Соңғы деректерге сәйкес медицина саласында 267 мың адам еңбек етеді екен. Оның ішінде 78 мыңнан аса дәрігер, 188 мыңдай орта медицина қызметкері бар. 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігермен қамтылу деңгейі – 40,9, орта медицина қызметкерлерімен қамтылу деңгейі 98,7 бірлікті құрайды. Ашығын айтқанда, бұл дамыған елдермен деңгейлес. Алайда ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы аясында Президент айтқан 32 ауданаралық көпбейінді ауруханаға 540 жоғары білікті дәрігер мен 250 орта медицина қызметкерін әзірлеп, жұмыспен қамту міндеті тұр. Демек аудандық ауруханаларға невролог, ангиохирург, нейрохирург, анестезиолог, реаниматолог, радиолог, травматолог-ортопед, акушер-гинеколог, неонатолог, балалар хирургі, кардиолог сияқты мамандар даярлау керек.
Жалпы, еліміздегі 7 медициналық университетте облыстар мен қалалардың шартты территориялық бекітіліміне қарай 16 бейінді мамандық бойынша кадрлар даярланады. 2022-2024 жылдар аралығында жоғарыда аталған мамандықтар бойынша 2 840 маман әзірленеді. Сол сияқты ауылдарда 650 медициналық-санитарлық алғашқы көмек объектілері (медициналық пункт, акушерлік-фельдшерлік пункт, дәрігерлік амбулатория) салу арқылы 2 211 медицина қызметкеріне жұмыс орны пайда болады және 50 жалпы тәжірибе дәрігеріне, 70 мейіргерге, 61 фельдшерге, 87 акушерге қосымша қажеттілік туады.
Қазір еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарында жыл сайын 3 500 жалпы тәжірибе дәрігері даярланады. Сондай-ақ таяудағы үш жылда медициналық колледждерден 16 мың мейіргер мен 17 мың фельдшер оқытылады. Сондықтан республика көлемінде орта медицина кадрларының жетіспеушілігі болмауға тиіс.
Бұл жерде медицина қызметкерлерін ауылға баруға қалай ынталандырамыз деген сауал өзекті. Қазір аймақтарға бөлінген медицина түлектеріне әртүрлі қолдау көрсетіледі. Сол секілді ауылға, аудандық ауруханаға жұмыс істеуге келген мамандарға еңбекақысын біртіндеп өсіру, еңбекақыны дифференциалды төлеу жүйесін енгізу, баспанамен қамтамасыз ету, курорттық емдеуге жолдама беру, білімін үздіксіз жетілдіруге жағдай жасау секілді кешенді қолдау шарасы жоспарланып отыр.
Бұған қоса Президент Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен сақтандыру медицинасын жетілдіру бағытындағы жұмысты сынға алды. Бұл жерде айта кетерлік жайт, мемлекет денсаулық сақтауды қаржыландыруды толық өз міндетіне алмайынша, МӘМС сала үшін өмірлік маңызы бар жүйе екенін түсінуіміз керек. Меніңше, азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілік сезінуі, клиникалар арасында пациент үшін бәсекелестік, медициналық көмекке мемтапсырысты бөлген кезде мейлінше ашықтықты сақтау қор жұмысының ең басты бағыты болуға тиіс. Қордың мақсаты – халықтың барлық деңгейіне медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Мемлекет басшысы жеке кәсіпкерлікке инвестициялық тартымдылықты арттыру жөнінде де жақсы айтты. Мұның денсаулық сақтау саласына да қатысы бар. Медицина саласындағы кез келген құрылысты жоспарлағанда, мердігер инвесторға шарттары тиімді жеке мен мемлекеттің әріптестігі негізінде конкурс арқылы анықталса дұрыс болар еді.
Сонымен қатар, Президент резидентураға гранттар санын көбейтуді тапсырды. Бұл орайда жоғары білікті оқытушылар мен тәлімгерлерді даярлау мәселесіне де көңіл бөлген жөн. Медицина университеттерінің рөлі, оның ішінде профессор-оқытушылар құрамының рөлі едәуір артуға тиіс.
Қорыта айтқанда Президент Жолдауы қоғамды біріктіріп, азаматтарды адал еңбек етуге, ел дамуына үлес қосуға жігерлендіреді.
Вячеслав ЛОКШИН,
ҰҒА академигі, Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының президенті