Руханият • 14 Қазан, 2022

Жайсаң Жанбаев

365 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Социалистік жүйенің тар қалыбына сыймаған аяулы азамат­тардың бірі Сағалбай Жанбаев. Ол бар ғұмырын, күш-жіге­рін ел жағдайын жақсартуға, қазағына қамқор болуға арнады. Жанбаевтың саяси аренадағы басшылықтан ығыстырылуы елі­міздегі Тың игеру науқанына байланысты өрбіді.

Жайсаң Жанбаев

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

­­Сағалбай Жанбаев бұл нау­қанның тың жерді игеруден бас­қа да мақсаты бар екенін жақсы білді. Шындығында, Тың игеру науқаны Ресей империясы­ның отаршылық саясатының жалғасы болатын.

Мәскеу басшылығы Қостанай, Көкшетау, Ақмола, Торғай және Солтүстік Қазақстан облыстарын біріктіріп, Тың өлкесін ашып алып, кейін оны Ресей Феде­рациясына қосу жоспарын жа­саған еді. Бұл Мәскеудің ертеден келе жатқан арманы еді. Бұл саясатқа жергілікті партиялық элита Алаш зиялыларының жер мәселесі жөніндегі күрес жолын жалғастырып, кедергі жасауға кірісті. Мәскеудегі басшылықпен Қазақстан компартиясының арасында түсінбеушілік көбейіп, саяси күрес басталды. Бұл жылдары Қазақстанның облыстарын негізінен қазақтар басқарды.

Тың игеру науқаны отар­шы­лдық науқанының экономика­лық жалғасы бола тұра, ең бас­ты сұр­­қиялығы оның рухани-мә­дени құн­­дылықтарды құрту бол­ды. Интернационалистік тәр­бие ар­қы­лы қазақ ұлтын орыстандыру сая­саты қолға алынды. Бұған Мәс­кеудің саясатын жақсы білетін пар­тиялық қызметтегі қазақтар жол бергісі келмеді. Бірақ шешім қа­былданып, Мәскеу іске кірісті. Нау­қанның басында Никита Хру­щевтің өзі тұрды.

Тың өлкесін игеру науқанын ойдағыдай өткізу үшін Мәскеуге облыс басшылығындағы бедел­ді қазақтардан құтылу керек болды. Алғашқы соққы Қостанай облыстық партия ұйымының бірін­ші хатшысы Сағалбай Жанбаевқа берілді.

Сағалбай Жанбаев 1954 жыл­­дың қаңтарында Қостанай об­лыстық партия комитетінің бірін­ші хатшылығынан босатылды. Ал сәуір­ айында Жұмабай Шаяхме­товпен бірге тың игерілетін облыс басшыларын қызметтері­нен кетірді. Бар билікті Мәскеу өз қо­лына алды. Қазақстан көлемін­де та­лантты, тәжірибелі қазақ­тар саяси аренадан саналы түрде ығыстырыла бастады. Олардың орнына Ресейден кадрлар әкеліп тағайындау үйреншікті іске айналды.

Тың өлкесіне кіретін облыс­тар­дағы қызметкерлерді оңтүс­тік өңірлерге ауыстырды немесе түр­лі сылтаумен жұмыстан шы­ғарды.

Әрине, Мәскеудің саясаты тү­сінікті. Олар қазақ басшылар­дың елді жаппай орыстанды­ру­ға қарсы ниетте екенін білді. Сондықтан беделді, ел қамын, ұлттың жағдайын ойлайтын басшылардан құтылу үшін түрлі сұрқиялық әдіс-айла пайдаланды. Біреулерін қаралады, енді біреулеріне ұлтшылдық айыбын тағып, көпшілік алдында мас­қаралап, абыройларын төкті. Осындай Мәскеудің қаһарына іліккен, солтүстік өңірдегі ең үлкен Қостанай облысын 1948 жылдан жақсы басқарып келе жатқан Сағалбай Жанбаев болды. Мәскеу оның халық алдындағы беделінен, өзінің тазалығынан, ел мүддесі үшін ештеңеден сескенбей айтатын турашылдығынан қаймықты.

Билік коммунистік моральді үдетіп, интернационалистік тәр­биені күшейтті. Қазақтың рухани жан дүниесі қапасқа түсті. Өре­сіз­ді өрге, тексізді төрге сүйреген кеңес өкіметіне білімдінің де, қабілеттінің де қажеті болмады.

Жанбаевтардай азаматтар ­облыс басшылығынан ығысты­рыл­ғаннан кейін Тың өлкесінде Мәскеуден келген партия хат­шы­лары ойына келгендерін істеуге кірісті.

Сарыарқа жүйесіз жыртылып, жердің құнарлы қыртысы 25-30 пайызға кеміді. Алғашқы жылы тың жерден шыққан би­дайдың жартысы жиналмай дала­да қалды. Құнарлы жерлер дұрыс өңделмегендіктен, эрозия­ға ұшырай бастады. Біртіндеп оң­ды-солды ойсыз жыртылған мил­­лиондаған гектар егін алқабы­ның көп бөлігін арамшөп, қара қу­рай басып, мал жайылымы азайды...

