Өнер • 03 Қараша, 2022

Жанардағы жылылық

421 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бағзыдан жалғасқан бекзат өнерді жанына серік еткен Тұрбай Мұратбектің шығармашылығы өнердегі қанаттастарына етене таныс. О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде шәкірт тәрбиелеп жүрген ол инемен кескін­деме жазудың шебері.

Жанардағы жылылық

Суреттерді түсірген Юрий Беккер

Тұрбай Мұратбектің алғаш­қы жеке көрмесі SÚR-AQ деп аталыпты. Автордың пайымынша, бұл атау бірнеше мағынаны білдірсе керек. «Сұр және ақ түстердің қосындысы біздің сұр өмірімізге ақ бояуды қосу бол­са, екінші мағынасы тағдыр жо­лында алдымыздан шығатын жа­уабы жоқ сұрақтар» дейді су­ретші. Санаға салмақ салған сан алуан сауалдардың шешімін өз кейіпкерлерінің образдары арқылы көрсеткісі келетін ол, бая-шая тіршіліктің батпағына бат­қысы келмей әділет іздеген таза кө­ңілдің жанайқайын бей­күнә жеткіншектің жанары арқы­лы береді. Кескіндемедегі бейнелер тірі, адамдардың көңіл күйі, табиғаты шынайы сезімдерге толы.

Экспозицияға суретшінің отыз­ға жуық кестесі қойылған. Олар түрлі әдіс-тәсілдерде, бір­қа­тары аралас техникада, ал ба­сым бөлігі Мұратбектің ине­мен кес­кіндеме жазудың өзі ой­лап тап­қан жаңаша авторлық тәсілінде орындалған. Кестеленген туын­­дылар бейнелеу және сән­дік-қол­данбалы өнердің ерекшеліктерін біріктіре отырып, суретшінің нәзік көркемдік талғамы мен жо­ғары шеберлігін паш етеді.

Н

– Туған әпкем Айжан өнеріме көп әсер етті. Ол тоқыма бөлімінің кәсіби маманы, әйгілі Раушан Базарбаеваның шәкірті. Оның шығармашылығын көріп өстім, жіптерді алуан түстерге бояуға, оларды орауға көп көмектестім. Шығармашылық жолымды сән­дік өнер мен графикадан баста­ғаныммен, кескіндеме жаныма бәрібір жақын болды. Бүгінгі шы­ғармашылық жұмыстарым кес­те мен кескіндеменің бірігуі­нен туындаған. Өмірдің әр сә­тін арайға бөлейтін қуатты күш – мейі­рім мен махаббат. Адам­дардың болмысынан соны іздей­мін, – дейді Тұрбай Мұратбек.

Өзегі ежелгі өркениетпен қа­бысып жатқан кесте тігу өне­рі жаңа сипатта дамып, салт­тық-мистикалық мәнмен қатар кө­рер­менге эстетикалық әсер сый­лайтын айрықша жанр ретін­де қалыптасты. Мұратбек кес­те тігуді тек қолөнер деп атау жет­­кіліксіз, бұл адамзатты түр­лендіретін, қуаныш пен шаттық сыйлайтын сиқыр деп санайды. Оның қолтаңбасына зер салған өнертанушылар да осы ойды қуаттайды.

«Әрбір кестеленген туын­ды интерьерге сән беруші құ­рал ғана емес, қандай да бір ша­ғын оқиға немесе суретші өмі­рі­нің көрінісі. Осы орайда ав­тор өзінің рухани әлеміне тән, гармония мен жылулыққа толы отбасы, балалар, табиғат әлемі («Кие», «Ұя», «Самғау», «Киелі ағаш») және күнделікті тыныш өмір («Кір», «Бақташы бала») сюжеттеріне құралған күрделі композицияларды жасайды. «Балмұздақ», «Бастау», «Жаңалық», «Шөбере» және «Таң» туындылары жұмысты орындаудағы дәлдігімен және зергерлік ұқыптылығымен таң­ғал­дырады, тіпті қаншалықты жа­қын қарасаң да, тігіс іздерін бай­қай алмайсың. Бейнебір түр­лі түсті жіптермен емес, бояу­лармен салынған секілді әсер қал­дырады», дейді көрме жетекшісі, өнертанушы Самал Мамытова.

П

Айта кетейік, Тұрбай Мұрат­бек 1986 жылы Алматы қала­сын­да дүниеге келген. 2006 жылы О.Таңсықбаев атындағы Ал­маты сәндік-қолданбалы өнер кол­леджін, 2011 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдады. 2012-2016 жылдары Түркияның Анкара қаласында Гази университе­тін­де тағылымдамадан өткен. 2021 жылы Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің «станокты кес­кіндеме» мамандығы бойынша магистратурасын бітірді. 2009 жылдан бері республикалық және халықаралық көрмелерге қаты­сып жүр. Бірнеше оқу құрал­дарының авторы. Ә.Қастеев атын­дағы өнер музейінде салтанат құр­ған көрме қараша айының соңына дейін жалғасады.

 

АЛМАТЫ