Пікір • 21 Қыркүйек, 2022

Жаңа дәуірге жасалған саяси қадам

1252 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан үлкен кезең алдында тұр. Таяуда Парламенттің бірлескен отырысында халық­­тың келешегі, елдің ертеңі үшін маңызды шешім қабыл­данды. Атап айтқанда, Прези­денттік өкілеттікті 7 жыл­дық бір мерзімнен шектеу, Конс­ти­туциялық сот мүшелерін тағайындау және елорданың бұрынғы атауын қайтару секілді мәселелер қаралды. Бірлескен отырыс­та қаралған мәселелер Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жол­дауымен үндес шығып отыр.

Жаңа дәуірге жасалған саяси қадам

Президент өз Жолдауында саяси реформаларды тиімді жүргізудің маңызына тоқтала келе, елдегі сайлау кезеңдерін тиімді жоспарлауды атап өткен болатын. Жаңа страте­гияға сәйкес басты мемлекеттік институт­тарды кешенді түрде қайта жаңғыр­туға кірісу қажет екенін мәлімдеді.

«Билік өзінің жоспарын қоғамнан жасырын ұстайтын саяси дәстүрден арылуымыз керек. Сондықтан, мен бүгін алдағы сайлау науқандарының кестесін барша халыққа жариялағым келеді. Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім ман­даты қажет. Мен үшін мемлекет мүд­десі бәрінен биік. Сондықтан мен өкі­лет­тік мерзімімді қысқартуға және кезек­тен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын», деді Қ.Тоқаев Жолдауда.

Осы орайда, Мемлекет басшысы президент өкілеттігі мерзімін қайта қарап, мандат ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Сондай-ақ бір адамның қайта сайлануына тыйым салуға кеңес берді. Депутаттар бірлескен отырыста осыларды ескере келе, «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Конституциясына өз­ге­рістер мен толықтыру енгізу ту­ралы» заң жобасында бес бапқа өзге­ріс және бір бапқа толықтыру енгізді.

Жолдаудан кейін халық арасында 7 жылдық мерзімге байланысты түсініспеушілік болған еді. Сарапшылардың өзі бұл мерзім күздегі сайлауда қолданыла ма, әлде келесі саяси бәсекеде жүзеге аса ма деп алаңдады. Тіпті осы арқы­лы қазіргі Мемлекет басшысы прези­денттік өкілеттігін 12 жылға ұзартып алмақшы деген пікірлер де айтылды.

Бірақ бұл негізсіз қауіп еді. Прези­денттің мандатын қайта сайлану мүм­кін­дігінсіз бір мерзімге шектеу заң күшіне енгеннен кейін жеті жыл мерзімге президенттікке сайланған адамдарға қолданылады. Сондай-ақ Конституцияның Президенттің өкілеттік мерзіміне және оны қайта сайлау жөніндегі шектеулерге қатысты ережелерінің өзгермейтінін белгі­лей­тін түзету енгізілді. Бұл болашақта Пре­зи­дент өкілеттігінің еселігін немесе мерз­імін ұлғайтуға жол бермейді. Осы­лайша, Президенттің мандатын қайта сайлану мүмкіндігінсіз бір мерзімге шектеу туралы норма Конституцияның ажырамас бөлігіне айналады.

Айтпақшы, демократияның атасы саналатын АҚШ-та да осыған ұқсас жағдай болған. 1947 жылы аталған елдің конституциясына 22 толықтыру енгізілді. Сол арқылы президент өкілеттігін екі мерзіммен шектеу туралы заң қабылданды. Яғни бір адам екі мерзімнен артық президент бола алмайды деген ереже енгізілді. Бірақ бұл бап енгізілген кезде президент міндетін атқарып тұрған саясаткерге қатысы жоқ екені де қарастырылған. Осылайша, сол кезде Ақ үйдің тізгінін ұстап тұрған Гарри Трумэнге бұл өзгерістер қарастырылған жоқ.

Ендеше, мұндай дәстүрге сүйеніп конс­титуциялық өзгерістер президент сай­лауынан кейін енгізілсе, Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл 2022 жылы 5 жыл­ға сайланса, онда жаңа сайлау заңы­­на байланысты тағы да 7 жылдық пре­­зи­дент сайлауына қатысуына құқылы болатын еді. Мұндай жағдайда алдағы 7 жыл­­дық мерзімі 12 жылға созылып, 2029 жылы емес, 2034 жылы аяқталар еді.

