Пікір • 07 Қыркүйек, 2022

Азаматтарды жігерлендірді

199 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Жолдауы халықтың тұрмыс-тіршілігін, еліміздің келешегін, шағын бизнесті қолдауға көптеген бастамасымен және Президент, Парламент сайлауларына қатысты батыл ұсыныстарымен ұнады. Көп нәрсе, әлбетте, өзімізге және Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаушы Үкіметке байланысты. Жолдауда Президент ең басты құндылық – ұлт саулығына айрықша тоқталып, бірқатар тапсырма берді. Бастысы, осы жоспарларды жүзеге асыру. Бұл – оңай міндет емес. Өйткені саланы, әсіресе ауылдық жердегі денсаулық сақтау саласын кадрларды даярлап қана қоймай, оларды ынталандыруымыз қажет.

Азаматтарды жігерлендірді

Соңғы деректерге сәйкес медици­на саласында 267 мың адам еңбек етеді екен. Оның ішінде 78 мың­нан аса дәрігер, 188 мыңдай орта меди­ци­на қызметкері бар. 10 мың тұр­ғын­ға шаққанда дәрігермен қамты­лу деңгейі – 40,9, орта медицина қызметкерлерімен қамтылу деңгейі 98,7 бірлікті құрайды. Ашығын айт­қанда, бұл дамыған елдермен деңгейлес. Алайда ауылдағы ден­сау­лық сақтауды жаңғырту жобасы аясында Президент айтқан 32 ауданаралық көпбейінді ауруханаға 540 жоғары білікті дәрігер мен 250 орта медицина қызметкерін әзірлеп, жұмыспен қамту міндеті тұр. Демек аудандық ауруханаларға невролог, ангиохирург, нейрохирург, анестезиолог, реаниматолог, радиолог, травматолог-ортопед, акушер-гинеколог, неонатолог, балалар хирургі, кардиолог сияқты мамандар даярлау керек.

Жалпы, еліміздегі 7 медицина­лық универ­ситетте облыстар мен қала­лар­­­дың шартты территориялық бекі­тілі­міне қарай 16 бейінді мамандық бойын­ша кадрлар даярланады. 2022-2024 жылдар аралығында жоғарыда аталған мамандықтар бойынша 2 840 маман әзірленеді. Сол сияқты ауылдарда 650 медициналық-санитарлық алғаш­қы көмек объектілері (медициналық пункт, акушерлік-фельдшерлік пункт, дәрігерлік амбулатория) салу арқылы 2 211 медицина қызметкеріне жұмыс орны пайда болады және 50 жалпы тәжірибе дәрігеріне, 70 мейіргерге, 61 фельдшерге, 87 акушерге қосымша қажеттілік туады. 

Қазір еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарында жыл сайын 3 500 жалпы тәжірибе дәрігері даярланады. Сондай-ақ таяудағы үш жылда медициналық колледждерден 16 мың мейіргер мен 17 мың фельдшер оқытылады. Сондықтан респуб­лика көлемінде орта медицина кадр­лары­ның жетіспеушілігі болмауға тиіс.

Бұл жерде медицина қызметкер­лерін ауылға баруға қалай ынта­лан­­дыра­мыз деген сауал өзекті. Қазір ай­мақ­тарға бөлінген медицина түлектеріне әртүрлі қолдау көрсеті­леді. Сол секілді ауылға, аудандық ауру­­ханаға жұмыс істеуге келген маман­­дарға еңбекақысын біртіндеп өсіру, еңбекақыны дифференциалды төлеу жүйесін енгізу, баспанамен қам­тамасыз ету, курорттық емдеуге жолдама беру, білімін үздіксіз жетілдіруге жағдай жасау секілді кешенді қолдау шарасы жоспарланып отыр.

Бұған қоса Президент Әлеуметтік медици­налық сақтандыру қоры мен сақтандыру медицинасын жетілдіру бағытындағы жұмысты сынға алды. Бұл жерде айта кетерлік жайт, мемлекет денсаулық сақтауды қаржы­лан­дыруды толық өз міндетіне алмайынша, МӘМС сала үшін өмірлік маңызы бар жүйе екенін түсінуіміз керек. Меніңше, азаматтардың өз ден­саулығына жауапкершілік сезінуі, клиникалар арасында пациент үшін бәсекелестік, медициналық көмек­ке мемтапсырысты бөлген кезде мей­лінше ашықтықты сақтау қор жұмы­сының ең басты бағыты болуға тиіс. Қордың мақсаты – халықтың барлық деңгейіне медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Мемлекет басшысы жеке кәсіпкер­лікке инвестициялық тартымды­лықты арттыру жөнінде де жақсы айтты. Мұның денсаулық сақтау саласына да қатысы бар. Медицина саласындағы кез келген құрылысты жоспарлағанда, мердігер инвесторға шарттары тиімді жеке мен мемлекеттің әріптестігі негізінде конкурс арқылы анықталса дұрыс болар еді.

Сонымен қатар, Президент ре­зиден­тураға гранттар санын көбейту­­­ді тапсырды. Бұл орайда жоғары білікті оқытушылар мен тәлім­герлерді даярлау мәселесіне де көңіл бөлген жөн. Медицина универ­ситеттерінің рөлі, оның ішінде профессор-оқытушылар құрамының рөлі едәуір артуға тиіс.

Қорыта айтқанда Президент Жолдауы қоғамды біріктіріп, азаматтарды адал еңбек етуге, ел дамуына үлес қосуға жігерлендіреді.

 

Вячеслав ЛОКШИН,

ҰҒА академигі, Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының президенті