Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Өткен ғасыр басында Қазақстанда орын алған алапат 3 ашаршылық туралы қазақ қоғамы көптен айтудай-ақ айтып келеді. Жазудай-ақ жазып келеді. Себеп белгілі. Кеңестік цензура кезінде ашаршылық туралы ауыз аштырмады. Ол да белгілі. Өйткені миллиондарды уақытынан бұрын ажал құштырған бұл апатқа олардың өздері кінәлі еді. Қылмысты еді. Ендеше, өз қылмысын кім өзі ашсын?! Сондықтан кеңестік билік ашаршылықты айтуға тыйым салды. Ол сөзден жаналғыштан жаман қорықты.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін дүркін-дүркін комиссия құрып, осынау сұрқия қылмысты жан-жақты ашуға ұмтылды. Сондай бір комиссия қазір де жұмыс істеп жатыр.
Жөн делік. Тұтас бір ұлтты жер жастандыра жаздаған тарихи қылмыс айтылуға тиіс. Ашылуға тиіс. Онсыз біз тарих бетіне тура қарай алмаймыз. Ұлттық қасіретті ұлықтамай, жанымыз жай таппақ емес. Біздер, тірілер, сол жоқтаусыз кеткен жарты халық алдындағы парызымызды өтеуге тиіспіз. Әңгіме осы туралы.
Біз бұл әңгімені бастамас бұрын халқымыз бастан кешкен осынау 3 апат тарихына тағы бір шолу жасап өтелік.
Бірінші ашаршылық. Ұлы Далаға бұл апатты қазан төңкерісіне іле-шала басталған азамат соғысы алып келді. Қазақ даласы азамат соғысы жылдары ақ пен қызылдардың табанының астында қалды. Қорғансыз қазақ ауылының наны мен малын ақтар да тонады, қызылдар да тонады. Оларға қоса Орта Азияда орнай бастаған большевиктік билік те тонады. Соғыс-коммунизм саясаты дегеннің өзі халық қолындағы байлықты қарудың күшімен тартып алу еді. 1919 жылы өткен кеңестердің бір съезінде Тұрар Рысқұлов осы қиянат салдарынан 1918-1919 жылы
1 млн 114 мың қазақ аштан қырылды деді. Азамат соғысынан кейін ауылдың басына «продразверстка» дейтін науқан әңгіртаяқ ойнатты. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан!» деп шаруаның алдындағы малы мен қолындағы нанын тігерге тұяқ қалдырмай тартып алды. Мақсаты біреу: қаладағы кеңес өкіметі аштан өлмеуі керек. Ауыл не болса о болсын. Бұл сұрқия саясаттан ауыл тағы қырылды. Алашорда атынан ашаршылықпен күрес комиссиясын басқарған жас жазушы Мұхтар Әуезов 1922 жылдың аяғында екінші ашаршылықтан
1 млн 700 мың қазақ қырылды деп мәлімдеді.
Енді Голощекин тұсындағы үшінші ашаршылық тіпті әлемет апат болды. Бұл ашаршылықтың шығуына екі басшы тікелей жауапты – Сталин мен Голощекин. Бұл екі басшы келісіп, Қазақстанда «Кіші Октябрь» орнатты. Яғни қанды төңкерісті қолдан жасады. Ауқатты шаруаларды кәмпескелеп, халықтың қаққанда қанын, соққанда сөлін алды. Халықты екі тапқа бөліп, бір-біріңе жаусың деп айдап салды. Кеңестерге қарсы қазақ халқы 360 рет көтерілді. Қазақстандағы 40 млн мал екі жыл ішінде 10 есе қысқарды. Сонда халықтан тартып алынған 36 млн мал қайда кетті дейсіз ғой! Алдымен Мәскеу, Ленинград, Куйбышев тәрізді Ресей шаһарларына вагон-вагон ет болып жөнелтілді. Содан кейін шаруа малдары ет болып Қазақстан қалаларына жетті. Ал алдындағы малынан, ауызындағы нанынан айырылған шаруалар Қазақстан, Ресей, Украинада миллиондап қырылды. Бұл апаттың орын алуына Сталиннің 1930 жылы жариялаған «Кулактарды тап ретінде жою» саясаты негіз болды.
Қазақстанда 2 млн 300 мың қазақ, 200 мың орыс шаруасы осы қанқұйлы саясаттың құрбаны болды.