Қазақстанға Мәскеудің таға­йындаған 1-хатшылары облыс­тарды өздерінің басыбайлы билік жүргізетін мекендеріне айналдыр­ды. Қазақстандағы өнеркәсібі дамыған үлкен облыстарға бірінші басшылыққа Кремль өз адамдарын тағайындады. Жергілікті мамандарды есепке алмады, сенімсіздік көрсетті.

Сағалбай Жанбаев кеңес билі­гінің қыспағында жұмыс істесе де, еліне адал қызмет етіп, ұлттық құн­дылықтарды сақтау үшін мың­мен жалғыз алысты. Болашақтың қа­мын ойлап, жастарға қамқор­шы болды. Жанбаев Ақмола облысын басқарғанда қазақ жастарының өсуіне, ел билігіне араласуына көп көңіл бөлді. Атбасар геология­лық-барлау экспедициясын басқа­рып жүрген Қаныш Сәтбаевты Жұмабай Шаяхметовпен таныс­тырып, ғылыми болашағына жол ашты.

Оның ерекше адам танитын қасиеті де болыпты. 1939 жылы Аршалы ауданында қатар­дағы қызметте жүрген 24 жасар Жұмабек Тәшеновті көріп, бір­ден облыс деңгейіндегі ауыл ша­руашылығы бөліміне қызметке ала­ды. Төрт жыл қасына алып жү­­ріп, жұмыстың жан-жақты қыр-сырымен таныстырып, пар­тия­лық шаруашылықты басқа­ру мек­тебінен өткізеді. Жанбаев­тың қам­қорлығының арқасында Жұмабек Тәшеновтің саяси бас­шылықтағы жолы ашылды.

С.Жанбаев – интернациона­лис­­тік саясат жүргізіп отырған ке­­­ңес­тік жүйеде қызмет істесе де, ­жал­­­тақтамай ұлтының мүддесін қор­­­ғаған қайраткер. Шыншыл, әділ Сағалбай озбыр орталық та­ғайындаған басшылардан ұлттық мүдделерді қорғауда көп пайдасын тигізді.

Жанбаев Семей қалалық ат­қару комитетінің төрағасы болып жұмыс істегенде өзінің бе­де­лін ­пайдаланып, Мәскеумен ты­­ғыз байланыс орнатып, қала­­ның өндірістік-шаруашылық мә­­се­лелерін жан-жақты шешті. Се­мей қаласындағы 70 өндіріс орны­­ның 11-і одақ­тық болғаны­мен, ор­та­лықтан әлеуметтік мәсе­лелерге көңіл бө­лінбегенін тілге тиек етіп, жоғарыға өтініш жасай отырып, талаптар қойды. Одақ деңгейінде қала­ны қаржыландыру мәселелерін шеш­ті. Көпір құрылыстарын аяқ­тау үшін Микоянға тікелей шы­ғып, «Сибмострой» тресінің кө­пір салатын арнайы пойызын да сұ­ратып алды. Ал қаланың әлеуметтік-мәдени мәселелерін шешуде өндіріс ұжымдарының мүмкіншіліктерін пайдаланды. Әр зауыт-фабрикаға жекелеген са­ла­ларға көмектесуді, өзінің жұ­­мысшыларына тұрғын үй, бала-бақша салуды жүктеді. Бұл бас­тама Қазақстан және шекара­лас Ресей облыстарында да қолдау тапты. Қаладағы өнеркәсіп орындарын электр энергиясымен қам­тамасыз етуге көп көңіл бөлді.

Сағалбай Жанбаев кеңес өкі­метінен қуғын-сүргін көр­се де, халқына қызмет көрсе­ту­­ден талмады. Оның азамат­тық тұл­ғасын халықшыл-көп­шіл­­­дігі мен тұрмыстағы қарапайым­дылығынан да көруге болады. Ол облыстың бірінші басшысы бола тұра, жұпыны киініп, базар-дүкен аралап, азық-түлік бағасын қадағалауды үйреншікті әдетке айналдырған.

Біз бүгін ұлттық зейіннің күш-қуатын күшейтпесек, жас ұрпақ­­ты отаншылдыққа тәрбиелемесек, елі­­міздің болашағы күмәнді, бұ­л­­­ыңғыр болары сөзсіз. Бұл тәр­бие­­де ұлтына адал қызмет еткен Са­ғал­бай Жанбаевтай тарихи тұл­ғалардың алатын орны ерек­ше. Аяулы азаматымыздың қы­руар ең­бе­гін бағалап, өзі қызмет істе­ген Астана, Қостанай, Семей қа­ла­ларында көше атын берсек, Жан­баевтың сүйікті халқымен қайта қауышуына себепші болар едік.

 

Әміржан ӘЛПЕЙІСОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры