Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
3 464 адам арнайы әлеуметтік қызметпен қамтылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервіне өткен азаматтармен кездесуде «Алдағы кезеңде ХХІ ғасырдың табысты мемлекетін құруға дайын кәсіпкерлердің, ғалымдардың, мәдениет қайраткерлерінің, инноваторлардың және басқа да талантты жастардың жаңа буынына белсенді қолдау көрсетеміз. Түрлі салаға жауапкершілікті алудан, қалыптан тыс және тиімді шешімдер қабылдаудан қорықпайтын жаңа формациядағы басқарушылар тобы қажет. Мысалы, қазір біз мемлекеттің әлеуметтік саясатының оңтайлы моделін қарастырып жатырмыз. Соның ішінде өзектісі атаулы әлеуметтік көмек мәселелері болып тұр. Мемлекет шын мәнінде мұқтаж адамдарға көмектесуге тиіс. Үкімет жәрдемақыны табыстарына қарамастан барлық көпбалалы отбасына беруге ниетті. Бұған қоса аз қамтылған отбасылардың балалары кепілді әлеуметтік пакетті алады. Мектепке дейінгі балаларға қамқорлық жасалады. Аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға тегін ыстық тамақ, сабаққа барып-келетін жолақысы, мектеп формасы мен қажетті керек-жарақтар беріледі. Мұның бәрі әрине мемлекет есебінен», деген болатын.
Президент айтып өткендей, мемлекет шын мәнінде мұқтаж адамдарға көмектесуге тиіс. Онсыз әлеуметтік тұрғыда осал топтардың көсегесі көгеріп, берекесі кірмейтіні белгілі. Бұл ретте, ел астанасында дәл осы бағытта бірқатар маңызды жұмыстар атқарылып жатқанын айтуға болады. Мәселен, бүгінде елорданың 3 мыңнан астам тұрғыны әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер алады. Бұл мекемелерге қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдар хабарласады. Сонымен қатар стационар, жартылай стационар, үйде күтім жасау немесе уақытша көмек алуға мүмкіндік бар.
Бас шаһардағы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы ведомстволық бағыныстағы 10 мекеменің қызметін үйлестіреді. Олардың 6-ы тұрмыстық қиын жағдайға тап болған адамдарға стационар, жартылай стационар, үйде күтім жасау және уақытша болу жағдайларында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Бұл орталықтардың қызметтер тізімінде – әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және әлеуметтік-құқықтық көмек бар. «Арнаулы әлеуметтік қызметтермен биыл 3 464 адам қамтылды. Соның ішінде мемлекеттік мекемелер – 2 268 адамға, үкіметтік емес ұйымдар 1 196 адамға қолдау көрсетті», деді Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб.
Мәселен, елордада «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық мүгедектігі бар адамдар мен зейнеткерлік жасқа жеткен, өз бетінше жүріп-тұра алмайтын және денсаулығына байланысты әлеуметтік қызмет алуға мұқтаж қарт адамдардың стационар жағдайында тәулік бойы тұрақты немесе уақытша тұруына арналған. Сондай-ақ үйде мүмкіндігі шектеулі адамдарға және өзіне-өзі қызмет көрсету қабілетін ішінара жоғалтқан қарт азаматтарға көмек көрсетіледі. Орталықтың қамқорлығында 782 адам бар. Соның 300-і
– стационарда болса, қалғандарына үйінде қызмет көрсетіледі. Орталықтың жұмысын 286 қызметкер қамтамасыз етеді.
Мүмкіндігі шектеулінің мүддесі
«Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы психоневрологиялық патологиясы бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың тәулік бойы тұрақты немесе уақытша тұруына арналған. Бүгінде қамқорлыққа алынғандардың саны 252 баланы құрайды. Олардың 111-і стационар жағдайында, 141-і жартылай стационар жағдайында қызмет алады. Ал Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж, психоневрологиялық аурулары бар бірінші, екінші топтардағы 18 жастан асқан адамдардың тәулік бойы тұрақты немесе уақытша тұруына арналған. Қамқорлыққа алынушылар саны 370 адамды құрайды. Соның ішінде бірінші топтағы мүгедектігі барлар – 75, ал екінші топтағы мүгедектер саны – 295 адам», деді спикер.