1922 жылы Қазақ автономиясының тарих институтын басқарған тарихшы Александр Чулочников «Очерки истории киргиз-кайсацкого народа» атты кітабында қырғыз-қайсақтардың, яғни қазақтардың саны 1917 жылға дейін 8,5 млн болғанын көрсетті. Қазақстанда сол 8,5 млн қазақтан 1939 жылғы санақ бойынша небәрі 2 млн 300 мыңы ғана қалды. Яғни қазан төңкерісіне дейінгі 8,5 млн болған қазақ халқы 20 жыл ішінде 6 миллионынан айырылды. Тарихшылар оның 1 миллионы Қазақстаннан шетелге босқандар дейді. Сонда қалған 5 миллион қайда? Олар қазақстандық орыс жазушысы Валерий Михайлов жазбақшы, 15 жыл ішінде орын алған Қазақстан қасіретінің құрбандары еді.
Бұл жерде біз, тағы да бір нәрсені, 1917 жылмен 1939 жыл арасындағы 20 жыл ішіндегі халықтың табиғи өсімін есепке алмай отырмыз. Егер оны есепке алар болсақ, Қазақстандағы 3 ашаршылық құрбандарының саны тым сорақы болып шығар еді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «ашаршылық мәселесімен білікті мамандар жүйелі түрде айналысуы керек», дегенді жиі айтады. Соған сәйкес өткен жылы Парламент Сенатының басшылығымен тарихшылар 1931-1933 жылдардағы ашаршылық себептерін ашатын 3 томдық құнды еңбек шығарды.Ал биыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік архиві 1921-1922 жылдардағы ашаршылық ақиқатын ашатын 2 томдық құжаттар жинағын тағы жария етті. Тарихшылардың бұл саладағы табанды еңбектері әлі де жалғасумен келеді. Өйткені Қазақстан бастан кешкен бұл апаттың салдары адам айтқысыз ауыр еді...
1897 жылғы Ресей империясында өткен тұңғыш халық санағына қараңыз. Қырғыздар 200 мың, тәжіктер 350 мың, түрікпендер 280 мың, өзбектер 726 мың, сарттар 968 мың, қарақалпақтар 104 мың, ал қазақтар болса 4 млн 84 мың адам деп көрсетілген. Осынау Орта Азия халықтары, яғни біздің көршілеріміз, арадан 120 жыл өткенде, бүгіндері, бірі 26 есе, бірі 28 есе, бірі 30 есе көбейген.Тек бүгінге дейін қазақтар ғана Қазақстанда небәрі 3 есе ғана көбейген. «Сорбұлақтың басына сорға бола қонды әкем», демекші Қазақстанның сорына Сталин жіберген Голощекин тап болмағанда, біз де бүгінде табиғи өсіммен не 26, не 28 есе көбейіп, жалпы санымыз 100 миллионнан асқан алып ұлт болып отырады екенбіз.
Мінеки, ХХ ғасыр басындағы, большевиктер қоластындағы Қазақстан қасіретін қайта-қайта айта беретініміз содан. «Қайта-қайта айта бергеннен ол олқылықтың орны тола ма? Одан да өткенге алаңдамай алға қарайық! Болашақ үшін бақуатты Қазақстанды құрайық!» деушілер жоқ емес. Рас, айта бергенмен өткеннің орны толмақ емес. Бірақ болашақтың бақуатты ұрпағы өз тарихын білмегеннен не ұтады?! Ұтпайды. Болашақтың бай, бақуатты ұрпағының тарихи санасы қалыптаспаса, ішкенге мәз тоғышарлар армиясы қалыптасары хақ. Тарихи тамыры жоқ тоғышарлар Тәуелсіздікке тірек бола алмасы хақ.
Ендеше, мақаламызға арқау болып отырған ұлттың ұлы қасіретін ұлықтау шаралары күнделікті күйбең тіршіліктің көлеңкесінде қалып қалмауға тиіс.
Осындай ойлармен 2019 жылы тамыз айында жаңа сайланған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кабинетінің табалдырығын аттадық. Оған дейін Қасым-Жомарт Кемелұлымен сол жылы наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында кездесіп, Президент сайлауындағы жеңісімен құттықтаған болатынбыз.
Бұл жолы Қасым-Жомарт Кемелұлы біздің қандай мәселемен келгенімізден хабарсыз еді. Кабинетінің ортасында түрегеліп тұр екен.
– Ассалаумағалайкүм! – деп қол созды, сәл езу тартып.
– Уағалайкүмассалам! – деп қол алыстық.
Президент қолымызды ұстаған қалпы сөзді бастап жіберді.
– Мен сіздің ашаршылық туралы «Ақ боз үй» романыңызды оқығам... Сенатта жүргенде. Қатты ұнап өз пікірімді эфирде де айтқам! – деді.
