысады.

Әуелгі назарды әлеуметтік қолдауға аударған жөн

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

3 464 адам арнайы әлеуметтік қызметпен қамтылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр ре­зервіне өткен азаматтармен кездесуде «Алдағы кезеңде ХХІ ғасырдың та­бысты мемлекетін құруға дайын кәсіп­керлердің, ғалымдардың, мәдениет қай­раткерлерінің, инноваторлардың және басқа да талантты жастардың жаңа буынына белсенді қолдау көрсетеміз. Түрлі салаға жауапкершілікті алудан, қалыптан тыс және тиімді шешім­дер қабылдаудан қорықпайтын жаңа фор­мациядағы басқарушылар тобы қажет. Мысалы, қазір біз мемлекеттің әлеуметтік саясатының оңтайлы моделін қарастырып жатырмыз. Соның ішінде өзектісі атаулы әлеуметтік көмек мәсе­лелері болып тұр. Мемлекет шын мә­нінде мұқтаж адамдарға көмектесуге тиіс. Үкімет жәрдемақыны табыстарына қарамастан барлық көпбалалы отбасына беруге ниетті. Бұған қоса аз қамтылған отбасылардың балалары кепілді әлеуметтік пакетті алады. Мек­тепке дейінгі балаларға қамқорлық жасалады. Аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға тегін ыстық тамақ, сабаққа барып-келетін жолақы­сы, мектеп формасы мен қажетті керек-жарақтар беріледі. Мұның бәрі әрине мемлекет есебінен», деген болатын.

Президент айтып өткендей, мемлекет шын мәнінде мұқтаж адамдар­ға көмектесуге тиіс. Онсыз әлеуметтік тұрғыда осал топтардың көсегесі кө­геріп, берекесі кірмейтіні белгілі. Бұл ретте, ел астанасында дәл осы ба­ғыт­та бірқатар маңызды жұмыстар ат­қа­рылып жатқанын айтуға болады. Мәселен, бүгінде елорданың 3 мыңнан астам тұрғыны әлеуметтік қызмет көр­сету орталықтары арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер алады. Бұл мекемелерге қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдар хабарласады. Сонымен қатар стационар, жартылай стационар, үйде күтім жасау немесе уақытша көмек алуға мүмкіндік бар.

Бас шаһардағы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы ведомстволық бағыныстағы 10 меке­менің қызметін үйлестіреді. Олардың 6-ы тұрмыстық қиын жағдайға тап бол­ған адамдарға стационар, жартылай стационар, үйде күтім жасау және уақытша болу жағдайларында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Бұл орта­лықтардың қызметтер тізімінде – әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, ең­бек, мәдени, экономикалық және әлеу­меттік-құқықтық көмек бар. «Арнаулы әлеуметтік қызметтермен биыл 3 464 адам қамтылды. Соның ішінде мемле­кеттік мекемелер – 2 268 адамға, үкімет­тік емес ұйымдар 1 196 адамға қолдау көрсетті», деді Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қор­ғау басқармасының басшысы Илья Скуб.

Мәселен, елордада «Шарапат» әлеу­меттік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық мүгедектігі бар адамдар мен зейнеткерлік жасқа жеткен, өз бетінше жүріп-тұра алмайтын және денсаулығына байланысты әлеу­меттік қызмет алуға мұқтаж қарт адамдардың стационар жағдайында тәулік бойы тұрақты немесе уақытша тұруына арналған. Сондай-ақ үйде мүмкіндігі шектеулі адамдарға және өзіне-өзі қызмет көрсету қабілетін іші­­нара жоғалтқан қарт азаматтарға кө­мек көрсетіледі. Орталықтың қамқор­лығында 782 адам бар. Соның 300-і
– стационарда болса, қалғандарына үйінде қызмет көрсетіледі. Орталықтың жұмысын 286 қызметкер қамтамасыз етеді.

Мүмкіндігі шектеулінің мүддесі

«Нұрлы жүрек» әлеуметтік қыз­мет көрсету орталығы психоневрология­лық патологиясы бар 3 жастан 18 жас­қа дейінгі мүгедек балалардың тәулік бойы тұрақты немесе уақытша тұруы­на арналған. Бүгінде қамқорлыққа алынғандардың саны 252 баланы құрайды. Олардың 111-і стационар жағдайында, 141-і жартылай стационар жағдайында қызмет алады. Ал Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қамқор» әлеуметтік қыз­мет көрсету орталығы» стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж, психоневрологиялық аурулары бар бірінші, екінші топтардағы 18 жастан асқан адамдардың тәулік бойы тұрақты немесе уақытша тұруына арналған. Қамқорлыққа алынушылар саны 370 адамды құрайды. Соның ішінде бірінші топтағы мүгедектігі барлар – 75, ал екінші топтағы мүгедектер саны – 295 адам», деді спикер.

