Руханият • 19 Қазан, 2022

Шинель киген қаламгер

232 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Денисов аудандық тарихи-өлкетану музейінде қазақ баспа­сөзінің бастау кезеңдерінде қалам ұстаған қарымды журналист, ақын, жазушы, өткен ғасырдың жиырмасыншы-қырқыншы жылдары аралығында қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің Қостанай, Жамбыл облыстарындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарған Аманғали Сегізбаевтың 125 жылдығына арналған тағылымы мол шара өтті.

Шинель киген қаламгер

ZOOM кеңістігінде онлайн режімде өткен еске алу ке­ші­не қаламгердің немересі, бел­гілі экономист, энергетик Әсет Нау­рызбаев, Л.Толстой атын­дағы Қостанай облыстық әмбе­бап ғы­лыми кітапхана­сы­ның бө­лім мең­герушісі Алматай Нұрма­ғам­бетова, аудан көлеміндегі өзге де зиялы қауым өкілдері мен мәдениет саласының қызметкерлері, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.

Танымдық-тарихи мәні ерек­­­ше іс-шараның барысында Әсет Қабдошұлы еліміздің бас газетінің бастау кезеңдерінде қызмет еткен, кейін соғысқа ат­та­нып майдан шебінде қаза тапқан майдангер журналист Аманғали Сегіз­баевтың өмір тарихы мен шығар­машылығы жа­йында әңгі­мелеп, атасының кіндік қаны тамған өңір­де өтіп жатқан іс-шараны ұйым­дастырушыларға алғыс айтты.

– Атам Аманғали Сегізбаев 1897 жылы осы өңірдегі Ақсу ауылында туып өсті. Алғаш татар молдасынан сауат ашыпты. Кейін Троицк қаласындағы Зейнолла ишанның медресесінде оқып, одан кейін «Уәзипа» мед­ресесіне ауысып, оны жақсы бітіреді. Еңбек жолын Қостанай қаласында ұстаз­дықтан бастайды. Одан кейін уездік оқу бөлімінің инспекторы болып қызмет атқарады. Атам­ның қазақ журналистикасына сіңір­ген еңбегі мол. Ол 1923 жылы Орынборда жарық көріп тұрған «Жас қазақ» журналының жауапты хатшысы, 1924 жылдан бастап «Еңбекші Қазақстан» газетіне редактор, Семей облыстық «Екпінді» газетінің жауапты хатшысы, қазіргі «Егемен Қазақстан» – сол кездегі «Социалистік Қазақ­стан» газетінің қызметкері, мен­шікті тілшісі болған. «Қызыл Қазақ­стан», «Жас қазақ», «Әйел теңдігі» журналдарына да белсене ат салысып тұрған. Оның өлеңдері, фельетондары мен очерктері сол кезеңдегі баспасөз бетінде жиі жарияланып тұрды. Көптен бері осы атамның есімі өзінің туған жерінде ұмытылып кетті-ау деген өкініште жүр едім. Бүгін, міне, еске алып, құрметтеп жатқандарыңызға рахмет. Менің мынау кеудемде ол кісінің қалдырған мұрасы келер ұрпақтың кәдесіне жарап, есімі ұмытылмайтын болды деген үміт отын тұтаттыңыздар, – деді қа­лам қайраткерінің немересі Әсет Наурызбаев.

Одан кейін еске алу шарасына жиналғандарға Л.Толстой атындағы облыстық кітапхананың бөлім меңгерушісі Алматай Той­манқызы өзі ұйымдастырған «Жа­зушы. Жерлес. Азамат» атты тақырыптық көрмемен таныстырып, кітапханадағы тарихи деректерге сүйене отырып, Аманғали Сегізбаевтың қаламгерлігі туралы ой толғады.

– 1918 жылы Аманғали Сегіз­баев Қостанай қаласына келіп, жаңадан ашылған мұғалімдер кур­сына түседі. Осы курста оқып жү­ріп, өзі құралпы жастардың басын қосып, ойын-сауық үйірмесін ұйымдастырады. Өзі осы үйірмеге лайықтап тұңғыш рет «Қаламқас» атты шағын пьеса жазады. Оны сахнаға шығарып, басты кейіп­кердің бейнесін өзі сомдайды. Ал Қаламқасты Рахима деген шәкірт қыз ойна-­
ған екен, – деді бөлім меңгерушісі.

