Пікір • 07 Қыркүйек, 2022

Сенімді тылдың маңызы жоғары

130 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының кезекті Жолдауы жалпыұлттық референдумнан кейін қазақстандықтар саяси жаңғырту бағытын қолдап, еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқан тұста бұған дейінгі Жолдаудың заңды жалғасындай қабылданды. Осыны ескерсек, келесі қадам экономиканы нығайтуға арналмақ.

Сенімді тылдың маңызы жоғары

Әскери адамдар үшін де отбасының әл-ауқатының артуы маңызды болып қала бермек. Бұл жаңа бағдарламалық құжат еліміздің басты құндылығы – халық­қа арналғандықтан, оны біз сөзсіз қолдай­мыз. Осыған сәйкес, халықтың мемле­кет­пен қарым-қатынасын қайта қалып­тастыру процесінде мүмкіндіктер теңдігі мен барлық адамдар үшін әділет­тілік қамтамасыз етіледі. Бірінші кезекте, бұл ұлттық байлықты әділ бөлу және қазақстандықтардың бәріне бірдей мүм­кіндік беру. Осының бәрі азаматтары­мыз­дың әл-ауқатының сапалы әрі инклюзивті өсуіне барынша мүмкіндік беруге тиіс.

Жолдауда Ұлт денсаулығы мен сапалы білім беру мәселесіне айтарлықтай мән берілген. Халық даналығы «Тәрбие тал бесіктен басталады» дейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құруда мектеп мұғалімдері шешуші рөл атқаратынын жайдан-жай атап өткен жоқ. Сондықтан жаңа мектептер са­лу мем­лекеттік құрылымдардың өзек­ті мін­дет­терінің бірі болып қала береді.

Ата Заңымызда жер мен табиғи байлық халыққа тиесілі екені айтылған. Бұл қазақ­стандық әр отбасының ұлттық байлықтың қандай да бір мөлшерін пайдалануына кепілдік береді. Жолдауда Президент «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасын ұсынды. Осыған сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы кірісінің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың арнайы жинақтаушы есеп шоттарына аударылатын болады. Бұл бастама – өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған көмек.

Қашанда еңбек адамы халық арасында құрметке ие. Сол себепті қоғамда өз ісінің маманына және еңбекқор жандарға құрмет көрсету басымдық болып қала бермек.

Алайда мемлекеттік басқару жүйесі қайта құрылмаса, экономикалық реформа жасау мүмкін емес. Ел Президентінің саяси қызметкерлердің жеке жауапкершілігін арттыра отырып, мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыруға деген ұмтылысы оңтайлы шешім болды.

Реформалар мен жаңару бағытын нық ұстана отырып, мемлекеттілікті дәйекті нығайта түсу – уақыт талабы. Қасым-Жомарт Тоқаев ел мүддесі бәрінен жоғары екенін көрсетті. Мемлекет басшысы жария еткен Президент мандатын 7 жылға, бір ғана мерзімге шектеу туралы ұсынысы халықтан қолдау тапты.

Қазақстанның болашағы – қазақстан­дықтардың өз қолында. Халық пен армия­ның біртұтас екені бәрімізге мәлім. Мем­лекет басшысының бастамалары Қару­лы күштерді дамытуға, еліміздің қор­ғаныс қабілетін нығайтуға бағытталғаны анық.

 

Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ,

Қорғаныс министрі, генерал-полковник