Қазақстан • 13 Қазан, 2022

Ұлттың ұлы қасіреті

232 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

«Білік­ті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн.Біз бұл күрделі мәселеге ұстам­дылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жалпы тарихи зерт­теулерді ұран­шылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұста­ным­мен жүргізген дұрыс».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Президенті

Ұлттың ұлы қасіреті

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Өткен ғасыр басында Қа­зақ­­станда орын алған алапат 3 ашар­­­шылық туралы қазақ қо­ға­­мы көптен айтудай-ақ айтып келеді. Жазудай-ақ жазып ке­ле­ді. Себеп белгілі. Кеңестік цензура кезінде ашаршылық тура­лы ауыз аштырмады. Ол да бел­гілі. Өйткені миллиондар­ды уа­қы­тынан бұрын ажал құш­тыр­ған бұл апатқа олардың өзде­рі кінәлі еді. Қылмысты еді. Енде­ше, өз қылмысын кім өзі ашсын?! Сондықтан кеңестік билік ашар­шы­лықты айтуға тыйым салды. Ол сөзден жаналғыштан жаман қо­рық­ты.

Қазақстан тәуелсіздік алған­нан кейін дүркін-дүркін комис­сия құрып, осынау сұрқия қыл­мыс­ты жан-жақты ашуға ұмтыл­ды. Сондай бір комиссия қазір де жұ­мыс істеп жатыр.

Жөн делік. Тұтас бір ұлтты жер жастандыра жаздаған тарихи қылмыс айтылуға тиіс. Ашылуға тиіс. Онсыз біз тарих бетіне тура қарай алмаймыз. Ұлттық қасі­рет­ті ұлықтамай, жанымыз жай таппақ емес. Біздер, тірілер, сол жоқтаусыз кеткен жарты халық алдындағы парызымызды өтеуге тиіспіз. Әңгіме осы туралы.

Біз бұл әңгімені бастамас бұ­рын халқымыз бастан кешкен осы­­нау 3 апат тарихына тағы бір шо­лу жасап өтелік.

Бірінші ашаршылық. Ұлы Дала­ға бұл апатты қазан төңке­рісі­не іле-шала басталған азамат соғысы алып келді. Қазақ даласы азамат соғысы жылдары ақ пен қы­зылдардың табанының ас­тын­да қалды. Қорғансыз қазақ ауы­лының наны мен малын ақтар да тонады, қызылдар да тонады. Оларға қоса Орта Азияда орнай бастаған большевиктік билік те тонады. Соғыс-коммунизм саясаты дегеннің өзі халық қолындағы байлықты қарудың күшімен тартып алу еді. 1919 жылы өткен ке­ңес­тердің бір съезінде Тұрар Рысқұлов осы қиянат салдарынан 1918-1919 жылы
1 млн 114 мың қазақ аштан қы­рыл­ды деді. Азамат соғысынан кейін ауылдың басына «продразверстка» дейтін науқан әңгіртаяқ ой­натты. «Берсең қолыңнан, бер­ме­сең жолыңнан!» деп шар­уа­ның ал­дындағы малы мен қолындағы на­нын тігерге тұяқ қалдырмай тар­тып алды. Мақсаты біреу: қа­ла­дағы кеңес өкіметі аштан өлмеуі керек. Ауыл не болса о бол­­сын. Бұл сұрқия саясаттан ауыл тағы қырылды. Алашорда аты­нан ашаршылықпен күрес комиссиясын басқарған жас жазушы Мұхтар Әуезов 1922 жылдың аяғында екінші ашаршылықтан
1 млн 700 мың қазақ қырылды деп мәлімдеді.

Енді Голощекин тұсындағы үшінші ашаршылық тіпті әлемет апат болды. Бұл ашаршылықтың шығуына екі басшы тікелей жауапты – Сталин мен Голощекин. Бұл екі басшы келісіп, Қазақ­стан­да «Кіші Октябрь» орнатты. Яғни қанды төңкерісті қолдан жасады. Ауқатты шаруаларды кәмпескелеп, халықтың қаққанда қанын, соққанда сөлін алды. Халықты екі тапқа бөліп, бір-біріңе жаусың деп айдап салды. Кеңестерге қарсы қазақ халқы 360 рет көтерілді. Қазақстандағы 40 млн мал екі жыл ішінде 10 есе қыс­қарды. Сонда халықтан тар­тып алынған 36 млн мал қай­да кетті дейсіз ғой! Алдымен Мәс­кеу, Ленинград, Куйбышев тәрізді Ресей шаһарларына вагон-вагон ет болып жөнелтілді. Со­дан кейін шаруа малдары ет бо­лып Қазақстан қалаларына жет­ті. Ал алдындағы малынан, ауы­зындағы нанынан айы­рыл­­­ған шаруалар Қазақстан, Ресей, Украинада миллиондап қы­рыл­ды. Бұл апаттың орын алуына Сталиннің 1930 жылы жа­­риялаған «Ку­лактарды тап ретінде жою» саясаты негіз болды.

Қазақстанда 2 млн 300 мың қа­зақ, 200 мың орыс шаруасы осы қанқұйлы саясаттың құр­ба­ны болды.

1922 жылы Қазақ автоно­мия­сының тарих институтын бас­қарған тарихшы Александр Чу­лоч­ников «Очерки ис­тории киргиз-кайсацкого народа» атты кітабында қырғыз-қайсақтардың, яғни қазақтардың саны 1917 жылға дейін 8,5 млн болғанын көрсетті. Қазақстанда сол 8,5 млн қазақтан 1939 жылғы са­нақ бо­йынша небәрі 2 млн 300 мыңы ғана қалды. Яғни қазан төңкерісіне дейінгі 8,5 млн болған қазақ халқы 20 жыл ішінде 6 миллионынан айырылды. Тарихшылар оның 1 миллионы Қазақстаннан шетелге босқандар дейді. Сонда қалған 5 миллион қайда? Олар қазақстандық орыс жазушысы Валерий Михайлов жазбақшы, 15 жыл ішінде орын алған Қазақстан қасіретінің құр­бан­дары еді.

Бұл жерде біз, тағы да бір нәрсені, 1917 жылмен 1939 жыл арасындағы 20 жыл ішіндегі халықтың табиғи өсімін есепке алмай отырмыз. Егер оны есепке алар болсақ, Қазақстандағы 3 ашаршылық құрбандарының саны тым сорақы болып шығар еді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «ашар­шылық мә­се­ле­­сімен білікті мамандар жү­йе­лі түрде айналысуы керек», де­ген­ді жиі айтады. Соған сәй­кес өткен жылы Парламент Сена­ты­ның басшылығымен тарихшылар 1931-1933 жылдардағы ашаршылық себептерін ашатын 3 томдық құнды еңбек шығарды.Ал биыл Қазақстан Рес­­публикасының Мемлекеттік архи­ві 1921-1922 жылдардағы ашар­шы­лық ақиқатын ашатын 2 том­дық құжаттар жинағын тағы жария етті. Тарихшылардың бұл саладағы табанды еңбектері әлі де жалғасумен келеді. Өйткені Қазақстан бастан кешкен бұл апаттың салдары адам айтқысыз ауыр еді...

1897 жылғы Ресей империя­сында өткен тұңғыш халық са­на­­ғына қараңыз. Қырғыздар 200 мың, тәжіктер 350 мың, түрік­пендер 280 мың, өзбектер 726 мың, сарттар 968 мың, қара­қал­пақтар 104 мың, ал қазақ­тар болса 4 млн 84 мың адам деп көрсетілген. Осынау Орта Азия халықтары, яғни біздің көр­шілеріміз, арадан 120 жыл өткенде, бүгіндері, бірі 26 есе, бірі 28 есе, бірі 30 есе көбейген.Тек бүгінге дейін қазақтар ғана Қазақ­станда небәрі 3 есе ғана көбейген. «Сорбұлақтың басына сорға бола қонды әкем», демекші Қазақстанның сорына Сталин жіберген Голощекин тап болмағанда, біз де бүгінде табиғи өсіммен не 26, не 28 есе көбейіп, жалпы санымыз 100 миллионнан асқан алып ұлт болып отырады екенбіз.

Мінеки, ХХ ғасыр басындағы, большевиктер қоластындағы Қазақ­стан қасіретін қайта-қайта айта беретініміз содан. «Қай­та-қайта айта бергеннен ол олқы­­лықтың орны тола ма? Одан да өткенге алаңдамай алға қара­йық! Болашақ үшін бақуатты Қазақстанды құрайық!» деушілер жоқ емес. Рас, айта бергенмен өткеннің орны толмақ емес. Бірақ болашақтың бақуатты ұрпағы өз тарихын білмегеннен не ұта­­ды?! Ұтпайды. Болашақтың бай, бақуатты ұрпағының тари­хи санасы қалыптаспаса, іш­кен­ге мәз тоғышарлар армия­сы қа­лып­та­са­ры хақ. Тари­хи тамыры жоқ тоғышарлар Тәуел­сіз­дікке тірек бола алмасы хақ.

Ендеше, мақаламызға арқау болып отырған ұлттың ұлы қасі­ретін ұлықтау шаралары күн­делікті күйбең тіршіліктің көлең­ке­сінде қалып қалмауға тиіс.

Осындай ойлармен 2019 жылы тамыз айында жаңа сай­лан­ған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кабине­ті­нің табалдырығын аттадық. Оған дейін Қасым-Жомарт Ке­мел­ұлымен сол жылы наурызда Қазақстан халқы Ассам­­блея­сы­ның кезекті сес­сия­­сында кез­де­сіп, Президент сайлауын­да­ғы же­ңісімен құттықтаған болатын­быз.

Бұл жолы Қасым-Жомарт Кемелұлы біздің қандай мәселе­мен келгенімізден хабарсыз еді. Кабинетінің ортасында түрегеліп тұр екен.

– Ассалаумағалайкүм! – деп қол созды, сәл езу тартып.

– Уағалайкүмассалам! – деп қол алыстық.

Президент қолымызды ұста­ған қалпы сөзді бастап жіберді.

– Мен сіздің ашаршылық туралы «Ақ боз үй» романыңызды оқығ­ам... Сенатта жүргенде. Қат­ты ұнап өз пікірімді эфирде де айтқам! – деді.

Әңгімеміз бұлай басталар деп күт­пеген мен тосылып қалдым. Сол кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы:

– Это выдающее произведение! – деп қолымды қысты. Содан кейін ортадағы үлкен үстелдің екі жағына келіп қара­ма-қарсы жайғастық. Менің қолты­ғым­да бір қара пәпкі бар еді. Оның ішінде әлгі Президент айтқан «Ақ боз үй» бойынша жазылған сценарий болатын. Сценарийді алып Президенттің алдына қойдым.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы! Ен­д­еше, мынау сол жаңа өзі­ңіз айтқан роман бойынша жазыл­ған сценарий! – деп мен де езу тарттым. Ол бірден сцена­рий­ді қолына алды. «Бұл сөзді дү­ние­де бастау қиын», деп та­бал­­дырық аттаған мен, Прези­дент­пен әңгімені қалай бастау­ды ойлап келгем. Бақсам, сол ыңғайсыздықтан Президенттің өзі құтқарды. Әлгі естіген мақтау сөзден кейін арқам кеңіп кеткенін байқадым. Еркінсіп:

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! – дедік. – Алдағы 2022 жыл – 1922 жылғы ашар­шы­лықтың 100 жылдығы. 1932 жыл­ғы ашаршылықтың – 90 жыл­­ды­ғы. Осы даталарға арнап Сіз­ге осы сценарийді алып ке­ліп отырмын. Кітапты қанша жақ­сы десек те, бүгінде оның киномен жарысуы қиын. Кітаптың таралымы 2 мың. Ал фильм телеэфирге шықса бүкіл ел көреді. Сон­дық­тан ашаршылықтың ал­да­ғы осы бір айтулы датасын ки­нодан бастайық деп сценарий әке­ліп отырмын! Қолдауыңызды сұ­раймын! – дедім.

– Дұрыс! Қолдаймыз! – деді Пре­зидент. – Тек фильм сол та­қы­рыпқа лайықты болып жақ­сы шықсын!

– Түсіндім...талабыңызды. Қазіргі заман балалары ол заманды білмейді. Ал менің балалық ша­ғым, Тәңірдің тәлкегімен Түрікменстанда, 1961 жылға дейін сақталған көшпелі ауылда өтті. Қазақтың көшпелі дәуірі де­­генді көзбен көрген адаммын. Сон­дықтан фильмді түсіру ба­ры­сында режиссердің жанында жүремін, қадағалаймын. – дедім.

– Қазір тапсырма беремін! – деді Президент, бұл ұсынысқа нүк­те қойғандай болып. Әңгі­ме­міз әрі қарай тілдік, әлеу­меттік мәселелер төңірегінде жал­ғасты. Бірақ ол басқа әңгіме еді. Бүгін біз бір ғана тақырыпты, ашар­шылық құрбандарының аруағын ұлықтау туралы айтқалы отырмыз. Идеологияның бір үлкен саласы кинода бұл іске Пре­зи­ден­­тіміздің қалай жол аш­қаны жайында. Президент пәр­ме­німен сол кездегі аппарат бас­шы­лығы, Мемлекеттік хатшы, фильм тү­сір­ілген Маңғыстау об­лы­сы­ның басшылығы, Шетпе ауда­ны және осы ауданға қарасты Үш­таған ауылының тұрғындары ашаршылық туралы «Ақ боз үй» фильмінің түсі­рі­ліміне өз үлестерін қосты. Мә­дениет және спорт минис­тр­лігі, кино өндірісін тікелей бақы­лай­тын Ұлттық киноны қолдау ор­талығы да қол­дан келген кө­мек­терін аямады. Алғыстымыз бәріне.

Біз болсақ, киножобаның сценарий және идея авторы ретінде Президентке берген уәдемізді орындап, Маңғыстаудың ми қайнатқан ыстығы мен ысқырған желі өтінде бір ай кинотобымен бірге жүрдік. Режиссураны бұған дейін «Аңшы бала», «Оазис», «Бала ғашық» фильмдерін түсір­ген Бекарыс Елубаев жүзеге асыр­ды. Өткен ғасырдың 30-жыл­дары ашаршылыққа ұрын­ған қазақ ауылының келмеске кеткен көшпелі болмысын экранда тірілту қалада туып-өскен Бекарыс­қа оңай болған жоқ. Бұл жо­ба­ның жауапкершілік жүгі тым ауыр еді. Жалғыз Пре­­­зи­­дент­тің алдында ғана емес, қазақ басына түскен сол бір қиямет күндері шейіт кеткен мил­­­лион­дар­дың аруағы ал­­дын­дағы жа­уап­­кершілік, тіп­тен бәрінен де ауыр еді. Бірақ көшпелілер тұрмысын көз­бен көріп, бастан кешкен консультанты жанында жүргендіктен, камера алдында көшпелілер тұрмысына қатысты қандай да бір көрінеу қателік жіберілмеді. Режиссер үшін бұл жоба арада ғасыр ауысып келмеске кеткен көшпелі дәуірдің бір үлкен мектебінен өткенімен бірдей болды. Ал біздің бір мақсатымыз – аға ұрпақ өкілі ретінде сол дәуір шындығын суреттеуде көрінеу қателіктерге жол бермейтін, ең болмаса бір режиссер даярлау еді.

«Ақ боз үй» киножобасын түсіру барысында осындай алуан мақсаттардың басы бірікті. Бірақ солардың бәрі жалғыз мақсатқа, жақсы фильм түсіру керек деген мақсатқа жұмылдырылды. Жақсы фильм шықпаса, фильмді көрген қара орман халық разы болмаса, берген уәде, кеткен уақыт, шыққан шығын, алашапқын әлек­шіліктің бәрі бір қарадобал өкінішке айналар еді. Осындай масқараға ұшырамас үшін осы жобаға жұмылдырылған 60-қа жуық маман табан ет, маңдай терін аямады. Бәріміз үшін бұл бір ақ тер, көк тер «марафон» бол­ды. Нәтижесінде, осы жаз­ғытұры фильм көруге да­йын бол­­ды. Көрермен алдына шық­ты. Прокатқа алдағы қара­ша­да шы­ғады.

