Көлге жіберілген шабақтар осы жылдың сәуір айында Алакөл сазандарының уылдырығынан. Сөйтіп Қапшағай іргесіндегі арнайы шаруашылықта өсірілген. Міне, араға алты ай салып Балқаш көліне жіберілді.
Мамандар әуелі шабақтар жеткізілген көліктегі судың температурасы мен көл суының температурасын салыстырды. Сәйкес екен, 14-15 градус нөлден жоғары. Сондай-ақ ондаған шабақтың салмағын өлшеді. Әртүрлі, бірі 7 грамм болса, енді бірі 102 грамм басты.
Осылайша, шабақтар қалың қамыстың түбіне, күннің тынығында, желсіз уақытта көлге жіберілді. Онысы жыртқыш балықтардан қорғануына және көл суының температурасына бейімделуіне сеп.
– Көлге балық жіберу жұмыстары Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығының ұсыныстары негізінде жүзеге асырылды. Игі шараның біздің Көкшетеңізіміз, көлдің тұтас солтүстік өңірінің фаунасы үшін маңызы зор. Табиғи ресурстарға қамқорлық танытсақ, теңдессіз байлық саналатын көлді, көлді мекендейтін балықтардың түр-түрін сақтай отырып, келешекке аманаттаймыз, – дейді «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС бас экологі Айнұр Төлеуова.
Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының Бас директоры, биология ғылымдарының докторы Қуаныш Исбеков атап өткендей, бұл күні мемлекет тарапынан балық шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта 2030 жылға дейінгі арнайы бағдарлама қабылданған. Мамандар ғылыми-зерттеу нәтижелерін басшылыққа ала отырып, балықтың сирек түрлерін қайта көбейтуге мүдделі.
Көлге жіберілген балық шабақтарының өсіп-жетілуі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетіне қарасты Балқаш-Алакөл облысаралық бассейн инспекциясы, Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының Балқаш филиалы, жергілікті әкімдік және «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС мамандарының жіті қадағалауына алынды.
Балықтың осынау сазан деген түрі Балқаш көлін 1906 жылдан бері мекендесе керек. Тіптен, бір кездері көлдегі балықтың
60-70%-ы сазан болған екен.
Мұндай экологиялық акцияны өткізудің маңызы зор. Оның үстіне, бүгінде көпшілік Балқаш көлінің тартылып бара жатқанына алаңдаулы. Қалақұраушы кәсіпорынның осылайша қоршаған ортаны, Балқаш көлін қорғауға атсалысуы расымен көңілге жылу ұялатады.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы