Бұл қазалы хабар көпшіліктің қабырғасын қайыстырды. Әсіресе Қадыр Қарқабатұлымен бірге қызметтес болған, я көзкөргендерге қиын тиді. Өйткені Қадыр аға кездескен жанның ешқайсысын бейжай қалдырмайтын. Оның жарқын жүзі, ашық мінезі, жылы сөзі кез келген адамның жанын баурап алатын.
Қадыр Қарқабатұлы 1944 жылы тамыздың оны күні Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Кумашкино ауылында дүниеге келген.
Еңбек жолын инженерден бастаған Қадыр аға 1985-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Алматы обкомының хатшысы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі Төрағасының орынбасары, Алматы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы және Алматы қалалық кеңесінің төрағасы қызметтерінде болған. 1991-1993 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары қызметін атқарды.
Қадыр ағаның есімі мұнайгаз саласында аңызға айналған. Оның есімін естіген адамдар ол кісінің Қазақстанның бірінші Энергетика және отын ресурстары министрі болғанын бірден еске түсіреді. Одан кейін әлемге паш еткен «Ғасыр келісімшарты», яғни Қазақстан мен «Шеврон» компаниясы арасындағы келіссөздер жүргізу жұмыс тобын басқарды, Қарашығанақ газконденсаты кен орнын игеру, Каспий қайраңын барлау және Каспий Құбыр Консорциумын құру жобаларына жетекшілік етті. Қадыр Қарқабатұлы – Теңіз-Новороссийск мұнай тасымалдау құбырының салынуына бас-көз болып, жобаның сәтті жүзеге асуына ықпалдасқан тұлға.
Қадыр аға әр кез белсенді еді. Осы уақытқа дейін Инжинирингті компаниялар одағын, Қазақстан жұмысшылары конфедерациясын басқарып келді. Ұзақ жылдар бойы Каспий Құбыр Консорциумының атқарушы дирекциясының құрамында болды.
Түрлі лауазым иесі болса да, биік белестерді алса да, Қадыр ағаның тұла бойынан бір сәтке де қарапайымдылық, көрегенділік, даналық қасиеттері кеткен емес.
«Каспий Құбыр Консорциумы» акционерлік қоғамының ұжымы мемлекеттік және саяси тұлға, мұнайгаз саласының ардагері, қадірлі Қадыр Қарқабатұлы Бәйкеновтің жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
«Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