Жарыс барысында жарақат алғанына қарамастан, елордалық спортшы толық марафон қашықтығын - 42,2 шақырымды сәтті еңсеріп, қайсарлықтың, төзімділіктің және спортқа деген адалдықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Салтанат Түйтебаев - белсенді өмір салты мен бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып жүрген жарқын тұлға. 2025 жылы отандасымыз Нью-Йорк марафонында 80–89 жас санатында чемпион атанып, жарысты 4 сағат 45 минутта аяқтаған. Ал 2021 жылы 75–79 жас санатында күміс жүлдеге ие болды.
Салтанатты қарсы алу рәсіміне спорт саласының өкілдері, спорт ардагерлері, спортшының туған-туыстары мен жақындары қатысты.
Туризм және спорт министрінің орынбасары Бауыржан Рапиков бұқаралық спортты дамыту мен саламатты өмір салтын насихаттаудың маңызына тоқталды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде бұқаралық спортты дамыту кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Халықтың барлық санаты үшін спортпен шұғылдануға қажетті жағдай жасалуда. Салтанат Түйтебаевтың жетістігі — қайсарлықтың, тәртіптің және саламатты өмір салтына адалдықтың айқын үлгісі. Осындай спортшылар жастарға жігер беріп, спорттың жас талғамайтынын дәлелдейді», - деді Бауыржан Рапиков.