Президент өз Жолдауында саяси реформаларды тиімді жүргізудің маңызына тоқтала келе, елдегі сайлау кезеңдерін тиімді жоспарлауды атап өткен болатын. Жаңа стратегияға сәйкес басты мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғыртуға кірісу қажет екенін мәлімдеді.
«Билік өзінің жоспарын қоғамнан жасырын ұстайтын саяси дәстүрден арылуымыз керек. Сондықтан, мен бүгін алдағы сайлау науқандарының кестесін барша халыққа жариялағым келеді. Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын», деді Қ.Тоқаев Жолдауда.
Осы орайда, Мемлекет басшысы президент өкілеттігі мерзімін қайта қарап, мандат ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Сондай-ақ бір адамның қайта сайлануына тыйым салуға кеңес берді. Депутаттар бірлескен отырыста осыларды ескере келе, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасында бес бапқа өзгеріс және бір бапқа толықтыру енгізді.
Жолдаудан кейін халық арасында 7 жылдық мерзімге байланысты түсініспеушілік болған еді. Сарапшылардың өзі бұл мерзім күздегі сайлауда қолданыла ма, әлде келесі саяси бәсекеде жүзеге аса ма деп алаңдады. Тіпті осы арқылы қазіргі Мемлекет басшысы президенттік өкілеттігін 12 жылға ұзартып алмақшы деген пікірлер де айтылды.
Бірақ бұл негізсіз қауіп еді. Президенттің мандатын қайта сайлану мүмкіндігінсіз бір мерзімге шектеу заң күшіне енгеннен кейін жеті жыл мерзімге президенттікке сайланған адамдарға қолданылады. Сондай-ақ Конституцияның Президенттің өкілеттік мерзіміне және оны қайта сайлау жөніндегі шектеулерге қатысты ережелерінің өзгермейтінін белгілейтін түзету енгізілді. Бұл болашақта Президент өкілеттігінің еселігін немесе мерзімін ұлғайтуға жол бермейді. Осылайша, Президенттің мандатын қайта сайлану мүмкіндігінсіз бір мерзімге шектеу туралы норма Конституцияның ажырамас бөлігіне айналады.
Айтпақшы, демократияның атасы саналатын АҚШ-та да осыған ұқсас жағдай болған. 1947 жылы аталған елдің конституциясына 22 толықтыру енгізілді. Сол арқылы президент өкілеттігін екі мерзіммен шектеу туралы заң қабылданды. Яғни бір адам екі мерзімнен артық президент бола алмайды деген ереже енгізілді. Бірақ бұл бап енгізілген кезде президент міндетін атқарып тұрған саясаткерге қатысы жоқ екені де қарастырылған. Осылайша, сол кезде Ақ үйдің тізгінін ұстап тұрған Гарри Трумэнге бұл өзгерістер қарастырылған жоқ.
Ендеше, мұндай дәстүрге сүйеніп конституциялық өзгерістер президент сайлауынан кейін енгізілсе, Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл 2022 жылы 5 жылға сайланса, онда жаңа сайлау заңына байланысты тағы да 7 жылдық президент сайлауына қатысуына құқылы болатын еді. Мұндай жағдайда алдағы 7 жылдық мерзімі 12 жылға созылып, 2029 жылы емес, 2034 жылы аяқталар еді.
Бірақ Мемлекет басшысы демократиялық даңғыл жолға түсу үшін ел мүддесінен жоғары қойып, азаматтық ерік-жігер танытты. Парламент қабылдаған заң жобасында қазіргі Президентке және одан кейінгі барлық мемлекет басшысына Президент сайлауына қайта қатысуға заңмен тыйым салынды. Таяуда бұл құжатқа Мемлекет басшысы қол қойып, заңды күшіне енді.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Конституцияға енгізілген мұндай өзгерістің маңызы неде? Біріншіден, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екіншіден, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді. Үшіншіден, ел тізгінін қолына алған тұлға келесі сайлау туралы ойланып, популистік шешімдер қабылдамайды. Ал мұндай жағдайдың ел мүддесіне қайшы келетінін тарихтан білеміз. Төртіншіден, мұндай қадам биліктің монополизациялануына, узурпацияға жол бермейді. Бесіншіден, бұл – Әділетті Қазақстан құруға жасалған нық қадам. Өйткені жаңа норма жаңа саясаткерлер мен көшбасшылардың шығуына, елмен етене араласа жұмыс істейтін, халықты тыңдататын, өзі де тыңдай білетін жаңа буынның келуіне мүмкіндік береді.
Парламенттің бірлескен отырысында қаралған тағы бір маңызды мәселе – елорда атауын өзгертуге байланысты шешім. Өздеріңізге мәлім, 2019 жылы Астана атауы Нұр-Сұлтан болып ауысқан еді. Бірақ қоғам мұны қабылдаған жоқ. Әлеуметтік желілерде де, халықпен кездесулерде де Астана атауын қайтару туралы ұсыныс жиі көтерілді. Депутаттар өңірлерге барғанда халық осындай ұсыныстарын айтты. Осыған байланысты «Әділетті Қазақстан» депутаттар тобы елорданың бұрынғы атауын қайтаруды ұсынды.
Мұндай шешімнің артықшылығы бар. Біріншіден, Астана атауы әлемдік деңгейде қалыптасқан брендке айналып үлгерді. Елордамызда ЕҚЫҰ саммитін өткіздік. 2017 жылғы халықаралық іс-шара «Астана ЭКСПО» атауымен жақсы таныс. Сириядағы ахуалға байланысты дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын кездесу «Астана процесі» атауымен белгілі. «Астана» велокомандасының жанкүйерлері әлемнің түкпір-түкпірінде жетерлік. Елордалық «Астана» футбол клубы Еуропаның байрақты бәсекесінде атой салғаны жанкүйер қауымға жақсы таныс. Қысқасы, Астана атауы Ұлы даланың брендіне айналған десек қателеспейміз.
Тағы бір мәселе – Конституциялық сот судьяларының өкілеттік мерзіміне байланысты. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Конституциялық сот судьяларының өкілеттік мерзімі оларды тағайындайтын адамдардың өкілеттік мерзімінен ұзақ болуы керек. Мысалы, Германия, Италия, Испания, Португалия және басқа да бірқатар елдің конституциялық соттары осылай қалыптасады. Бұл – Конституциялық сот судьяларының әртүрлі саяси күштердің ықпалына түспеуіне мүмкіндік береді. Осыған байланысты заң жобасында Конституциялық соттың судьялары қайта тағайындалуына шектеу қоя отырып, Конституциялық сот судьяларының өкілеттік мерзімдерін сегіз жылға дейін ұлғайту қарастырылды.
Президент Жолдауында айтылған мәселелер парламентте заңды жалғасын тапты. Осылайша, ел дамуына қажетті саяси шешімдер қабылданды. Ендігі міндет – алдағы президенттік, содан кейін келер жылғы парламенттік сайлауды тиісті деңгейде өткізу. Ал бұған қоғам жұмыла атсалысуы қажет.
Ғалымжан ЕЛЕУОВ,
Мәжіліс депутаты