Саясат • 17 Тамыз, 2022

Экономиканың өсуіне нақты сектор үлес қосып отыр

426 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу жағдайы және жаңа оқу жылына дайындық мәселелері қаралды.

Экономиканың өсуіне нақты сектор үлес қосып отыр

Инфляцияны тежеуге қажетті құралдар бар

Бірінші мәселе жөнінде Ұлт­тық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Қаржы министрі Ер­ұлан Жамаубаев және Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақыл­жан Баймағамбетов баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Әлі­бек Қуантыровтың хабарла­уынша, осы жылдың қаңтар-шіл­де айларында Қазақ­стан эконо­микасының өсу қарқыны 3,3%-ды құрады. Есепті кезеңде не­гізгі трендтер бойынша нақты сек­тордағы жоғары өсу, қызмет көр­сету секторындағы өсудің жедел­деуі, оң сауда балансының сақ­талуы байқалуда. Нақты сектор­дағы өсім 3,4%-ды құрады.

Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,5%-ға дейін ұлғайды (қаң­тар-маусымда 2,1%). Салалар арасында құрылыс (8,6%-ға өсу), ақпарат және байланыс (6,5%-ға), сауда (6,2%-ға), көлік және қоймалау (5,6%-ға), өңдеу өнеркәсібі (4,9%-ға), ауыл ша­руа­шылығы (2,1%-ға), тау-кен өн­діру өнеркәсібі (1,0%-ға) оң өсім көрсетуде.

Негізгі капиталға салынған инвести­циялардың өсу қарқыны­ның 4,5%-ға дейін жеделдеуі байқалады (қаңтар-маусымда – 2,6%). Инвестициялар мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыз­дандыруда – 99,2%-ға, білім беруде – 74,8%-ға, саудада – 26,4%-ға, денсаулық сақтауда – 26,3%-ға, жыл­жымайтын мүлікпен операцияларда – 19,9%-ға, қаржы және сақ­тандыру қызметінде – 17,3%-ға, құрылыс саласында 14,8%-ға өсті.

Осы жылғы қаңтар-маусымда сыртқы сауда тауар айналымы 39,4%-ға өсіп, 63,7 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 56,3%-ға (42,2 млрд доллар), ал өңделген тауарлар экспорты – 33,5%-ға (12 млрд доллар) артты.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Байма­ғамбетовтің айтуынша, шілдеде жылдық инфляция 15%-ды құ­рады. Азық-түлік тауар­ла­рының бағасы – 19,7%, азық-түлік емес тауарлар – 14,2%, ақылы қызметтер 9,2%-ға өсті. Шілдеде айлық инфляция 1,1%-ды құрады.

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше, есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке 8 трлн 463 млрд теңге сомасында кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) түсті, республикалық бюд­жетке түскен кірістер (тран­сферттерді есепке алмағанда) 5,6 трлн теңге шамасында (жоспар 101,3%-ға орындалды) болды, жер­гілікті бюджеттердің кірістері 2 трлн 864 млрд теңгені (113,3%-ға атқарылды) құрады. Мемлекеттік бюд­жеттің шығыстары 98,7%-ға, респуб­ликалық бюджеттің шы­ғыс­тары – 99,6%-ға, жергілікті бюд­­жеттердің шығыстары 98%-ға атқарылды.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр экономиканың өсуіне негізінен нақты сектор үлес қосып отыр­ғанын атап өтті.

«Өсу динамикасын сақтап тұру үшін экономиканы одан әрі әр­тараптандыру, инвестициялық жобаларды іске асыру және жұ­мыс орындарын құруды күшей­тіп, жалғастыру қажет», деді Ә.Смайы­лов.

Үкімет басшысы есепті кезең­де Қара­ғанды және Солтүстік Қазақ­стан облыс­тары мен Шымкент қа­ласында бар­лық көрсеткіш бойынша оң динамика қалып­тасып отырғанын айтты. Жауапты мем­лекеттік органдар мен өңір әкім­діктері көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз ету бойынша жұ­мыс­ты күшейтуі керек.

Сондай-ақ инфляцияны тежеу мәсе­лесіне ерекше назар аударып, қанттың қымбаттауы мен тапшылығына қатысы болуы мүм­кін компания қызметін тексеруге тапсырма бергенін еске салып өтті.

«Бұл проблеманың көтеріл­геніне біраз болды. Сондықтан мұндай жағдайды жауапты органдар ертерек анықтап, алдын алуы керек», деді Премьер-Министр.

Инфляцияны тежеу үшін қа­жетті құралдар бар екенін, мем­лекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдалануы тиіс екенін айтты.

«Тағы да назар аударатын жағ­­дай – өңірлердегі делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссиялардың жұмысын жандандырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға үстемесінің 15% мөлшерінде болуына және ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу үшін келісімшарттардың уақтылы жасалуына бақылауды күшейту керек», деп түйіндеді Премьер-Министр.

Дизель төңірегіндегі жағдай шешімін табады

Премьер-Министр Ә.Смайы­лов Үкі­мет отырысында ішкі на­рықты жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді.

Үкімет басшысы кейбір өңір­лерде дизельдік отын бойынша проблема туындап отырғанын атап өтті. «Бұл азаматтарымыздың нара­зылығын тудыруда. Егіс науқаны басталар алдында мұндай проблема қалай орын алып отыр?», деп сұ­рады Ә.Смайылов Энергетика минис­трінен.

Өз кезегінде аталған министрлік басшысы Болат Ақшолақов дизель отынына жоғары сұранысты жабу үшін барлық ресурстардың бірінші кезекте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен ЖҚС-ға бөлінетінін хабарлады. Өнеркәсіп кәсіпорындары мен ҚТЖ үшін отын қалдықтары екінші кезекте бөлінеді, ал жетіспеген жағдайда қажетті көлем импортталмақ.

Бұдан бөлек, министрлік шекара периметрі бойынша тран­зиттік көлік үшін дизель отынына сараланған баға белгілеуді көз­дейтін бұйрық жобасын әзірледі. Бағалар тұрғылықты жеріне, тұ­тыну көлеміне және көлік түріне қарай сараланады. Мәселен, қазақ­стандықтар үшін жүргізуші куәлігі болған жағдайда, қазіргі баға – 230-260 теңге бойынша лимит тәулігіне 100 литр дизель отынын құрайды, Қазақстанда тіркелген жүк көлігі үшін – тәулігіне 300 литр. Қалған адамдар тобына, сондай-ақ көрсетілген көлемнен артық дизель отыны үшін 1 литр 450 теңгеден сатылады.

Баяндаманы тыңдап болғаннан кейін Үкімет басшысы Энергетика минис­трлігіне отандық нарықта жанар-жағармай тапшылығын болдырмау үшін барлық шараларды уақтылы қабылдауды тапсырды. «Жанармай құю стансаларының иелерімен тиісті жұмыс жүргізу керек. Азаматтарымыз бен ауыл шаруашылығы саласы зардап шек­пеуі керек» деп бағаны күнделікті назарда ұстауды тапсырды.

а

Балалардың қауіпсіздігі – маңызды мәселе

Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық барысы қа­ралды.

Осы мәселе жөнінде баяндаған Оқу-ағарту министрі Асхат Ай­мағамбетов жаңа оқу жылы 1 қыр­күйекте басталып, 36 аптаға созылып 31 мамырда аяқталатынын хабарлады. Мектептерге қатысты бірқатар жаңашылдық енгізілді.

Арнайы зерттеулердің қоры­тынды­ларына сәйкес 1-сынып оқу­шысына үш тілді бірден мең­геру қиын екені анықталды. Осыған орай, қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысын тек қазақ тілінде оқытуды, ал орыс тілді мектептерде қазақ тілі мен орыс тілін оқыту туралы шешім қабылданды. Қазақ тілді мектептерде екінші сыныптан бастап орыс тілі енгізіледі, ал ағылшын тілі барлық мектептерде үшінші сыныптан басталады.

Сонымен қатар білім беру ұйымда­рының басшыларын ро­тациялау  институты енгі­зілді. Пе­да­гогтерді жұмысқа қабыл­­дау­дың жаңа қағидалары да іске асырылып жатыр, оның ішінде Ұлттық біліктілік тестілеу арқылы. Енді ата-аналар жиналыстары да заманауи және тиімді форматта өткізіледі.

Биыл колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқуға мемлекеттік тапсырыс 70%-ға, көмекті қажет ететін балаларды қа­былдау үшін грант  квотасы 50%-ға дейін ұлғайтылды. Кол­ледждер жұмыс берушілермен бірлесіп 4 мыңнан астам білім беру бағдарламасын жаңартты.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәлі­метінше, елімізде 120 ЖОО жұмыс істейді, олардың 104-інде жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2022-2023 оқу жылында мем­лекеттік тапсырыс көлемі 88 214 орынды құрады, оның ішінде 42 303 грант техникалық ма­ман­дық­тарға бөлінген. Бұл ретте жаңа оқу жылынан бастап бакалавриат деңгейінде стипендия 20%-ға (31 423 теңгеден 36 660 теңгеге дейін, педагогикалық бағыттағы студенттер үшін 58 800 мың теңгеге дейін) ұлғайтылды, магистратура және докторантура  15%-ға (76 950 теңгеден 86 987 тең­геге дейін және тиісінше 172 500 теңгеден 195 000 теңгеге дейін) өсті. Бұл норма шама­мен 161 мың білім алушыға қатысты болады.

Жаңа өңірлердің оқу жылына дайындығы туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұран­хаев, Жетісу облысының әкімі Бей­­біт Исабаев және Ұлытау об­лы­сының әкімі Берік Әбдіғалиев баян­дады.

Премьер-Министр 1 қыркүйек­ке дейін елімізде 81 жаңа мектеп ашу және тағы 213-ін толық жөндеуден өткізу жоспарланғанын атап өтті. Сонымен қатар Ба­тыс Қазақстан, Түркістан, Алматы об­лыстарында және Алма­ты қа­ласындағы бірқатар білім ошақ­тарында жөндеу жұмыста­рының аяқталмай қалу қаупі бар. «Аталған өңірлер шұғыл шаралар қабылдап, жаңа оқу жылына дайындықты толық көлемде қамтамасыз етуі керек. Бұл жоспарланған мектеп құрылысына да қатысты» деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы білім беру объектілерінің бәрі бірдей қауіп­сіз­дік талаптарына сай емес екеніне назар аударды. Оның айтуынша, бұл мәселені ерекше бақылауға алып, балалардың қауіпсіздігі үшін тез арада тиісті шараларды қа­был­дау қажет, оның ішінде білім бе­ру ұйым­дарының бейнебақылау жүйе­­лерін полицияның Жедел бас­­қару орталықтарымен біріктіру керек.

Премьер-Министр биыл оқу­шыларды тасымалдауға 515 жаңа автобус сатып алынғанын, сондай-ақ мектепке қажетті киім-кешек пен канцеляриялық тауарларды өздері сатып алу үшін аз қамтылған отбасылар кемінде 37 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат алатынын атап өтті. Мұндай көмек 470 мың балаға көрсетілетін болады.

Сонымен қатар жастарды кәсіптік-техникалық біліммен қам­ту үшін биыл мемлекеттік тап­сырыс 128 мың орынға ұлғай­тыл­ды, университеттерде бі­лім алуға берілетін гранттар саны 88 мыңға дейін көбейді, инженер-техник кадрларды даярлау мақсатында шетелдік жетекші жоғары оқу орын­дарының еліміздегі 3 жаңа филиа­лына қабылдау басталды. «Жалпы, жаңа оқу жылына дайындықты қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабыл­данды», деді осы мәселеге орай Ә.Смайылов.

Отырыс қорытындысы бойын­ша Үкімет басшысы білім беру нысанда­рының оқу жылына да­йын­дығын 100% қамтамасыз етуді тапсырды.

Оқу-ағарту министрлігіне Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, бі­лім беру бағ­дарламасына Жол қозғалысы ережелерін үйретуді міндетті түрде енгізу және жұмыс істеп жүрген инспекторларды осы жұ­­мысқа тарту мәселесін қарау тапсырылды.

Өңір әкімдіктері көмекке мұқ­таж балаларды мемлекеттік қолдау шараларымен 100% қам­тамасыз етуі қажет.

Сонымен қатар Сауда минис­трлігі «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасымен және әкім­діктермен бірлесіп, мектеп­ке қа­жетті керек-жарақтар баға­лары­ның тұрақты болуын қамта­масыз етуі тиіс. Индустрия министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, мектеп формасының құнына қа­тысты мәселені пысықтау тапсырылды.

Премьер-Министр мектептерге толық оқулықтар жиынтығын жеткізуді, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждердің бас­қа қалалардан келген студент­терін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету жөнінде барлық шараларды қабылдауды тапсырды.