Әскери адамдар үшін де отбасының әл-ауқатының артуы маңызды болып қала бермек. Бұл жаңа бағдарламалық құжат еліміздің басты құндылығы – халыққа арналғандықтан, оны біз сөзсіз қолдаймыз. Осыған сәйкес, халықтың мемлекетпен қарым-қатынасын қайта қалыптастыру процесінде мүмкіндіктер теңдігі мен барлық адамдар үшін әділеттілік қамтамасыз етіледі. Бірінші кезекте, бұл ұлттық байлықты әділ бөлу және қазақстандықтардың бәріне бірдей мүмкіндік беру. Осының бәрі азаматтарымыздың әл-ауқатының сапалы әрі инклюзивті өсуіне барынша мүмкіндік беруге тиіс.
Жолдауда Ұлт денсаулығы мен сапалы білім беру мәселесіне айтарлықтай мән берілген. Халық даналығы «Тәрбие тал бесіктен басталады» дейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құруда мектеп мұғалімдері шешуші рөл атқаратынын жайдан-жай атап өткен жоқ. Сондықтан жаңа мектептер салу мемлекеттік құрылымдардың өзекті міндеттерінің бірі болып қала береді.
Ата Заңымызда жер мен табиғи байлық халыққа тиесілі екені айтылған. Бұл қазақстандық әр отбасының ұлттық байлықтың қандай да бір мөлшерін пайдалануына кепілдік береді. Жолдауда Президент «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасын ұсынды. Осыған сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы кірісінің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың арнайы жинақтаушы есеп шоттарына аударылатын болады. Бұл бастама – өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған көмек.
Қашанда еңбек адамы халық арасында құрметке ие. Сол себепті қоғамда өз ісінің маманына және еңбекқор жандарға құрмет көрсету басымдық болып қала бермек.
Алайда мемлекеттік басқару жүйесі қайта құрылмаса, экономикалық реформа жасау мүмкін емес. Ел Президентінің саяси қызметкерлердің жеке жауапкершілігін арттыра отырып, мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыруға деген ұмтылысы оңтайлы шешім болды.
Реформалар мен жаңару бағытын нық ұстана отырып, мемлекеттілікті дәйекті нығайта түсу – уақыт талабы. Қасым-Жомарт Тоқаев ел мүддесі бәрінен жоғары екенін көрсетті. Мемлекет басшысы жария еткен Президент мандатын 7 жылға, бір ғана мерзімге шектеу туралы ұсынысы халықтан қолдау тапты.
Қазақстанның болашағы – қазақстандықтардың өз қолында. Халық пен армияның біртұтас екені бәрімізге мәлім. Мемлекет басшысының бастамалары Қарулы күштерді дамытуға, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталғаны анық.
Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
Қорғаныс министрі, генерал-полковник