Алдымен фильмді ең қатал киногерлер, қаламгерлер көрді. Баспасөз бе­тінде жүрекжарды пікірлер шыға бастады. Соның бірі әрі ірісі ел газеті «Еге­мен­ге» шыққан, ұзақ жылдар «Қа­зақ­фильмде» редактор болып істеген, бүгінде аты­шулы романдарымен елге танымал жазушы Тұрысбек Сәу­ке­таевтың пікірі болды. «Мәң­­гілік Аза жыры, немесе, зұл­мат жылдар елесі» атты ма­қа­ласын қорыта келіп көр­некті жазушы былай дейді:

«Сөзіміздің тобықтай түйіні, кинодағы осынау жаңа туындысымен режиссер Бекарыс Елубаев өзінің шығармашылық мол потен­циа­лын, шебер қолтаңбасын таныта білген. Осы фильм арқылы біз өнеріміздегі соны өріске жол ашқан бір жаңа сапалық деңгейді көрдік. Бекарыс бауырымыз талантты сценарийдің бағын ашып, гүлін жайнатыпты. Қызуы бет шарпыған қызыл сөзбен небір мадақ айтсақ та артық болмас еді. Бірақ ойымызды өйтіп арзандатпай, бір-ақ мысалмен тізгін тартсақ дедік. Бір жарым сағат бойы қасымда жайғасқан бейтаныс кексе әйел қайта-қай­та беторамалын көзіне басып, тұншығып өксумен болды. Міне, фильм құдіреті, міне өнер магиясы! Фильм үшін осыдан артық мақтау, осыдан жоғары баға бар ма?! Өз мұратына жеткен шынайы туынды ғана осылай жүрегіңе жол тауып, жұлын-жүй­кең­ді сілкілеп, неше алуан сезім же­тегінде толқытып тебіренте алмақ».

Өзінің осындай жүрекжарды пікірлерімен баспасөз бетінде бөліскен көрермендерге алғыс!

Бізді таңғалдырған тағы бір көрерменіміз – ол әйгілі меценат кәсіпкер Исламбек Салжанов. Ол бас­қарған «Алтын қыран қоры» фильмді Астанаға алдырып Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғ­жанов, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев бастаған зия­­­лы қауым өкілдерінің басын қосып, «Ақ боз үйдің» тұсауын кесті.

Фильм титрінде алғыс, ең ал­дымен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа айтылды.

Егер Қасым-Жомарт Кемел­ұлы сол жолы тікелей пәрмен бер­мегенде, ашаршылық туралы бұл сценарийдің өндіріске кетуі екіталай еді. Биыл, 1922 жылғы ашаршылықтың 100 жылдығын, 1932 жылғы ашаршылықтың 90 жылдығын ұлықтауға Прези­дент осылай үлкен үлес қосты. Ашаршылық дегеннің арғы жа­ғында бәрінен бұрын жана­засы шығарылмай, бір уыс топырақ бұйырмай, сүйегі сай-салада шашылып қалған шерменде миллиондардың аруағы тұр емес пе?! «Ақ боз үй» – сол бетін жабуға бір уыс топырақ бұйырмаған шейіттерге жүз жылдан кейін салынған бір уыс топырақ деу­ге келеді. Жүз жылдан кейін ай­тылған бір жарым сағаттық жоқ­тау. Биылғы жүз жылдық тұ­сын­да, ұлт болып орнымыздан тұрып бір минут үнсіздік жария­лай алмай отырған тұста, осынау ұлттың ұлы қасіретін «Ақ боз үйдің» көрермендері бір жарым сағат бойы көздің жасымен жуып, үнсіз жоқтайтын болды. Осы идея авторы ретінде қалың кө­рермен атынан үлкен экранға жол тартқалы тұрған «Ақ боз үйге» өз пәрменімен жол ашқан басшымызды, енді ашаршылық құрбандарының бес миллион аруағы да қолдап, желеп-жебегей дейміз!

«Өлі разы болмай, тірі байымайды». Ендеше, біз, жер басып жүрген тірілер, сонау бір сұрапыл жыл­дары «қызыл террор» құр­баны болып, сұраусыз кеткен қараорман аруақ алдындағы па­ры­зымызды лайықты өтей ал­ғанда ғана бізді Алла да, аруақ та қолдап, бақытты да бақуатты Әділетті Қазақстан құра алады екен­біз.

ХХ ғасырда дозақты көрген бұ халық, ХХІ ғасырда жұмақты көрсе несі айып!?

 

Смағұл ЕЛУБАЕВ,

«Түрік дүниесі» әдеби сыйлығының лауреаты