Бірақ Мемлекет басшысы демо­кратиялық даңғыл жолға түсу үшін ел мүддесінен жоғары қойып, азамат­тық ерік-жігер танытты. Парламент қабылдаған заң жобасында қазіргі Президентке және одан кейінгі барлық мемлекет басшысына Президент сайлауына қайта қатысуға заңмен ты­йым салынды. Таяуда бұл құжатқа Мемлекет басшысы қол қойып, заңды күшіне енді.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Конституцияға енгізілген мұндай өзгерістің маңызы неде? Бірін­шіден, 7 жыл – кез келген ауқым­ды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екіншіден, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндет­терін шешуге барынша жұмы­луын қамтамасыз етеді. Үшіншіден, ел тізгінін қолына алған тұлға келесі сайлау туралы ойланып, популистік шешімдер қабылдамайды. Ал мұн­дай жағдайдың ел мүддесіне қайшы келетінін тарихтан білеміз. Төр­тін­шіден, мұндай қадам биліктің моно­поли­зациялануына, узурпацияға жол бер­мейді. Бесіншіден, бұл – Әділет­ті Қазақстан құруға жасалған нық қадам. Өйткені жаңа норма жаңа саясатк­ер­лер мен көшбасшылардың шығуына, елмен етене араласа жұмыс істейтін, халықты тыңдататын, өзі де тыңдай білетін жаңа буынның келуіне мүмкіндік береді.

Парламенттің бірлескен отырысында қаралған тағы бір маңызды мәселе – елорда атауын өзгертуге байланысты шешім. Өздеріңізге мәлім, 2019 жылы Астана атауы Нұр-Сұлтан болып ауысқан еді. Бірақ қоғам мұны қабылдаған жоқ. Әлеуметтік желілерде де, халықпен кездесулерде де Астана атауын қайтару туралы ұсыныс жиі көтерілді. Депутаттар өңірлерге бар­ғанда халық осындай ұсыныстарын айтты. Осыған байланысты «Әділетті Қазақстан» депутаттар тобы елорданың бұрынғы атауын қайтаруды ұсынды.

Мұндай шешімнің артықшылығы бар. Біріншіден, Астана атауы әлемдік деңгейде қалыптасқан брендке айналып үлгерді. Елордамызда ЕҚЫҰ саммитін өткіздік. 2017 жылғы халық­а­ра­лық іс-шара «Астана ЭКСПО» атауы­мен жақсы таныс. Сириядағы ахуал­ға байланысты дәстүрлі түрде өткі­зіліп тұратын кездесу «Астана процесі» атауымен белгілі. «Астана» велокомандасының жанкүйерлері әлемнің түкпір-түкпірінде жетерлік. Елордалық «Астана» футбол клубы Еуропаның байрақты бәсекесінде атой салғаны жанкүйер қауымға жақсы таныс. Қысқасы, Астана атауы Ұлы даланың брендіне айналған десек қателеспейміз.

Тағы бір мәселе – Конституциялық сот судьяларының өкілеттік мерзіміне байланысты. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Конституциялық сот судья­лары­ның өкілеттік мерзімі оларды таға­йындайтын адамдардың өкілет­тік мерзімінен ұзақ болуы керек. Мысалы, Германия, Италия, Испания, Португалия және басқа да бір­қатар елдің конституциялық соттары осылай қалыптасады. Бұл – Конститу­циялық сот судьяларының әртүрлі саяси күштердің ықпалына түспеуіне мүмкіндік береді. Осыған байланыс­ты заң жобасында Конституциялық соттың судьялары қайта тағайын­далуы­на шектеу қоя отырып, Консти­туциялық сот судьяларының өкілеттік мерзімдерін сегіз жылға дейін ұлғайту қарастырылды.

Президент Жолдауында айтыл­ған мәселелер парламентте заңды жалғасын тапты. Осылайша, ел дамуына қажетті саяси шешімдер қабылданды. Ендігі міндет – алдағы президенттік, содан кейін келер жылғы парламенттік сайлауды тиісті деңгейде өткізу. Ал бұған қоғам жұмыла атсалысуы қажет.

 

Ғалымжан ЕЛЕУОВ,

Мәжіліс депутаты