Бұған қоса, елордада қиын жағ­дай­ға тап болған адамдарды қайта әлеу­мет­тендіру орталығы жұмыс істейді. Мұн­да уақытша (бір жылға дейін) тәулік бойы немесе тек түнгі уақытта белгілі бір тұр­ғылықты жері жоқ жандарға, сон­дай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған немесе пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға қол­дау көрсетіледі. Биыл орталық 235 адам­ды қамқорлығына алды. Со­ның 87-сі – күндізгі, 148-і түнгі бөлімге қабылданды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құр­бан­дарымен қалада «Үміт» дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Қиын жағдайға тап болған жандар осы орталықта жарты жылға дейін тәулік бойы бола алады. Қазіргі таңда стационар жағдайында 69 адам тұрып жатыр. Соның арасында 19 әйел және 50 бала бар. Бұдан бөлек, шаһардағы «Жансая» әлеуметтік қыз­мет көрсету орталығына тұрғылықты жері бойынша үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алу үшін мүгедектігі бар балалар мен психоневрологиялық патологиясы бар мұқтаж адамдар жүгіне алады. Аталған орталықта 560 адам қамтылып, түрлі қолдау шаралары көрсетілді.

Үкіметтік емес ұйымдардың да үлесі бар

«Қарттарға, мүгедек адамдарға және мүгедек балаларға арналған оңал­ту орталығы санаторий-курорттық ­емдеу, оңалту қызметтерін көрсету мақса­тында жұмыс істеп келеді. Бүгінде осы орталықтың қамқорлығында бас-аяғы 815 адам бар. Соның 756-сы зейнеткерлер болса, ҰОС қатысушылары, мүге­дектері және жеңілдіктер бойынша оларға теңестірілген адамдар саны – 57. Қуғын-сүргінге ұшы­рағандар – 2. Соны­мен қатар қалада бел­сенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық 2 662 зей­­неткерге қызмет көрсетеді. 2021 жылдың қараша айы­нан бастап орта­лық коммуналдық мем­лекеттік мекеме мәртебесін алды», деді И.Скуб.

Ведомство басшысының айтуынша, елорданың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдарды арнау­лы әлеуметтік қызметтер көрсету бөлігінде қаржыландыруды іске асырады. Мәселен, бүгінде бас қалада өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға стационар, жартылай стационар және үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 8 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді.

«Үкіметтік емес мекемелердің қыз­меті бірқатар бағыттар бойынша бөлі­неді. Мәселен, психоневрологиялық пато­логиясы бар балалар, аутистік спектр­дің бұзылуы бар балалар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар, жалпы аурулары бар бірінші-екінші топтағы мүгедектігі бар және психоневрологиялық патологиясы бар бірінші-екінші топтағы мүгедектер. Аталған мекемелердің қызметі жыл сайын шамамен 700 адамды қамтиды», деді спикер.

Жұмыс істеп тұрған ҮЕҰ қатарында «Балам-ай» мүгедек балаларды қолдау қайырымдылық қоры» қоғамдық қоры бар. Онда жартылай стационар жағда­йындағы қызметпен 224 адам қамтыл­ды. «Астана қаласының мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық бірлестігі болса, 225 адамға үйде күтім көрсетеді. «Орда» елорданың аутизмі бар балалар ата-аналарының бірлестігі» қоғам­дық бірлестігі 282 адамды үйде күтім көр­сету қызметімен қамтып отыр. Erekshe Analar қоғамдық қоры болса, жартылай стационар жағдайында 141 адамға қызмет көрсетіп келеді. «Береке Астана» мүгедектер бірлестігі» қоғамдық бір­лестігі 139 адамға үйде күтім көрсетіп жүр. «Күн әлемі» қоғамдық қоры үйде күтім көрсету қызметімен 59 адамды қамтып отыр. «АСТ Астана әлеуметтік технологиясы» қоғамдық бірлестігі жартылай стационар жағдайында 99 адамға көмек көрсетеді. Ал «Қорғау – Астана» жеке қоры адам саудасының құрбаны болған 6 адамды және тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың құрбанына айналған 21 адамды қолдау шараларымен қамтып келеді.