Қазақстан төраға ретіндегі миссиясын әлі екі жыл жалғастырады. Негізгі мақсат – мемлекеттер арасындағы қақтығыстың алдын алу. Кеңестің ішкі бағыттары да бар. Соның бірі – сараптамалық орталықтардың форумы. Мұнда түрлі ұйымдарға мүше халықаралық сарапшылар идеяларымен, тәжірибелерімен бөлісіп, аймақтық қауіпсіздікті қалыптастыру бойынша ұсыныстарын ортаға салады. Сонымен қатар кеңес шеңберінде экономикалық тұрғыдан маңызды жастар бағытындағы жұмыстарды атап өтуге болады. Жалпы, аталған кеңестің мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, ортақ қауіп-қатерге қарсы тұру бойынша мәселелерді реттеуге ықпалы зор.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде негізгі бағыттарды атап өтті. Экономика, экология, қауіпсіздік мәселесі, бастысы – ғаламдық проблемаға айналған азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін реттеуге шақырды. Бұл ретте, кеңеске қатысқан мемлекеттер арасында жасыл дәлізді ашу ұсынысын ортаға салды. Кеңестің құрамында 27 мемлекет еді, енді Кувейт те қатарға қосылды. Кеңес құрамының артуы ұйымның мәртебесін арттырып, географиясын кеңейте түсетіні анық.
Тағы бір атап өтерлігі, Астана қаласы халықаралық деңгейде бейбітшіліктің ордасына, бітімгершілікті жүргізудің басты алаңына айналып отыр. Елордада өткен саммитке 11 мемлекеттің басшылары келді. Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің келуін ерекше атап өтуге болады. Кеңестің Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың бейбіт түрде шешілуіне титтей де болсын үлесі болса, еліміздің, Астананың халықаралық аренадағы беделі арта түсетіні сөзсіз.
Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ,
Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы