Пікір • 14 Қазан, 2022

Бейбітшілік ордасы

474 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорданың төрінде өткен алқалы жиынның маңызы зор. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің кезекті саммитін өткізуге біздің мемлекет бастамашы болды. Еліміздің дипломатиялық қызметіне 30 жыл толуымен тұспа-тұс келген іс-шара халықаралық саяси аренадағы мәртебемізді арттыра түскені анық. Әлемде, алысқа бармай-ақ көрші мемлекеттерде геосаяси ахуал ушығып тұрған кезеңде дипломатиялық қатынастың рөлі жоғары. Осы тұрғыдан қарағанда, аталған кеңестің маңыздылығы зор деуге толық негіз бар.

Бейбітшілік ордасы

Қазақстан төраға ретіндегі миссиясын әлі екі жыл жалғастырады. Негізгі мақсат – мемлекеттер арасындағы қақтығыстың алдын алу. Кеңестің ішкі бағыттары да бар. Соның бірі – сараптамалық орталықтардың форумы. Мұнда түрлі ұйымдарға мүше халықаралық сарапшылар идеяларымен, тәжірибелерімен бөлісіп, аймақтық қауіпсіздікті қалыптастыру бойынша ұсыныстарын ортаға салады. Сонымен қатар кеңес шеңберінде экономикалық тұрғыдан маңызды жастар бағытындағы жұмыстарды атап өтуге болады. Жалпы, аталған кеңестің мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, ортақ қауіп-қатерге қарсы тұру бойынша мәселелерді реттеуге ықпалы зор.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде негізгі бағыттарды атап өтті. Экономика, экология, қауіпсіздік мәселесі, бастысы – ғаламдық проблемаға айналған азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін реттеуге шақырды. Бұл ретте, кеңеске қатысқан мемлекеттер арасында жасыл дәлізді ашу ұсынысын ортаға салды. Кеңестің құрамында 27 мемлекет еді, енді Кувейт те қатарға қосылды. Кеңес құрамының артуы ұйымның мәртебесін арттырып, географиясын кеңейте түсетіні анық.

Тағы бір атап өтерлігі, Астана қаласы халықаралық деңгейде бейбіт­шіліктің ордасына, бітімгершілікті жүр­гізудің басты алаңына айналып отыр. Елордада өткен саммитке 11 мемлекеттің басшылары келді. Ресей Федерациясының Президенті Влади­мир Путиннің келуін ерекше атап өтуге болады. Кеңестің Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың бейбіт түрде шешілуіне титтей де болсын үлесі болса, еліміздің, Астананың халықаралық аренадағы беделі арта түсетіні сөзсіз.

 

Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ,

Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024