Қоғам • 16 Қыркүйек, 2022

Саябақты итшабарға айналдырмайық

234 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Таңертеңгісін 28 панфиловшылар атындағы паркте таза ауамен дем алып, қыдырыстап жүретінім бар. Алайда саябақ ішінде әрі-бері шапқылаған иттер мазаңды алады. Жақын маңайдағы ит ұстайтындардың бәрі осы жерге жиналады.

Саябақты итшабарға айналдырмайық

Ал бостандыққа шыққан иттер осында ойнақ салады. Бұл аз дегендей, оларға қаңғыбас иттер қосылады. Айналаның бәрі ию-қию. Демалған құрлы болмайсың! Еріксіз сыртқа шығасың.

Болмаса бір ауық жасыл шөп үстін жалаңаяқ басып жүргің келеді. Алайда ол мүмкін емес. Аяқ басқан сайын иттің нәжісі. Сондай-ақ ағаш саясында да дамылдап отыра алмайсың. Қай ағашқа да ит сарып кеткен.

Парк – қаланың көркі. Және де ол біреудің жекеменшігі емес. Демек қала басшылығының осындай құндылыққа назар аударғаны жөн-ақ. Әйтпесе мынадай демалыс орнында өзге де аң-құс түрлері бой көрсете бастауы кәдік.

Білуімше, Орталық саябақта дәл мұндай бетімен кетушілік жоқ. Ол жерде ит жетектегендерге айыппұл салынады. Сондай шараны Панфиловшылар паркінде де қолдану керек!

Тағы бір сөз. Шынтуайтына келгенде, қазіргі күні 28 панфиловшылардан қадір кетті. Сондықтан парк атын Бауыржан Момышұлының атына беретін уақыт жетті. Бәлкім, сол кезде паркті өз үйлеріндей көріп, еркін көсіліп жүрген иттер де өз жөндерін табар.

 

Құдияр БІЛӘЛ,

журналист, қала тұрғыны

 

АЛМАТЫ