Қоғам • 08 Қыркүйек, 2022

Дімкәс сәбидің дүниетанымын кеңейтеді

260 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы Балалар жылында балаларға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Әсіресе аутизм ауруына шалдыққан балалар және олардың отбасы мен түзелту орталығының өзара қарым-қатынасы да қоғамда кейінгі кездері нығая түскен. Бұл ретте Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан «Алтын Ұя Еркеле» орталығы сөзімізге дәлел бола алады.

Дімкәс сәбидің дүниетанымын кеңейтеді

200-ге жуық бала тәр­биелейтін орталықтың негіз­гі мақсаты – аутизммен ілісе жүретін жетіспеушіліктер мен отбасындағы қысымды тө­мендету, өмір сапасы мен функ­ционалды тәуелсіздігін жоғарылату. Ондағы мамандар емдеудің бірыңғай оптималды әдісі жоқ, ол тек жекелей таңдалып, ұзақ арнайы білім беру мен мінез-құлық­тық емдеу бағдарламалары арқылы балаға ерте кезден кө­мек көрсету, қарым-қатынас арқылы жұмыс дағдыларын алуға жағдай жасау, жұмыс деңгейін жоғарылататынын алға тартады. Сондай-ақ симп­томдар мен бейімделмеген мінез-құлық қиындықты тө­мен­деткенімен, балаға 3 жас шамасында көмек көрсетудің аса маңыздылығы туралы хабарламалар дәлелдемелермен бекітілмеген.

Бұл тұрғыда аталған орта­лықтың АВА-терапия маманы Айгерім Темір: «Аутизмді түзетудің бірқатар әдісі бар: АВА терапия, арт терапия, йога кабинеті. АВА-терапия бұл – мінез-құлық техноло­гия­лары мен оқыту әдістеріне негізделген қарқынды оқыту бағдарламасы. АВА ғылыми тұрғыда адамның мінез-құлқын өзгерту үшін, мінез-құлыққа қоршаған орта факторларының әсерін зерттей отырып, осы факторлармен әрекет етеді. АВА-ның соңғы мақсаты – балаға қоршаған әлемді өз бетінше танып-білуге жағдай жасау. Ал арт-терапия негізгі әдіс немесе көмекші әдіс ретінде қолданыла алады», дейді.

Иә, дімкәс баланың өмірге келуі бірінші кезекте от­басын психологиялық өзге­ріс­терге алып келетіні рас. Ауыт­қу­шы­лығы бар баланың отбасында алғашқы күннен бастап ата-анасының ұнжырғасы түсіп, күйзеліске тап болады. Ата-аналарының қоршаған ортамен қарым-қатынасы үзіледі, байланыс аясы тек туыстары, дәрігер, мұғалімдермен ғана шектеледі. Баланың мінез-құлқындағы, тәртібіндегі әр­түрлі өзгерістер ата-ананың көңіл күйіне қатты әсер етіп, мазасыздық туғызады. Сол себепті отбасындағы өзара қа­рым-қатынастар бұзылады әрі қиындыққа тіреледі. Мұндай балаларды тәрбиелеуде ата-аналарға педагогтердің, арнайы мамандардың көмегі қажет екені даусыз. Баланың өз-өзіне қызмет көрсетуі, дұ­рыс шешім қабылдай алудағы батылдығы, тәртіп пен мәдениет жайындағы білімдерінің негізі алдымен отбасында қаланады.

Бастысы, бала жағдайы­ның барлық ауырлығын ке­нет­тен ұғыну, аутизмі бар ба­ла­ларға қандай да бір көмек жүйесінің болмауы, аутист баланың отбасы тіпті жақын­дарының да адамгершілік қол­дауынан айырылуы, балаға деген аса тәуелділігі үшін ана­сының уақыты мен жеке бос­тандығының шамадан тыс шек­теулігі және ата-аналарына жеткілікті түрде эмоционал­ды әсер бермеуі аутизмнің объективті себептері екенін ұмыт­пауымыз керек.

 

Уәлихан ЖАЙЛАУ