Алматай Нұмағамбетова­ның қолындағы деректер бойын­ша, Аманғали Сегізбаев 1921 жылы уездік оқу бөлімінің жанынан 21 адамнан тұратын көр­кемөнерпаздар тобын ұйымдас­тырып, ауыл арасына шығып, ойын-сауық көрсетеді. Бұл өнер­паз­дар тобының белсенді мүше­лерінің ішінде кейін әйгілі сахна саңлақтарына айналған халық әртістері Серке Қожамқұлов, Елу­бай Өмірзақовтар да жүрген.

Аманғали Сегізбаев артында мол әдеби мұра қалдырған қа­рым­ды қаламгер. Ақын шығар­маларының ішіндегі шоқтығы биігі – «Аршалы бойында» деп аталатын дастаны. Шамамен 1920 жылдары жазылған бұл дастанда ақын туған жері Аршалыны жырға қосады.

1942 жылы соғысқа аттанған жалынды журналист 1944 жылы Кенисберг қаласын азат ету үшін болған ұрыста қаза табады.

– Қаламгердің қазасы туралы жазушы, ғалым Бүркіт Ысқа­қов­тың «От ортасынан оралмаған­дар» атты кітабында: «...Ұрыстан кейін шаршап қалжыраған солдаттар дем алмастан қала ішінде жарылған бомба мен снарядтардан шыққан өртті сөндірумен болды. Осы кезде өртеніп жатқан бір үлкен үйден шырылдаған жас баланың дауысы шықты. Үлкен жүрек иесі, балажан Аманғали Сегізбаев өз басына төніп тұр­ған қауіп-қатерге қарамастан өрте­ніп жатқан үйдің ішіне кіріп кетті де, көк түтінге булығып, тұншығып жатқан екі жасар неміс қызын от-жалынның арасынан алып шықты. Бала деген кім? Ол нәресте, ол сәби. Ол дос­тың да, дұшпанның да кім екенін білмейді. Әлгі неміс қызы да сондай нәрестелердің бірі еді. Ол бейтаныс жауынгердің, Аманғалидың қойнына тығылып, мойнынан мықтап құшақтап алды. Аманғали оны қолына алып, екінші бір жауынгерге берді де: – Бір қауіпсіз жерге апарып, аман сақтаңдар! – деп тапсырды. Ауыр ұрыстардан әрі өрт сөндіруден шаршап-шалдыққан жауынгерлер, жайғасып дем ала бастады. Осы кезде Аманғали өзінің жауынгер жолдасынан: – Жаңағы баланың жайы қалай? – деп сұрады. Бірақ ол жауап беріп үлгермеді. Қалтарыста тығылып тұрып оқ атқан қорқақ та зұлым жаудың сұрқия оғы Аманғали Сегізбаевтың үлкен жүрегінің соғуын тоқтатты, оның тамаша өмірін үзіп кетті», деп жазады. Бұл қайғылы оқиға 1944 жылы қарашада болған екен, – дейді кітапханашы Алматай Тойманқызы.

Еске алу кеші барысында жинал­ғандарға Денсиов аудандық тілдерді оқыту орталығының директоры Салтанат Оңалбекқызы мен Т. Дарқанбаев атындағы Әйет жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Анастасия Матвеева Аманғали ақынның өлеңдерін жатқа оқып берді.

Жиын соңында мұражай қыз­­меткерлері Аманғали Сегіз­баевтың мұрасына арнап дайын­даған «Шинель киген журналист» көрмесінің тұсаукесері өтті. Көрмеге музей қызметкерлері май­дангер журналистің ұрпақ­тары Ораз Аманғалиұлы мен Свет­лана Аманғалиқызы Наурыз­баевалардан алған құнды фотосуреттер, көне қолжазбалар мен сарғайған хаттар қойылған.

 

Қостанай облысы