Әңгімеміз бұлай басталар деп күтпеген мен тосылып қалдым. Сол кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы:
– Это выдающее произведение! – деп қолымды қысты. Содан кейін ортадағы үлкен үстелдің екі жағына келіп қарама-қарсы жайғастық. Менің қолтығымда бір қара пәпкі бар еді. Оның ішінде әлгі Президент айтқан «Ақ боз үй» бойынша жазылған сценарий болатын. Сценарийді алып Президенттің алдына қойдым.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы! Ендеше, мынау сол жаңа өзіңіз айтқан роман бойынша жазылған сценарий! – деп мен де езу тарттым. Ол бірден сценарийді қолына алды. «Бұл сөзді дүниеде бастау қиын», деп табалдырық аттаған мен, Президентпен әңгімені қалай бастауды ойлап келгем. Бақсам, сол ыңғайсыздықтан Президенттің өзі құтқарды. Әлгі естіген мақтау сөзден кейін арқам кеңіп кеткенін байқадым. Еркінсіп:
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! – дедік. – Алдағы 2022 жыл – 1922 жылғы ашаршылықтың 100 жылдығы. 1932 жылғы ашаршылықтың – 90 жылдығы. Осы даталарға арнап Сізге осы сценарийді алып келіп отырмын. Кітапты қанша жақсы десек те, бүгінде оның киномен жарысуы қиын. Кітаптың таралымы 2 мың. Ал фильм телеэфирге шықса бүкіл ел көреді. Сондықтан ашаршылықтың алдағы осы бір айтулы датасын кинодан бастайық деп сценарий әкеліп отырмын! Қолдауыңызды сұраймын! – дедім.
– Дұрыс! Қолдаймыз! – деді Президент. – Тек фильм сол тақырыпқа лайықты болып жақсы шықсын!
– Түсіндім...талабыңызды. Қазіргі заман балалары ол заманды білмейді. Ал менің балалық шағым, Тәңірдің тәлкегімен Түрікменстанда, 1961 жылға дейін сақталған көшпелі ауылда өтті. Қазақтың көшпелі дәуірі дегенді көзбен көрген адаммын. Сондықтан фильмді түсіру барысында режиссердің жанында жүремін, қадағалаймын. – дедім.
– Қазір тапсырма беремін! – деді Президент, бұл ұсынысқа нүкте қойғандай болып. Әңгімеміз әрі қарай тілдік, әлеуметтік мәселелер төңірегінде жалғасты. Бірақ ол басқа әңгіме еді. Бүгін біз бір ғана тақырыпты, ашаршылық құрбандарының аруағын ұлықтау туралы айтқалы отырмыз. Идеологияның бір үлкен саласы кинода бұл іске Президентіміздің қалай жол ашқаны жайында. Президент пәрменімен сол кездегі аппарат басшылығы, Мемлекеттік хатшы, фильм түсірілген Маңғыстау облысының басшылығы, Шетпе ауданы және осы ауданға қарасты Үштаған ауылының тұрғындары ашаршылық туралы «Ақ боз үй» фильмінің түсіріліміне өз үлестерін қосты. Мәдениет және спорт министрлігі, кино өндірісін тікелей бақылайтын Ұлттық киноны қолдау орталығы да қолдан келген көмектерін аямады. Алғыстымыз бәріне.
Біз болсақ, киножобаның сценарий және идея авторы ретінде Президентке берген уәдемізді орындап, Маңғыстаудың ми қайнатқан ыстығы мен ысқырған желі өтінде бір ай кинотобымен бірге жүрдік. Режиссураны бұған дейін «Аңшы бала», «Оазис», «Бала ғашық» фильмдерін түсірген Бекарыс Елубаев жүзеге асырды. Өткен ғасырдың 30-жылдары ашаршылыққа ұрынған қазақ ауылының келмеске кеткен көшпелі болмысын экранда тірілту қалада туып-өскен Бекарысқа оңай болған жоқ. Бұл жобаның жауапкершілік жүгі тым ауыр еді. Жалғыз Президенттің алдында ғана емес, қазақ басына түскен сол бір қиямет күндері шейіт кеткен миллиондардың аруағы алдындағы жауапкершілік, тіптен бәрінен де ауыр еді. Бірақ көшпелілер тұрмысын көзбен көріп, бастан кешкен консультанты жанында жүргендіктен, камера алдында көшпелілер тұрмысына қатысты қандай да бір көрінеу қателік жіберілмеді. Режиссер үшін бұл жоба арада ғасыр ауысып келмеске кеткен көшпелі дәуірдің бір үлкен мектебінен өткенімен бірдей болды. Ал біздің бір мақсатымыз – аға ұрпақ өкілі ретінде сол дәуір шындығын суреттеуде көрінеу қателіктерге жол бермейтін, ең болмаса бір режиссер даярлау еді.
