Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Сағалбай Жанбаев бұл науқанның тың жерді игеруден басқа да мақсаты бар екенін жақсы білді. Шындығында, Тың игеру науқаны Ресей империясының отаршылық саясатының жалғасы болатын.
Мәскеу басшылығы Қостанай, Көкшетау, Ақмола, Торғай және Солтүстік Қазақстан облыстарын біріктіріп, Тың өлкесін ашып алып, кейін оны Ресей Федерациясына қосу жоспарын жасаған еді. Бұл Мәскеудің ертеден келе жатқан арманы еді. Бұл саясатқа жергілікті партиялық элита Алаш зиялыларының жер мәселесі жөніндегі күрес жолын жалғастырып, кедергі жасауға кірісті. Мәскеудегі басшылықпен Қазақстан компартиясының арасында түсінбеушілік көбейіп, саяси күрес басталды. Бұл жылдары Қазақстанның облыстарын негізінен қазақтар басқарды.
Тың игеру науқаны отаршылдық науқанының экономикалық жалғасы бола тұра, ең басты сұрқиялығы оның рухани-мәдени құндылықтарды құрту болды. Интернационалистік тәрбие арқылы қазақ ұлтын орыстандыру саясаты қолға алынды. Бұған Мәскеудің саясатын жақсы білетін партиялық қызметтегі қазақтар жол бергісі келмеді. Бірақ шешім қабылданып, Мәскеу іске кірісті. Науқанның басында Никита Хрущевтің өзі тұрды.
Тың өлкесін игеру науқанын ойдағыдай өткізу үшін Мәскеуге облыс басшылығындағы беделді қазақтардан құтылу керек болды. Алғашқы соққы Қостанай облыстық партия ұйымының бірінші хатшысы Сағалбай Жанбаевқа берілді.
Сағалбай Жанбаев 1954 жылдың қаңтарында Қостанай облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығынан босатылды. Ал сәуір айында Жұмабай Шаяхметовпен бірге тың игерілетін облыс басшыларын қызметтерінен кетірді. Бар билікті Мәскеу өз қолына алды. Қазақстан көлемінде талантты, тәжірибелі қазақтар саяси аренадан саналы түрде ығыстырыла бастады. Олардың орнына Ресейден кадрлар әкеліп тағайындау үйреншікті іске айналды.
Тың өлкесіне кіретін облыстардағы қызметкерлерді оңтүстік өңірлерге ауыстырды немесе түрлі сылтаумен жұмыстан шығарды.
Әрине, Мәскеудің саясаты түсінікті. Олар қазақ басшылардың елді жаппай орыстандыруға қарсы ниетте екенін білді. Сондықтан беделді, ел қамын, ұлттың жағдайын ойлайтын басшылардан құтылу үшін түрлі сұрқиялық әдіс-айла пайдаланды. Біреулерін қаралады, енді біреулеріне ұлтшылдық айыбын тағып, көпшілік алдында масқаралап, абыройларын төкті. Осындай Мәскеудің қаһарына іліккен, солтүстік өңірдегі ең үлкен Қостанай облысын 1948 жылдан жақсы басқарып келе жатқан Сағалбай Жанбаев болды. Мәскеу оның халық алдындағы беделінен, өзінің тазалығынан, ел мүддесі үшін ештеңеден сескенбей айтатын турашылдығынан қаймықты.
Билік коммунистік моральді үдетіп, интернационалистік тәрбиені күшейтті. Қазақтың рухани жан дүниесі қапасқа түсті. Өресізді өрге, тексізді төрге сүйреген кеңес өкіметіне білімдінің де, қабілеттінің де қажеті болмады.
Жанбаевтардай азаматтар облыс басшылығынан ығыстырылғаннан кейін Тың өлкесінде Мәскеуден келген партия хатшылары ойына келгендерін істеуге кірісті.
Сарыарқа жүйесіз жыртылып, жердің құнарлы қыртысы 25-30 пайызға кеміді. Алғашқы жылы тың жерден шыққан бидайдың жартысы жиналмай далада қалды. Құнарлы жерлер дұрыс өңделмегендіктен, эрозияға ұшырай бастады. Біртіндеп оңды-солды ойсыз жыртылған миллиондаған гектар егін алқабының көп бөлігін арамшөп, қара қурай басып, мал жайылымы азайды...
