Аймақтар • 14 Қазан, 2022

Балық көбейсін десек...

279 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Балық шаруашы­лығы ғылыми-өндірістік орталығы Балқаш фи­лиалы­мен бірлесіп Балқаш көлінің Бертіс шығанағына 180 мың сазан шабағын жіберді. Балқаш көлінде балық шаруашылығын дамыту жоспары аясындағы іс-шара жалғасын тауып, көлге жіберу үшін тағы 55 мың сазан шабағы әке­лі­неді.

Балық көбейсін десек...

Көлге жіберілген шабақтар осы жылдың сәуір айында Алакөл сазандарының уылдырығынан. Сөйтіп Қапшағай іргесіндегі арнайы шаруашылықта өсірілген. Міне, араға алты ай салып Балқаш көліне жіберілді.

Мамандар әуелі шабақтар жет­кізілген көліктегі судың температурасы мен көл суының температурасын салыстырды. Сәйкес екен, 14-15 градус нөлден жоғары. Сондай-ақ ондаған шабақтың салмағын өлшеді. Әртүрлі, бірі 7 грамм болса, енді бірі 102 грамм басты.

Осылайша, шабақтар қалың қамыстың түбіне, күннің тыны­ғында, желсіз уақытта көлге жі­бе­рілді. Онысы жыртқыш ба­лық­­тардан қорғануына және көл суының температурасына бейім­делуіне сеп.

– Көлге балық жіберу жұмыс­тары Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығының ұсыныстары негізінде жүзеге асырылды. Игі шараның біздің Көкшетеңізіміз, көлдің тұтас солтүстік өңірінің фаунасы үшін маңызы зор. Табиғи ресурстарға қамқорлық танытсақ, теңдессіз байлық саналатын көлді, көлді мекендейтін балықтардың түр-түрін сақтай отырып, келешекке аманаттаймыз, – дейді «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС бас экологі Айнұр Төлеуова.

Балық шаруашылығы ғы­лыми-өндірістік орталығының Бас директоры, биология ғылым­дарының докторы Қуаныш Исбеков атап өткендей, бұл күні мемлекет тарапынан балық ша­руа­шы­л­ығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақ­сатта 2030 жылға дейінгі арнайы бағдарлама қабылданған. Ма­мандар ғылыми-зерттеу нәти­желерін басшылыққа ала отырып, балықтың сирек түрлерін қайта көбейтуге мүдделі.

Көлге жіберілген балық шабақтарының өсіп-жетілуі Эко­логия, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруа­шылығы комитетіне қарасты Балқаш-Алакөл облысаралық бассейн инспекциясы, Балық шаруа­шылығы ғылыми-өндіріс­тік орталығының Балқаш филиалы, жергілікті әкімдік және «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС маманда­рының жіті қадағалауына алынды.

Балықтың осынау сазан деген түрі Балқаш көлін 1906 жылдан бері мекендесе керек. Тіптен, бір кездері көлдегі балықтың

60-70%-ы сазан болған екен.

Мұндай экологиялық акцияны өткізудің маңызы зор. Оның үстіне, бүгінде көпшілік Балқаш көлінің тартылып бара жатқанына алаңдаулы. Қала­құраушы кәсіпорынның осылайша қоршаған ортаны, Балқаш көлін қорғауға атсалысуы расымен көңілге жылу ұялатады.

 

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

 

Қарағанды облысы,

Балқаш қаласы