Пікір • 16 Қыркүйек, 2022

Көрпемізге қарап көсілсек те...

462 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңа Жолдаудың бастауында ел Президенті «Біз көрпеге қарай көсілу керек екенін ұмытпауымыз керек» деп халық даналығын алға тартты. Жөн сөз, реформа мен экономикаға орай айтылған пайым.

Көрпемізге қарап көсілсек те...

Байырқап қарасақ, қазақ­тың көрпесі әрі қалың, әрі жылы. Біздің көрпемізді жамыл­маған халық жоқ шығар, қиын күн­­дер­дің бәрінде көрпе­міз бас­қаларға пана болды. Көр­пемізді қосыла жамылғандардың бәрі айтулы күні қандай жақсы сөз, жағымды жаңалық естір екенбіз деп көрпе астынан мойындарын қылтитып, құлақтарын түріп жүрді.

Жолдауда жақсы сөз көп, мұның бәрі – болашақтың бас­тауы. Ұлттық қорды халық несі­бесі деп қарап, ел игілігіне жара­ту деген құлаққа жағымды әрі жүректі дүрсілдететін-ақ сөз. Тек ақыры қайырлы болсын. Жолай Батыраш-Қотыраш­тардың кес-кестеуінен сақтасын. Қаңтар қырғынына қатысқан­дарға жеңілдік жасау да ел мұңы мен арманы еді. Ол да орындалатын болды. Жолдау­ды көгілдір экраннан көріп, тың­дап, жақын маңдағы саябақ­қа жүрек дүрсілімізді баса­йын деп шыға беріп едім, күнде көріп жүрген көк көз, сары шаш­ты жолай дос тарпа бас сал­ды. «Әне, Президенттің өзі айтты, қазақ және орыс тілдерін қатар меңгеру керек деп. Сендер мемлекеттік тіл деп сөзді шығындай бересіңдер» деп алқымнан алды. Тілімді тістеп қалдым. Сол жерге «Қазақстанды мекендеуші әрбір ұлттың өкілі мемлекеттік тілді білуге тиіс» деген бір сөйлем керек-ақ еді. Үйден шыққан бетте көрпемізді бөліп жамылғандардың көзімізді шұқып тұрғанын қарашы.

Қазақ – кең пішіліп, Құдайына қараған халық. Тілімізді де, жерімізді де біреуге беріп қойып, енді қаңбақ сөзді қуалап жүрміз. Әбіш Кекілбайдың «Тасбақа­ның шөбі» деген әңгімесі «Сәті түсейін десе, бәрі оңынан орала кетеді екен» деп басталады. Сәті түсіп-ақ тұр, бірақ тасбақа аяңмен аузымыздағы шөбімізді әлі алып келе жатырмыз. Тасбақа көрген жолаушының жолы болады деуші еді, қайран Әбекең оны әлдеқашан көріп, өмірден өтіп кеткен жоқ па? Бізге тасбақа аяң емес, қасқырдың жүйткуі керек. Әйтпесе қанағатшыл тасбақаның шөбін жолда әлдекімдер қақшып кетуі кәдік. Кең көрпемізді бір желпіп тастайтын кез келді. Сонда иіс-қоңыстан арылар едік. Ық жақтан да ызғар соғып тұр. Саябақта да жөндеп серуендей алмайсың. Әлдекімнен сөз естіп қалам ба деп өз жеріңде өзің қуыстанып жүресің...

Жолдау – жаңа өмірдің жаршысы. Жаңғырған Қазақстанда жақсы істеріміз мол болғай!

 

Қуандық ТҮМЕНБАЙ,

жазушы