Суреттерді түсірген Юрий Беккер
Тұрбай Мұратбектің алғашқы жеке көрмесі SÚR-AQ деп аталыпты. Автордың пайымынша, бұл атау бірнеше мағынаны білдірсе керек. «Сұр және ақ түстердің қосындысы біздің сұр өмірімізге ақ бояуды қосу болса, екінші мағынасы тағдыр жолында алдымыздан шығатын жауабы жоқ сұрақтар» дейді суретші. Санаға салмақ салған сан алуан сауалдардың шешімін өз кейіпкерлерінің образдары арқылы көрсеткісі келетін ол, бая-шая тіршіліктің батпағына батқысы келмей әділет іздеген таза көңілдің жанайқайын бейкүнә жеткіншектің жанары арқылы береді. Кескіндемедегі бейнелер тірі, адамдардың көңіл күйі, табиғаты шынайы сезімдерге толы.
Экспозицияға суретшінің отызға жуық кестесі қойылған. Олар түрлі әдіс-тәсілдерде, бірқатары аралас техникада, ал басым бөлігі Мұратбектің инемен кескіндеме жазудың өзі ойлап тапқан жаңаша авторлық тәсілінде орындалған. Кестеленген туындылар бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнердің ерекшеліктерін біріктіре отырып, суретшінің нәзік көркемдік талғамы мен жоғары шеберлігін паш етеді.
– Туған әпкем Айжан өнеріме көп әсер етті. Ол тоқыма бөлімінің кәсіби маманы, әйгілі Раушан Базарбаеваның шәкірті. Оның шығармашылығын көріп өстім, жіптерді алуан түстерге бояуға, оларды орауға көп көмектестім. Шығармашылық жолымды сәндік өнер мен графикадан бастағаныммен, кескіндеме жаныма бәрібір жақын болды. Бүгінгі шығармашылық жұмыстарым кесте мен кескіндеменің бірігуінен туындаған. Өмірдің әр сәтін арайға бөлейтін қуатты күш – мейірім мен махаббат. Адамдардың болмысынан соны іздеймін, – дейді Тұрбай Мұратбек.
Өзегі ежелгі өркениетпен қабысып жатқан кесте тігу өнері жаңа сипатта дамып, салттық-мистикалық мәнмен қатар көрерменге эстетикалық әсер сыйлайтын айрықша жанр ретінде қалыптасты. Мұратбек кесте тігуді тек қолөнер деп атау жеткіліксіз, бұл адамзатты түрлендіретін, қуаныш пен шаттық сыйлайтын сиқыр деп санайды. Оның қолтаңбасына зер салған өнертанушылар да осы ойды қуаттайды.
«Әрбір кестеленген туынды интерьерге сән беруші құрал ғана емес, қандай да бір шағын оқиға немесе суретші өмірінің көрінісі. Осы орайда автор өзінің рухани әлеміне тән, гармония мен жылулыққа толы отбасы, балалар, табиғат әлемі («Кие», «Ұя», «Самғау», «Киелі ағаш») және күнделікті тыныш өмір («Кір», «Бақташы бала») сюжеттеріне құралған күрделі композицияларды жасайды. «Балмұздақ», «Бастау», «Жаңалық», «Шөбере» және «Таң» туындылары жұмысты орындаудағы дәлдігімен және зергерлік ұқыптылығымен таңғалдырады, тіпті қаншалықты жақын қарасаң да, тігіс іздерін байқай алмайсың. Бейнебір түрлі түсті жіптермен емес, бояулармен салынған секілді әсер қалдырады», дейді көрме жетекшісі, өнертанушы Самал Мамытова.
Айта кетейік, Тұрбай Мұратбек 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2006 жылы О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжін, 2011 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдады. 2012-2016 жылдары Түркияның Анкара қаласында Гази университетінде тағылымдамадан өткен. 2021 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің «станокты кескіндеме» мамандығы бойынша магистратурасын бітірді. 2009 жылдан бері республикалық және халықаралық көрмелерге қатысып жүр. Бірнеше оқу құралдарының авторы. Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде салтанат құрған көрме қараша айының соңына дейін жалғасады.
АЛМАТЫ