Қазақстанға Мәскеудің тағайындаған 1-хатшылары облыстарды өздерінің басыбайлы билік жүргізетін мекендеріне айналдырды. Қазақстандағы өнеркәсібі дамыған үлкен облыстарға бірінші басшылыққа Кремль өз адамдарын тағайындады. Жергілікті мамандарды есепке алмады, сенімсіздік көрсетті.
Сағалбай Жанбаев кеңес билігінің қыспағында жұмыс істесе де, еліне адал қызмет етіп, ұлттық құндылықтарды сақтау үшін мыңмен жалғыз алысты. Болашақтың қамын ойлап, жастарға қамқоршы болды. Жанбаев Ақмола облысын басқарғанда қазақ жастарының өсуіне, ел билігіне араласуына көп көңіл бөлді. Атбасар геологиялық-барлау экспедициясын басқарып жүрген Қаныш Сәтбаевты Жұмабай Шаяхметовпен таныстырып, ғылыми болашағына жол ашты.
Оның ерекше адам танитын қасиеті де болыпты. 1939 жылы Аршалы ауданында қатардағы қызметте жүрген 24 жасар Жұмабек Тәшеновті көріп, бірден облыс деңгейіндегі ауыл шаруашылығы бөліміне қызметке алады. Төрт жыл қасына алып жүріп, жұмыстың жан-жақты қыр-сырымен таныстырып, партиялық шаруашылықты басқару мектебінен өткізеді. Жанбаевтың қамқорлығының арқасында Жұмабек Тәшеновтің саяси басшылықтағы жолы ашылды.
С.Жанбаев – интернационалистік саясат жүргізіп отырған кеңестік жүйеде қызмет істесе де, жалтақтамай ұлтының мүддесін қорғаған қайраткер. Шыншыл, әділ Сағалбай озбыр орталық тағайындаған басшылардан ұлттық мүдделерді қорғауда көп пайдасын тигізді.
Жанбаев Семей қалалық атқару комитетінің төрағасы болып жұмыс істегенде өзінің беделін пайдаланып, Мәскеумен тығыз байланыс орнатып, қаланың өндірістік-шаруашылық мәселелерін жан-жақты шешті. Семей қаласындағы 70 өндіріс орнының 11-і одақтық болғанымен, орталықтан әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлінбегенін тілге тиек етіп, жоғарыға өтініш жасай отырып, талаптар қойды. Одақ деңгейінде қаланы қаржыландыру мәселелерін шешті. Көпір құрылыстарын аяқтау үшін Микоянға тікелей шығып, «Сибмострой» тресінің көпір салатын арнайы пойызын да сұратып алды. Ал қаланың әлеуметтік-мәдени мәселелерін шешуде өндіріс ұжымдарының мүмкіншіліктерін пайдаланды. Әр зауыт-фабрикаға жекелеген салаларға көмектесуді, өзінің жұмысшыларына тұрғын үй, бала-бақша салуды жүктеді. Бұл бастама Қазақстан және шекаралас Ресей облыстарында да қолдау тапты. Қаладағы өнеркәсіп орындарын электр энергиясымен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлді.
Сағалбай Жанбаев кеңес өкіметінен қуғын-сүргін көрсе де, халқына қызмет көрсетуден талмады. Оның азаматтық тұлғасын халықшыл-көпшілдігі мен тұрмыстағы қарапайымдылығынан да көруге болады. Ол облыстың бірінші басшысы бола тұра, жұпыны киініп, базар-дүкен аралап, азық-түлік бағасын қадағалауды үйреншікті әдетке айналдырған.
Біз бүгін ұлттық зейіннің күш-қуатын күшейтпесек, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелемесек, еліміздің болашағы күмәнді, бұлыңғыр болары сөзсіз. Бұл тәрбиеде ұлтына адал қызмет еткен Сағалбай Жанбаевтай тарихи тұлғалардың алатын орны ерекше. Аяулы азаматымыздың қыруар еңбегін бағалап, өзі қызмет істеген Астана, Қостанай, Семей қалаларында көше атын берсек, Жанбаевтың сүйікті халқымен қайта қауышуына себепші болар едік.
Әміржан ӘЛПЕЙІСОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры