Инфляцияны тежеуге қажетті құралдар бар
Бірінші мәселе жөнінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев және Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов баяндама жасады.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың хабарлауынша, осы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,3%-ды құрады. Есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты сектордағы жоғары өсу, қызмет көрсету секторындағы өсудің жеделдеуі, оң сауда балансының сақталуы байқалуда. Нақты сектордағы өсім 3,4%-ды құрады.
Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,5%-ға дейін ұлғайды (қаңтар-маусымда 2,1%). Салалар арасында құрылыс (8,6%-ға өсу), ақпарат және байланыс (6,5%-ға), сауда (6,2%-ға), көлік және қоймалау (5,6%-ға), өңдеу өнеркәсібі (4,9%-ға), ауыл шаруашылығы (2,1%-ға), тау-кен өндіру өнеркәсібі (1,0%-ға) оң өсім көрсетуде.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқынының 4,5%-ға дейін жеделдеуі байқалады (қаңтар-маусымда – 2,6%). Инвестициялар мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда – 99,2%-ға, білім беруде – 74,8%-ға, саудада – 26,4%-ға, денсаулық сақтауда – 26,3%-ға, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 19,9%-ға, қаржы және сақтандыру қызметінде – 17,3%-ға, құрылыс саласында 14,8%-ға өсті.
Осы жылғы қаңтар-маусымда сыртқы сауда тауар айналымы 39,4%-ға өсіп, 63,7 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 56,3%-ға (42,2 млрд доллар), ал өңделген тауарлар экспорты – 33,5%-ға (12 млрд доллар) артты.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, шілдеде жылдық инфляция 15%-ды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 19,7%, азық-түлік емес тауарлар – 14,2%, ақылы қызметтер 9,2%-ға өсті. Шілдеде айлық инфляция 1,1%-ды құрады.
Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше, есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке 8 трлн 463 млрд теңге сомасында кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) түсті, республикалық бюджетке түскен кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) 5,6 трлн теңге шамасында (жоспар 101,3%-ға орындалды) болды, жергілікті бюджеттердің кірістері 2 трлн 864 млрд теңгені (113,3%-ға атқарылды) құрады. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,7%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98%-ға атқарылды.
Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр экономиканың өсуіне негізінен нақты сектор үлес қосып отырғанын атап өтті.
«Өсу динамикасын сақтап тұру үшін экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестициялық жобаларды іске асыру және жұмыс орындарын құруды күшейтіп, жалғастыру қажет», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы есепті кезеңде Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында барлық көрсеткіш бойынша оң динамика қалыптасып отырғанын айтты. Жауапты мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктері көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуі керек.
Сондай-ақ инфляцияны тежеу мәселесіне ерекше назар аударып, қанттың қымбаттауы мен тапшылығына қатысы болуы мүмкін компания қызметін тексеруге тапсырма бергенін еске салып өтті.
«Бұл проблеманың көтерілгеніне біраз болды. Сондықтан мұндай жағдайды жауапты органдар ертерек анықтап, алдын алуы керек», деді Премьер-Министр.
Инфляцияны тежеу үшін қажетті құралдар бар екенін, мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдалануы тиіс екенін айтты.
«Тағы да назар аударатын жағдай – өңірлердегі делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссиялардың жұмысын жандандырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға үстемесінің 15% мөлшерінде болуына және ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу үшін келісімшарттардың уақтылы жасалуына бақылауды күшейту керек», деп түйіндеді Премьер-Министр.
Дизель төңірегіндегі жағдай шешімін табады
Премьер-Министр Ә.Смайылов Үкімет отырысында ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді.
Үкімет басшысы кейбір өңірлерде дизельдік отын бойынша проблема туындап отырғанын атап өтті. «Бұл азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Егіс науқаны басталар алдында мұндай проблема қалай орын алып отыр?», деп сұрады Ә.Смайылов Энергетика министрінен.
Өз кезегінде аталған министрлік басшысы Болат Ақшолақов дизель отынына жоғары сұранысты жабу үшін барлық ресурстардың бірінші кезекте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен ЖҚС-ға бөлінетінін хабарлады. Өнеркәсіп кәсіпорындары мен ҚТЖ үшін отын қалдықтары екінші кезекте бөлінеді, ал жетіспеген жағдайда қажетті көлем импортталмақ.
Бұдан бөлек, министрлік шекара периметрі бойынша транзиттік көлік үшін дизель отынына сараланған баға белгілеуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі. Бағалар тұрғылықты жеріне, тұтыну көлеміне және көлік түріне қарай сараланады. Мәселен, қазақстандықтар үшін жүргізуші куәлігі болған жағдайда, қазіргі баға – 230-260 теңге бойынша лимит тәулігіне 100 литр дизель отынын құрайды, Қазақстанда тіркелген жүк көлігі үшін – тәулігіне 300 литр. Қалған адамдар тобына, сондай-ақ көрсетілген көлемнен артық дизель отыны үшін 1 литр 450 теңгеден сатылады.
Баяндаманы тыңдап болғаннан кейін Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне отандық нарықта жанар-жағармай тапшылығын болдырмау үшін барлық шараларды уақтылы қабылдауды тапсырды. «Жанармай құю стансаларының иелерімен тиісті жұмыс жүргізу керек. Азаматтарымыз бен ауыл шаруашылығы саласы зардап шекпеуі керек» деп бағаны күнделікті назарда ұстауды тапсырды.
Балалардың қауіпсіздігі – маңызды мәселе
Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық барысы қаралды.
Осы мәселе жөнінде баяндаған Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 36 аптаға созылып 31 мамырда аяқталатынын хабарлады. Мектептерге қатысты бірқатар жаңашылдық енгізілді.
Арнайы зерттеулердің қорытындыларына сәйкес 1-сынып оқушысына үш тілді бірден меңгеру қиын екені анықталды. Осыған орай, қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысын тек қазақ тілінде оқытуды, ал орыс тілді мектептерде қазақ тілі мен орыс тілін оқыту туралы шешім қабылданды. Қазақ тілді мектептерде екінші сыныптан бастап орыс тілі енгізіледі, ал ағылшын тілі барлық мектептерде үшінші сыныптан басталады.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау институты енгізілді. Педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа қағидалары да іске асырылып жатыр, оның ішінде Ұлттық біліктілік тестілеу арқылы. Енді ата-аналар жиналыстары да заманауи және тиімді форматта өткізіледі.
Биыл колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқуға мемлекеттік тапсырыс 70%-ға, көмекті қажет ететін балаларды қабылдау үшін грант квотасы 50%-ға дейін ұлғайтылды. Колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп 4 мыңнан астам білім беру бағдарламасын жаңартты.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметінше, елімізде 120 ЖОО жұмыс істейді, олардың 104-інде жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2022-2023 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс көлемі 88 214 орынды құрады, оның ішінде 42 303 грант техникалық мамандықтарға бөлінген. Бұл ретте жаңа оқу жылынан бастап бакалавриат деңгейінде стипендия 20%-ға (31 423 теңгеден 36 660 теңгеге дейін, педагогикалық бағыттағы студенттер үшін 58 800 мың теңгеге дейін) ұлғайтылды, магистратура және докторантура 15%-ға (76 950 теңгеден 86 987 теңгеге дейін және тиісінше 172 500 теңгеден 195 000 теңгеге дейін) өсті. Бұл норма шамамен 161 мың білім алушыға қатысты болады.
Жаңа өңірлердің оқу жылына дайындығы туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев және Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиев баяндады.
Премьер-Министр 1 қыркүйекке дейін елімізде 81 жаңа мектеп ашу және тағы 213-ін толық жөндеуден өткізу жоспарланғанын атап өтті. Сонымен қатар Батыс Қазақстан, Түркістан, Алматы облыстарында және Алматы қаласындағы бірқатар білім ошақтарында жөндеу жұмыстарының аяқталмай қалу қаупі бар. «Аталған өңірлер шұғыл шаралар қабылдап, жаңа оқу жылына дайындықты толық көлемде қамтамасыз етуі керек. Бұл жоспарланған мектеп құрылысына да қатысты» деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы білім беру объектілерінің бәрі бірдей қауіпсіздік талаптарына сай емес екеніне назар аударды. Оның айтуынша, бұл мәселені ерекше бақылауға алып, балалардың қауіпсіздігі үшін тез арада тиісті шараларды қабылдау қажет, оның ішінде білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелерін полицияның Жедел басқару орталықтарымен біріктіру керек.
Премьер-Министр биыл оқушыларды тасымалдауға 515 жаңа автобус сатып алынғанын, сондай-ақ мектепке қажетті киім-кешек пен канцеляриялық тауарларды өздері сатып алу үшін аз қамтылған отбасылар кемінде 37 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат алатынын атап өтті. Мұндай көмек 470 мың балаға көрсетілетін болады.
Сонымен қатар жастарды кәсіптік-техникалық біліммен қамту үшін биыл мемлекеттік тапсырыс 128 мың орынға ұлғайтылды, университеттерде білім алуға берілетін гранттар саны 88 мыңға дейін көбейді, инженер-техник кадрларды даярлау мақсатында шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының еліміздегі 3 жаңа филиалына қабылдау басталды. «Жалпы, жаңа оқу жылына дайындықты қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылданды», деді осы мәселеге орай Ә.Смайылов.
Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет басшысы білім беру нысандарының оқу жылына дайындығын 100% қамтамасыз етуді тапсырды.
Оқу-ағарту министрлігіне Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, білім беру бағдарламасына Жол қозғалысы ережелерін үйретуді міндетті түрде енгізу және жұмыс істеп жүрген инспекторларды осы жұмысқа тарту мәселесін қарау тапсырылды.
Өңір әкімдіктері көмекке мұқтаж балаларды мемлекеттік қолдау шараларымен 100% қамтамасыз етуі қажет.
Сонымен қатар Сауда министрлігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және әкімдіктермен бірлесіп, мектепке қажетті керек-жарақтар бағаларының тұрақты болуын қамтамасыз етуі тиіс. Индустрия министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, мектеп формасының құнына қатысты мәселені пысықтау тапсырылды.
Премьер-Министр мектептерге толық оқулықтар жиынтығын жеткізуді, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждердің басқа қалалардан келген студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету жөнінде барлық шараларды қабылдауды тапсырды.