Қазақстан • 01 Қыркүйек, 2022

Қадірлі Қадыр аға...

170 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақтың қара алтынының қадірін қастерлеп, құт-бере­кесін ел игілігіне игерілуі үшін өмірін сарп еткен Қадыр аға 78 жасында бақилық бол­ды.

Қадірлі Қадыр аға...

Бұл қазалы хабар көпші­ліктің қабырғасын қайыс­тырды. Әсі­ресе Қадыр Қарқабатұлымен бір­ге қызметтес болған, я көз­көр­гендерге қиын тиді. Өйт­ке­ні Қадыр аға кездескен жан­ның ешқайсысын бейжай қал­дыр­майтын. Оның жарқын жү­зі, ашық мінезі, жылы сөзі кез келген адамның жанын бау­рап алатын.

Қадыр Қарқабатұлы 1944 жылы тамыздың оны күні Шы­ғыс Қазақстан облысы Күр­шім ауданы Кумашкино ауы­лында дүниеге келген.

Еңбек жолын инженерден бастаған Қадыр аға 1985-1991 жылдары Қазақстан Ком­партиясы Алматы обко­мы­ның хатшысы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі Төр­аға­сы­ның орынбасары, Ал­маты қа­лалық партия комитетінің бі­рінші хатшысы және Алматы қалалық кеңесінің төрағасы қыз­меттерінде болған. 1991-1993 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Премьер-Минис­трінің орынбасары қыз­ме­тін атқарды.

Қадыр ағаның есімі мұ­найгаз саласында аңызға ай­нал­ған. Оның есімін есті­ген адамдар ол кісінің Қазақ­стан­ның бірінші Энергетика және отын ресурс­тары минис­трі болғанын бірден еске түсіреді. Одан кейін әлемге паш еткен «Ғасыр келісімшарты», яғни Қазақстан мен «Шеврон» ком­паниясы арасындағы келіс­сөздер жүргізу жұмыс тобын бас­қарды, Қарашығанақ газконденсаты кен орнын игеру, Каспий қайраңын барлау және Каспий Құбыр Консорциумын құру жобаларына жетекшілік етті. Қадыр Қарқабатұлы – Теңіз-Новороссийск мұнай та­сы­малдау құбырының салынуына бас-көз болып, жобаның сәтті жүзеге асуына ықпалдасқан тұлға.

Қадыр аға әр кез белсенді еді. Осы уақытқа дейін Инжи­нирингті компаниялар одағын, Қазақстан жұмысшылары конфедерациясын басқарып келді. Ұзақ жылдар бойы Каспий Құ­быр Консорциумының атқа­рушы дирекциясының құра­мында болды.

Түрлі лауазым иесі болса да, биік белестерді алса да, Қадыр ағаның тұла бойынан бір сәтке де қарапайымдылық, көрегенділік, даналық қасиет­тері кеткен емес.

«Каспий Құбыр Консор­циумы» акционерлік қоға­мы­ның ұжымы мемле­кеттік және саяси тұлға, мұ­най­газ саласының ардагері, қадір­лі Қадыр Қарқа­бат­ұлы Бәйкеновтің жа­қын­да­рына қай­ғыларына ортақ­тасып кө­ңіл айтады. Жат­қан жері жайлы, топырағы торқа болсын.

 

«Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