Экология • 04 Қыркүйек, 2022

Кіші Талдыкөлді әлі де құтқаруға болады

315 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда Қазақстан Халық партиясы Кіші Талдыкөлдің мәселесіне арналған дөңгелек үстел өткізді. Аталған көлдің қазан­шұңқыры арнайы техникалар арқылы құрғатылып, маңайына көпқабатты тұрғын үй кешендері бой көтеріп жатқанына байланысты экологтер мен тұрғындар табиғи ортаны сақтау туралы мәселені ұдайы көтеріп келе жатқаны белгілі. Олардың айтуынша, табиғи саябақ құруға сұранып тұрған бұл аумақтағы құрғату жұмыстары қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіреді. Осы орайда белсенділер «Қала дерті 6» нүктелі құрылыс мәселелері туралы онлайн-эфирінің кезекті шығарылымын Кіші Талдыкөл мәселесіне арнады.

Кіші Талдыкөлді әлі де құтқаруға болады

Қазақстанның био­алуан­­түр­лілікті сақтау қауым­дас­ты­ғы­ның ғылыми қызметкері Рус­лан Оразалиевтің айтуынша, 2012 жылы ұйым қалалық әкімдікке сулы-батпақты ал­қаптар база­сында қалалық сая­бақ құру тұжы­рымдамасын ұсы­нып, Кіші Тал­дыкөлдің эко­жүйесін сақтап қалған-ды. Бірақ 2020 жылы кенеттен жеті көлдің біреуін жасанды жолмен жойы­п, орнын толтыру жұ­мыстары басталды.

«Бүгінде көл жоқ. Көлдің ортасында 12 қабатты үйлер салынды. Оған қосымша балалар орталығының құрылысы жүр­гізілуде. Сонымен қатар жоба бо­йынша мектеп, әлеуметтік ны­­сандар да бой көтермек. Ал көлдің орнын құрылыс қоқыс­та­ры­мен толтырды. Менің ойымша, бұл қауіпті. Тіпті құрылыс ережелеріне де сәйкес келмейді. Бұл мәселені әкімдікте көтерген кезде, маған: «сол жағалаудың барлығы қоқыс үстіне салынған» деп жауап бер­ді», дейді Р.Ора­залиев.

Құқық қорғаушы Шыңғыс Темір қазіргі уақытта белсенді­лерде Кіші Талдыкөлді сақтау туралы соттың үш шешімі бар екенін айтты. Өкінішке қарай, билік оны орындауға құлықсыз.

Экология министрлігінің өкі­лі Серікжан Бекетаев өз кезе­гінде ведомство әкімдіктен заң бойынша көл бойында су қорғау аймағы мен жолақтарын орнатуды бірнеше рет сұрағанын айтты. Әйткенмен, қала әкімінің су қорғау белдеуін белгілеу туралы қаулысы шықпаған.

«Су қорғау белдеуі белгі­ленген жағдайда, осы аумақтағы барлық шаруашылық әрекет Эко­логия министрлігімен келі­сілуге тиіс. Бірақ қаулы жоқ болғандықтан, біз әкімдіктің әре­кетін тексере алмаймыз», деді ол.

Ал «АстанаБасЖоспар» ЖШС қызметкері Аманжол Чи­канаев­тың айтуынша, қаланың бас жоспарының жобасында оңтүстік-батыс желдерінен қор­ғайтын орман-саябақ аймағын қалдыру қарастырылған.

«Біз 2000 жылдардың басында осы аумақта эколо­гия­лық қалалық саябақ құруды қарас­тыратын бас жоспар әзірледік. Оның оңтүстік бөлігінде әр континенттің жа­нуар­­­лар әле­мін көрсету үшін күм­без­дері бар хайуанаттар ба­ғын құру жү­йе­ленген. Ал сол­түстік бөлі­­гін қарақұйрықтар, киік­­тер, құ­ландар және Қазақстан дала­сы­ның басқа да жануарлары жайылуы үшін саванна тәрізді ашық жерге қалдырдық. Осы бағытта біз­дің сәулетші өте жақсы макет жаса­ды. Содан кейін бұл идея қара­жат болмағандықтан іске ас­пады. Біз бұл аумақты бо­ла­шақта эко­ло­гиялық саябаққа айналатын жа­сыл аймақ ретінде ұстадық», деді сәулетші.

Экологтердің айтуынша, Кі­ші Талдыкөл аумағында жән­діктердің 300-ден астам түрі, ба­лықтың екі түрі, қосмекен­ділер мен бауырымен жорға­лау­­­шылардың үш түрі, сүт­қо­рек­тілердің 10 түрі және құс­тар­дың 172 түрі мекендейді.

Ендігі кезекте көлдің флорасы мен фаунасын зерттеу керек. Сонымен бірге мамандар осы аумақ­­тағы жерасты және жерүсті су­ла­­рының салынып жатқан ны­сан­­дардың сапасына әсерін тү­бегейлі зерттеуді талап етеді. Са­рап­­­­шылардың айтуынша, жерас­ты сулары жиналатын бұл көлде бой түзеген көпқабатты тұр­­ғын үй ке­шен­дерінің құры­лысы адам­дардың өмі­ріне қауіп төндіреді.

Дөңгелек үстелге қатысу­шы­лар Кіші Талдыкөл көлінің қалған тобын әлі де сақтап қалуға болатыны туралы ортақ пі­кірге келді.