Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылыми қызметкері Руслан Оразалиевтің айтуынша, 2012 жылы ұйым қалалық әкімдікке сулы-батпақты алқаптар базасында қалалық саябақ құру тұжырымдамасын ұсынып, Кіші Талдыкөлдің экожүйесін сақтап қалған-ды. Бірақ 2020 жылы кенеттен жеті көлдің біреуін жасанды жолмен жойып, орнын толтыру жұмыстары басталды.
«Бүгінде көл жоқ. Көлдің ортасында 12 қабатты үйлер салынды. Оған қосымша балалар орталығының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар жоба бойынша мектеп, әлеуметтік нысандар да бой көтермек. Ал көлдің орнын құрылыс қоқыстарымен толтырды. Менің ойымша, бұл қауіпті. Тіпті құрылыс ережелеріне де сәйкес келмейді. Бұл мәселені әкімдікте көтерген кезде, маған: «сол жағалаудың барлығы қоқыс үстіне салынған» деп жауап берді», дейді Р.Оразалиев.
Құқық қорғаушы Шыңғыс Темір қазіргі уақытта белсенділерде Кіші Талдыкөлді сақтау туралы соттың үш шешімі бар екенін айтты. Өкінішке қарай, билік оны орындауға құлықсыз.
Экология министрлігінің өкілі Серікжан Бекетаев өз кезегінде ведомство әкімдіктен заң бойынша көл бойында су қорғау аймағы мен жолақтарын орнатуды бірнеше рет сұрағанын айтты. Әйткенмен, қала әкімінің су қорғау белдеуін белгілеу туралы қаулысы шықпаған.
«Су қорғау белдеуі белгіленген жағдайда, осы аумақтағы барлық шаруашылық әрекет Экология министрлігімен келісілуге тиіс. Бірақ қаулы жоқ болғандықтан, біз әкімдіктің әрекетін тексере алмаймыз», деді ол.
Ал «АстанаБасЖоспар» ЖШС қызметкері Аманжол Чиканаевтың айтуынша, қаланың бас жоспарының жобасында оңтүстік-батыс желдерінен қорғайтын орман-саябақ аймағын қалдыру қарастырылған.
«Біз 2000 жылдардың басында осы аумақта экологиялық қалалық саябақ құруды қарастыратын бас жоспар әзірледік. Оның оңтүстік бөлігінде әр континенттің жануарлар әлемін көрсету үшін күмбездері бар хайуанаттар бағын құру жүйеленген. Ал солтүстік бөлігін қарақұйрықтар, киіктер, құландар және Қазақстан даласының басқа да жануарлары жайылуы үшін саванна тәрізді ашық жерге қалдырдық. Осы бағытта біздің сәулетші өте жақсы макет жасады. Содан кейін бұл идея қаражат болмағандықтан іске аспады. Біз бұл аумақты болашақта экологиялық саябаққа айналатын жасыл аймақ ретінде ұстадық», деді сәулетші.
Экологтердің айтуынша, Кіші Талдыкөл аумағында жәндіктердің 300-ден астам түрі, балықтың екі түрі, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың үш түрі, сүтқоректілердің 10 түрі және құстардың 172 түрі мекендейді.
Ендігі кезекте көлдің флорасы мен фаунасын зерттеу керек. Сонымен бірге мамандар осы аумақтағы жерасты және жерүсті суларының салынып жатқан нысандардың сапасына әсерін түбегейлі зерттеуді талап етеді. Сарапшылардың айтуынша, жерасты сулары жиналатын бұл көлде бой түзеген көпқабатты тұрғын үй кешендерінің құрылысы адамдардың өміріне қауіп төндіреді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Кіші Талдыкөл көлінің қалған тобын әлі де сақтап қалуға болатыны туралы ортақ пікірге келді.