Бұған қоса, елордада қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығы жұмыс істейді. Мұнда уақытша (бір жылға дейін) тәулік бойы немесе тек түнгі уақытта белгілі бір тұрғылықты жері жоқ жандарға, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған немесе пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға қолдау көрсетіледі. Биыл орталық 235 адамды қамқорлығына алды. Соның 87-сі – күндізгі, 148-і түнгі бөлімге қабылданды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен қалада «Үміт» дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Қиын жағдайға тап болған жандар осы орталықта жарты жылға дейін тәулік бойы бола алады. Қазіргі таңда стационар жағдайында 69 адам тұрып жатыр. Соның арасында 19 әйел және 50 бала бар. Бұдан бөлек, шаһардағы «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына тұрғылықты жері бойынша үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алу үшін мүгедектігі бар балалар мен психоневрологиялық патологиясы бар мұқтаж адамдар жүгіне алады. Аталған орталықта 560 адам қамтылып, түрлі қолдау шаралары көрсетілді.
Үкіметтік емес ұйымдардың да үлесі бар
«Қарттарға, мүгедек адамдарға және мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы санаторий-курорттық емдеу, оңалту қызметтерін көрсету мақсатында жұмыс істеп келеді. Бүгінде осы орталықтың қамқорлығында бас-аяғы 815 адам бар. Соның 756-сы зейнеткерлер болса, ҰОС қатысушылары, мүгедектері және жеңілдіктер бойынша оларға теңестірілген адамдар саны – 57. Қуғын-сүргінге ұшырағандар – 2. Сонымен қатар қалада белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық 2 662 зейнеткерге қызмет көрсетеді. 2021 жылдың қараша айынан бастап орталық коммуналдық мемлекеттік мекеме мәртебесін алды», деді И.Скуб.
Ведомство басшысының айтуынша, елорданың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдарды арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бөлігінде қаржыландыруды іске асырады. Мәселен, бүгінде бас қалада өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға стационар, жартылай стационар және үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 8 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді.
«Үкіметтік емес мекемелердің қызметі бірқатар бағыттар бойынша бөлінеді. Мәселен, психоневрологиялық патологиясы бар балалар, аутистік спектрдің бұзылуы бар балалар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар, жалпы аурулары бар бірінші-екінші топтағы мүгедектігі бар және психоневрологиялық патологиясы бар бірінші-екінші топтағы мүгедектер. Аталған мекемелердің қызметі жыл сайын шамамен 700 адамды қамтиды», деді спикер.
Жұмыс істеп тұрған ҮЕҰ қатарында «Балам-ай» мүгедек балаларды қолдау қайырымдылық қоры» қоғамдық қоры бар. Онда жартылай стационар жағдайындағы қызметпен 224 адам қамтылды. «Астана қаласының мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық бірлестігі болса, 225 адамға үйде күтім көрсетеді. «Орда» елорданың аутизмі бар балалар ата-аналарының бірлестігі» қоғамдық бірлестігі 282 адамды үйде күтім көрсету қызметімен қамтып отыр. Erekshe Analar қоғамдық қоры болса, жартылай стационар жағдайында 141 адамға қызмет көрсетіп келеді. «Береке Астана» мүгедектер бірлестігі» қоғамдық бірлестігі 139 адамға үйде күтім көрсетіп жүр. «Күн әлемі» қоғамдық қоры үйде күтім көрсету қызметімен 59 адамды қамтып отыр. «АСТ Астана әлеуметтік технологиясы» қоғамдық бірлестігі жартылай стационар жағдайында 99 адамға көмек көрсетеді. Ал «Қорғау – Астана» жеке қоры адам саудасының құрбаны болған 6 адамды және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған 21 адамды қолдау шараларымен қамтып келеді.