Қоғам • 20 Шілде, 2022

Көпбалалы аналарға көңіл бөлген орталықтар

237 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елдің қарыштап қадам басуына оның экономикасы ғана емес, әлеуметтік саласы да әсер ететіні анық. 2020 жылдан бері елордада әкімдіктің қолдауымен түрлі топтардың бастамасымен ашылған 8 орталық жұмыс істейді. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетеді. Бұл орталықтар табысты жұмыс істеп келеді. Олардың қатарында Strong Mothers білім беру орталығы, «Алтын шаңырақ ұясы» киім тігу цехы, «Бақытты шаңырақ» қызмет көрсету бойынша көпсалалы орталық бар.

Көпбалалы аналарға көңіл бөлген орталықтар

Мысалы, «Алтын шаңырақ ұясы» тігін орталығында қазіргі уақытта 13 көпбалалы ана жұмыс істейді. Орталық заттардан бастап үй тоқымасына дейін тігу, реставрациялау, конструкциялар, бұ­йымдардың барлық түрін ұсы­на­ды. Карантин кезінде медицина қыз­меткерлеріне маскалар мен костюмдер тігілді. Орталық директоры Әлида Отарбаева 2021 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы ая­сында грант алды. Ұтып алынған грант­­қа орталыққа қажетті құрал-жаб­дық­­тар сатып алынды.

«Былтыр белгілі қолөнер шебері Ырза Тұрсынзаданың шеберлік сабақтарына қатыстық. Біздің ұстазымыз сол кісі. Одан кейін «Алтын шаңырақ ұясы» атты қоғамдық бірлестікті құрдық. Қала әкімдігінен көмек сұраған едік, өтіні­шіміз кері қайтарылған жоқ. Қазір мұнда 13 көпбалалы ана жұмыс істейді. Негізгі кәсібіміз – төсек жабдықтары, көрпе-жастық сияқты қыз жасауын тігу. Әртүрлі ұлттық киімдерді де тігеміз. Шикізатты орталық базардан сатып ала­мыз. Тапсырыстар көп түсіп жатыр», дейді тоғыз баланың анасы Әлида Отарбаева.

Елордада былтыр әлеуметтік осал топтармен жұмыс істейтін сегіз орталық ашылған. Мұндай орындар әуелі көпбалалы аналар мен ерекше қа­жет­тіліктегі жеткіншектерді тәрбие­леп отырған отбасылар үшін қажет. Жанар Баймұхамбетова – алтын құр­сақ­ты ана. 9 баланы дүниеге әкелген ол қазір осы орталықтағы тігін цехында еңбек етеді.

«Тапқан табысым бала-шағамды асы­рауға жеткілікті», дейді көпбалалы әйел. Бұрындары жұмыссыз жүрген Жаннаны өзі секілді аналар осында шақырған. Қазір «екі қолға бір күрек» ұстаған ол қыз жасауы мен түрлі бұ­йым­дар тігуді қолға алған.

«Ешқандай жұмыстан қашпаймыз. Қандай жұмыс болса, соны істеуге тыры­самыз. Бұл жердің бізге берері өте көп. Неге десеңіз, бұл жер алтын құрсақты аналарымыз бас қосатын жер. Содан кейін біз бір-бірімізге көмектесе аламыз. Сөзбен болса да, іспен болса да. Қолымыздан келетін қазақ қол өнерін жоғалтпау керек. Екіншіден, Қазақстанда отандық өнімді дамытуы­мыз қажет», деді Ж.Баймұхамбетова.

Осындай елдің болашағына еңбек етіп келе жатқан орталықтардың бірі – Bilim All. Орталық Strong Mothers қоры жанынан ашылған. Бұл жерде көпбалалы аналар мен мұғалімдер еңбек шарты бойынша халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбек етеді. Жоба жетекшісі Райгүл Серікбаева 2021 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мем­ле­кеттік бағдарламасы аясында грант алды. Осы қаражат орталықты да­мы­туға және орталық үшін техника мен жаб­дықтар сатып алуға бағыт­талды.

«Көпбалалы, жалғызбасты, ерекше бала өсіріп отырған аналар бірігіп Strong Mothers NS («Нұр-Сұлтанның мықты аналары») атты қоғамдық қор аштық. Біздің қоғамдық қордың бас­ты мақсаты – халықтың әлеуметтік осал топтағы балалардың, мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуетін ашу, көпбалалы аналар мен ерекше балаларды тәрбиелеп отырған әйелдерді қолдау арқылы Қазақстанның дамуы­на жәрдемдесу. Осы қоғамдық қор арқылы аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы, жалғызбасты, ерекше бала өсіріп отырған аналарға ақпараттық, құжаттық көмек беру, демеушілер мен серіктестер көмегімен азық-түлік себетін таратып беру, осы топтағы отбасылардың балаларын 50 пайыз жеңілдікпен өз мекемемізде оқыту. Әлі де біздің атқарар шаруамыз көп. Бәріміз бірлесе, біріге отырып балаларымызды кемел келешекке жетелейік», деді орталық директоры Р.Серікбаева.

Strong Mothers Ns қоғамдық қоры­ның басшысы әрі әлеуметтік кәсіпкер Райгүл Серікбаеваның айтуынша, орта­­лықтар желісін ашуға көпбалалы ана бол­ғаны әрі өзінің тәжірибесі әсер еткен.

«Мен ағылшын тілінің ұстазымын және серіктестерім де мұғалім, сон­дық­тан біз бірге Bilim All жобасын ашуды ұйғардық. Мен, ана ретінде, балаларымды оқытуда қиындықтарға тап болдым: бәрі қымбат және алыс. Көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың қол­жетімді қосымша білім алуына мүм­­кіндігі жоқ. Мұндай балаларға кө­мек­тесу менің арманым болды. Ха­лық­­тың әлеуметтік осал топтарына көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, мүгедектігі бар және толық емес отбасылардан шыққан балалар жатады. Мақсатым – соларға қолұшын созу», деді қоғамдық қор басшысы.