«Ақ боз үй» киножобасын түсіру барысында осындай алуан мақсаттардың басы бірікті. Бірақ солардың бәрі жалғыз мақсатқа, жақсы фильм түсіру керек деген мақсатқа жұмылдырылды. Жақсы фильм шықпаса, фильмді көрген қара орман халық разы болмаса, берген уәде, кеткен уақыт, шыққан шығын, алашапқын әлекшіліктің бәрі бір қарадобал өкінішке айналар еді. Осындай масқараға ұшырамас үшін осы жобаға жұмылдырылған 60-қа жуық маман табан ет, маңдай терін аямады. Бәріміз үшін бұл бір ақ тер, көк тер «марафон» болды. Нәтижесінде, осы жазғытұры фильм көруге дайын болды. Көрермен алдына шықты. Прокатқа алдағы қарашада шығады.
Алдымен фильмді ең қатал киногерлер, қаламгерлер көрді. Баспасөз бетінде жүрекжарды пікірлер шыға бастады. Соның бірі әрі ірісі ел газеті «Егеменге» шыққан, ұзақ жылдар «Қазақфильмде» редактор болып істеген, бүгінде атышулы романдарымен елге танымал жазушы Тұрысбек Сәукетаевтың пікірі болды. «Мәңгілік Аза жыры, немесе, зұлмат жылдар елесі» атты мақаласын қорыта келіп көрнекті жазушы былай дейді:
«Сөзіміздің тобықтай түйіні, кинодағы осынау жаңа туындысымен режиссер Бекарыс Елубаев өзінің шығармашылық мол потенциалын, шебер қолтаңбасын таныта білген. Осы фильм арқылы біз өнеріміздегі соны өріске жол ашқан бір жаңа сапалық деңгейді көрдік. Бекарыс бауырымыз талантты сценарийдің бағын ашып, гүлін жайнатыпты. Қызуы бет шарпыған қызыл сөзбен небір мадақ айтсақ та артық болмас еді. Бірақ ойымызды өйтіп арзандатпай, бір-ақ мысалмен тізгін тартсақ дедік. Бір жарым сағат бойы қасымда жайғасқан бейтаныс кексе әйел қайта-қайта беторамалын көзіне басып, тұншығып өксумен болды. Міне, фильм құдіреті, міне өнер магиясы! Фильм үшін осыдан артық мақтау, осыдан жоғары баға бар ма?! Өз мұратына жеткен шынайы туынды ғана осылай жүрегіңе жол тауып, жұлын-жүйкеңді сілкілеп, неше алуан сезім жетегінде толқытып тебіренте алмақ».
Өзінің осындай жүрекжарды пікірлерімен баспасөз бетінде бөліскен көрермендерге алғыс!
Бізді таңғалдырған тағы бір көрерменіміз – ол әйгілі меценат кәсіпкер Исламбек Салжанов. Ол басқарған «Алтын қыран қоры» фильмді Астанаға алдырып Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев бастаған зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, «Ақ боз үйдің» тұсауын кесті.
Фильм титрінде алғыс, ең алдымен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа айтылды.
Егер Қасым-Жомарт Кемелұлы сол жолы тікелей пәрмен бермегенде, ашаршылық туралы бұл сценарийдің өндіріске кетуі екіталай еді. Биыл, 1922 жылғы ашаршылықтың 100 жылдығын, 1932 жылғы ашаршылықтың 90 жылдығын ұлықтауға Президент осылай үлкен үлес қосты. Ашаршылық дегеннің арғы жағында бәрінен бұрын жаназасы шығарылмай, бір уыс топырақ бұйырмай, сүйегі сай-салада шашылып қалған шерменде миллиондардың аруағы тұр емес пе?! «Ақ боз үй» – сол бетін жабуға бір уыс топырақ бұйырмаған шейіттерге жүз жылдан кейін салынған бір уыс топырақ деуге келеді. Жүз жылдан кейін айтылған бір жарым сағаттық жоқтау. Биылғы жүз жылдық тұсында, ұлт болып орнымыздан тұрып бір минут үнсіздік жариялай алмай отырған тұста, осынау ұлттың ұлы қасіретін «Ақ боз үйдің» көрермендері бір жарым сағат бойы көздің жасымен жуып, үнсіз жоқтайтын болды. Осы идея авторы ретінде қалың көрермен атынан үлкен экранға жол тартқалы тұрған «Ақ боз үйге» өз пәрменімен жол ашқан басшымызды, енді ашаршылық құрбандарының бес миллион аруағы да қолдап, желеп-жебегей дейміз!
«Өлі разы болмай, тірі байымайды». Ендеше, біз, жер басып жүрген тірілер, сонау бір сұрапыл жылдары «қызыл террор» құрбаны болып, сұраусыз кеткен қараорман аруақ алдындағы парызымызды лайықты өтей алғанда ғана бізді Алла да, аруақ та қолдап, бақытты да бақуатты Әділетті Қазақстан құра алады екенбіз.
ХХ ғасырда дозақты көрген бұ халық, ХХІ ғасырда жұмақты көрсе несі айып!?
Смағұл ЕЛУБАЕВ,
«Түрік дүниесі» әдеби сыйлығының лауреаты