Күрес • Бүгін, 18:58

Балуандарымыз Бішкектегі Азия чемпионатында жеті жүлде алды

20 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Күрес түрлерінен Бішкекте өткен Азия чемпионаты мәреге жетті. Биыл күзде Жапонияда алауы тұтанатын жазғы Азия ойындары мен Бахрейнде жалауы желбірейтін әлем чемпионатына тыңғылықты даярланып жатқан Қазақстанның ұлттық командасы Қырғызстанға қосалқы құрамдағы балуандарын жіберді. Бірақ ізбассарлар бұл «майданға» дайын болмай шықты. Күрестің үш түрі бойынша 30 жерлесіміз күш сынасқанымен, солардың жетуі ғана жеңіс тұғырына көтерілді. Қалған спортшымыз елге еңселері түсіп оралды, деп жазады Egemen.kz.

Балуандарымыз Бішкектегі Азия чемпионатында жеті жүлде алды

Алматбек алтын алды

Былтырғы Азия чемпионатында Қазақстанның грек-рим күресі шеберлерінің қоржынына алтын медаль түспеген еді. Амманда қос күміс пен қос қоланы қанағат тұттық. Бұл көрсеткішке қазақ жанкүйерлерінің көңілі толмады. Өйткені, грек-рим күресінде жеңіспен өрілген бай дәстүріміз бар. Дәл осы спорт түрін серік еткен балуандарымыз кезінде толағай табыстарға қол жеткізіп, сары құрлықта үстемдік құрды.Әлемде де позициямыз жоғары болды. Сондықтан да Иорданиядағы сәтсіздікті «кездейсоқтық» деп қабылдадық.

Алатаудың арғы бетіндегі бәсеке біздер үшін көңілсіздеу басталды. Алғашқы күні бозкілемде белдескен бес балуанның бірде-біреуі финалға шыға алмады. Тұсаукесер кездесулерінде ирандық Мохаммад Панахасаниден ұтылған Нұрзат Қабдарқымов (55 кг) пен жапониялық Юта Нарадан жеңілген Жоһар Ұзаров (130 кг) бірден көрермендер қатарына қосылды. Жеребе Сайфолла Құрманды (63 кг) түркіменстандық Азатжан Ачиловпен жолықтырғанда қандасымыздың айқын жеңіске қол жеткізетініне еш күмән болмады. Бірақ қателескен екенбіз. Бішкекте Азатжан Сайфоллаға сан соқтырды. Шыны керек, сол сәтке дейін Қазақстанның грек-рим күресі мектебінің түлегі Түркіменстанның өкілінен ұтылады деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге де кірмеген. Оларға қарағанда Қаһарман Қисыметовтің (77 кг) тұзы жеңіл екен. Алғашқы айналымда ол Қырғызстанның мақтанышы Ақжол Махмұдовтан ойсырай ұтылғанымен, жүлделі орын үшін таласу құқығын сақтап қалды. Себебі, Ақжол финалға дейін жетіп, жерлесімізге жол ашылды. Бірақ Қисыметов өзіне берілген мүмкіндікті пайдалана алмады. Жұбаныш белдесуде жапониялық Исами Норикитаны ұтқан ол үшінші орын үшін бәсекеде өзбек Дониорхон Накибовтың алдында шарасыз күй кешті.

35 жастағы Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) тұсаукесер кездесуінде  Оңтүстік Кореяның оғыланы Сеунгхван Лиді еш қиналмай жыққанымен, жартылай финалда 20 жастағы жергілікті жас дарын Асан Жанышевтан оңбай жеңілді. Қандасымыз қола медаль үшін бәсекеде түркіменстандық Давлетмұрат Байрамовты бас көтертпей ұтып, жеңіс тұғырына көтерілді.

Келесі күні тағы бес салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынды. Солардың арасынан финалға тек Алматбек Аманбек (72 кг) шықты. Қытайлық Донжу Ли мен қырғыз Амантұр Исмайыловты жолынан ығыстырған қандасымыз шешуші тұста жастар арасындағы әлем чемпионатының финалисі, Азия чемпионы, ирандық Мохаммад Джавад Резаимен күш сынасты. Сын сағатта Боранбек Қоңыратовтың шәкірті өзін жақсы қырынан көрсетті. Қарсыласы алға ұмтылған сәтте қарымта шабуылға жүгінген ол оны жығып алды да, астында тырп еткізбей ұстады. Резаи жеңілгенін мойындады. Алматбек – Азия чемпионы!

Жартылай финалда жеңіліс тауып, бас жүлде үшін сайысқа түсу мүмкіндігінен айырылған Ибрагим Магомадов (82 кг) пен Ислам Евлоев (97 кг) қола медаль үшін күресті. Бұл сынақтан олар мүдірмей өтті. Ибрагим аса шиеленісті бәсекеде қытайлық Руи Лиуді екі ұпай айырмашылығмен ұтса,  Ислам оңтүстікореялық Минху Лиді 1 минут 27 секундта тас-талқанын шығарды. Ал ирандық Әли Абдоллах Ахмади Вафаға әлі жетпеген Ербол Камалиев (60 кг) бесінші орынды қанағат тұтты.

Грек-рим күресі жарысының жалпы командалық есебінде Қырғызстан құрамасы жеке-дара көш бастады. Жарыс қожайыдары төрт салмақ дәрежесінде бас жүлдені қанжығаға байлады. Екінші және үшінші орындарда – Иран (2 алтын+4 күміс+3 қола) мен Өзбекстан (2+1+2). Төртінші мен бесінші сатыға Қазақстан (1+0+3) мен Катар (1+0+0) жайғасты. Сондай-ақ, жүлде алғандар қатарында Үндістан (0+2+3), Жапония (0+1+2), Солтүстік Корея (0+1+0), Қытай (0+0+4) және Оңтүстік Кореяның (0+0+3) балуандары бар.    

Грек-рим күресінен Азия чемпиондары

55 кг – Ихтиер Батыров (Өзбекстан), 60 кг – Әлішер Ганиев (Өзбекстан), 63 кг – Автандил Таалайбекұлы (Қырғызстан), 67 кг – Раззақ Бейшекеев (Қырғызстан), 72 кг – Алматбек Аманбек (Қазақстан), 77 кг – Ақжол Махмұдов (Қырғызстан), 82 кг – Шахин Бадахи (Катар), 87 кг – Асан Жанышев (Қырғызстан), 97 кг – Мохаммадхади Сарави (Иран) және 130 кг – Әмин Мирзазаде (Иран).  

Балуандар Медведьтің мемориалынан 14 медальмен оралды  

Жалғыз жүлде – Гүлмаралда

Былтыр Иорданияның астанасы – Амманда әйелдер күресінен өткен жарыста біздің қыздар небары екі жүлде алды: Жәмиля Бақбергенова (72 кг) алтыннан алқа тақса, Зейнеп Баянова (53 кг) қолаға қол созды. Ал биылғы нәтижеміз одан да төмен болды. Жоғарыда есімдері аталған қос балуан алғашқы айналымнан аса алмады. Жаһандық жарыстарда үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп, Азияда алдына жан салмай жүрген Жәмиля ойда-жоқа үндістандық Харшита Харшитадан ұтылды. Жуырда Тирандада Мұхаммед Малоның турнирінде топ жарып, бабының жақсы екенін байқатқан Зейнеп Бішкекте білгенінен жаңылды. Ол әлем және құрлық чемпионы, жапониялық Мое Киюоокаға жарытып қарсылық көрсете алмады. Сондай-ақ, Шұғыла Өмірбек (55 кг), Нилуфар Раимова (57 кг), Виктория Хусаинова (59 кг) және Айжан Сүйдуова (65 кг) тұсаукесер кездесулерінде жеңілістің кермек дәмін татты.

Марал Тәңірбергенова (50 кг) мен Елена Шалыгина (68 кг) да «шу» дегеннен сүрінді. Оларды ұтқан спортшылар финалға шыққанының арқасында жерлестерімізге үшінші орын үшін таласуға жол ашылды. Бірақ бұл мүмкіндікті екеуі де ұтымды пайдалана алмады. Марал қытайлық Зигу Фенгке оңай ұтылды. Жасы 40-қа таяған Еленаны моңғолиялық Делгерма Енхсайхан тушеге қойды.  

Қырғызстанның астанасында өнер көрсеткен 10 бұрымдымыздың тек екеуі ғана жартылай финалға дейін жетті. 76 кг салмақтағы Гүлмарал Еркебаева Оңтүстік Кореяның өкілі Еунжу Хванды қапы қалдырып, қола медальді еншіледі. Ал 62 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған Тыныс Дүбек үшінші орын үшін бәсекеде моңғолиялық Цереншимед Секхенің осал тұсын таба алмады. Сөйтіп, Қырғызстан сапарынан Қазақстанның әйелдер құрамасы жалғыз жүлдемен оралды. 

Жалпы командалық есепте Қытай (5+1+4) озды. Аспанасты елінің арулары барлық салмақта жүлде алды. Жапония (3+4+2) екінші орында қалып қойды. Қырғызстан (1+1+3) мен Моңғолия (1+1+3) үшінші және төртінші орынды өзара бөлісті. Одан бөлек, Солтүстік Корея (0+2+0), Үндістан (0+1+4), Өзбекстан (0+0+2), Қазақстан (0+0+1) және Оңтүстік Кореяның (0+0+1) қыздарына жүлде алу бақыты бұйырды.      

Әйелдер күресінен Азия чемпиондары

50 кг – Юи Сусаки (Жапония), 53 кг – Жин Жанг (Қытай), 55 кг – Совака Учида (Жапония), 57 кг – Кексин Хон (Қытай), 59 кг – Менжу Хие (Қытай), 62 кг – Нонока Озаки (Жапония), 65 кг – Лили Лили (Қытай), 68 кг – Мейірім Жұманазарова (Қырғызстан), 72 кг – Жия Лонг (Қытай) және 76 кг – Даваанасан Енхамар (Моңғолия). 

Қос қоланы қанағат тұттық

 Азия чемпионатын еркін күрес шеберлері қорытындылады. Алғашқы айналымда Әди Серікұлы (65 кг) Такара Судадан (Жапония), Санжар Досжанов (70 кг) Сина Махди Халилиден (Иран) ұтылса, Мерей Базарбаев (57 кг) екінші кезеңде Фуга Сасакиден (Жапония) жеңілді. Бастапқы сынақта сүрінгендеріне қарамастан Дәулет Ергеш (79 кг) пен Бекзат Үркімбай (97 кг) жарысты жалғастырды. Бірақ олар да ұзаққа шаппады. Дәулет Сулдкху Олонбаярдан (Моңғолия), Бекзат атағы жер жарған Ахмед Таджудиновтан (Бахрейн) оңбай жығылды.

Жексенбіде Азия чемпионатының соңғы жүлделер таратылды. Асыл Айтақын (61 кг) мен Ернұр Нұрғазыдан (74 кг) қайыр болмады. Асыл Тошехиро Хасегаваның (Жапония), Ернұр Бегижон Құлдашевтің (Өзбекстан) алдында дәрменсіздік танытты. Оларға қарағанда Болат Сақаев (86 кг) пен Азамат Дәулетбеков (92 кг) тәуір күресті. Жастары 30-дың бел ортасына таяған сақа спортшылар жартылай финалға дейінгі қарсыластарын қоғадай жапырды. Осы межеге жеткенде екеуі де сүрінді. Болат Мукул Дахияны (Үндістан) 6:0-мен жеңіп жатып, ақырында 6:12 есебімен ұтылды. Азамат Мохаммадмобин Азимиден (Иран) соқыр ұпай ала алмады – 0:6. Үшінші орын үшін сайыста Қыдыр Сайпуддинов (Бахрейн) Сақаевқа сан соқытырса, Дәулетбеков Такаши Ишагуроны (Жапония) еш күмәнсіз ұтты.   

Былтыр 18 жасқа толған шағында өзінен бір-екі жас үлкен балуандарды тегістей ұтып, әлем чемпионы (U20) атанған Едіге Қасымбек (125 кг) ересектер дуына биыл ғана қатыса бастады. Қазақтың дарынды жігіті үшін алғашқы сынақ – осы Азия чемпионаты. Бішкекте ол өзін жақсы қырынан көрсетті. Едіге тұсаукескер кезесуінде Намбардагва Батбаярдан (Моңғолия) басым түсті. Келесі кезеңде Токио Олмпиадасының қола, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, құрлық чемпионы Әмір Хоссейн Заремен (Иран) күш сынасты. Азулы қарсыластан Қасымбек еш қаймыққан жоқ. Батыл күресіп, өзін мінезді балуан екенін байқатты. Бұл бәсекеде Заренің мерейі үстем болғанымен, қазақтың өр мінезді ұлының өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Қола медаль үшін белдесуде Едіге Бухееердун Бухееердуннан (Қытай) басым түсті. Сөйтіп, Қазақстанның еркін күрес шеберлері сары құрлықтың басты додасын екі қоламен қорытындалады.  

Жалпы командалық есепте Парсы елінің пехлевандары (4+1+3) алдарына жан салмады. Жапония (3+0+0) мен Үндістанның (2+3+2) балуандары ирандықтармен біраз иық тіресті. Одан кейінгі орындарды Солтүстік Корея (1+0+0), Бахрейн (0+3+3), Моңғолия (0+2+1), Өзбекстан (0+1+2), Қырғызстан (0+0+4), Қазақстан мен Тәжікстан (0+0+2) және Түрікменстан (0+0+1) еншіледі. 

Еркін күрестен Азия чемпиондары

57 кг – Милад Вализаде (Иран) , 61 кг – Ким Кван Миен (Оңтүстік Корея) , 65 кг – Сужеет Сужеет (Үндістан), 70 кг – Абхонимоу Абхонимоу (Үндістан), 74 кг – Йошинеске Аояги (Жапония), 79 кг – Кейван Гардачи (Жапония), 86 кг – Камран Гасемпур (Иран) , 92 кг – Мохаммадмобин Азими (Иран), 97 кг – Араш Йошида (Жапония) және 125 кг – Әмір Хоссейн Заре (Иран).     

Күрес түрлерінен Азия чемпионатына қатысатын балуандар белгілі болды

Соңғы жаңалықтар