Сатира • 22 Қараша, 2024

Шыбын шықпырту

177 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Той десе қу бас домалайды емес пе, ырың-жырыңмен түн асырып барып бітіріп, біраз еркек кіндік бір бөлмеде жатуға тура кепті. Бәр-бәрінің түк болмағандай дөңкиіп жатыстарын.

Шыбын шықпырту

Пықып жайлап жамбастап отырып, қос газетті қырнап бүктеп, шыбын ұрғыш жасады. «Қарап отырғанша қалғи отырайын» демекші, шыбын қоруды жөн деп тапты.

Оң жамбасын ала Оқалақ омала жы­ғылған екен... жатысын, моп-момақан, бұл дүниедегі қулық-сұмдықтан бейхабар баладан әрмен. Қулығына құрық бойламас ит... Әп бәрекелді, маңдайына бір шыбын жәймен қона қалмасы бар ма? Пықып қолындағысымен қойып қалды... Ебедейсіз қимылдағандікі ме, қапы қалды. Есесіне қасқа маңдайға қатыр қағаз «қаһарлана» тиді. Былқ етер емес. Былқ тұрмақ, бұны мазақ қылғандай езу тартып ыржиғандай болды... Арамның арамзасы, жақсылығы бір басынан аспас пасық неме. Былтырғысын ұмыта қоймас...

Құдай оңдап құлақ түбіне қоңыр шыбын қона қалмасы бар ма? Періп кеп қалды... Қалт кетпепті, көзін ашқанша деп шыбын өлігін нысана етіп тағы бір сілтеді. Үрке қараған оған қоңыр шыбынды көрсетіп құтылды... Арамдығы өзіне, істегенін алдына келтірмесе де, екі ұрып әзірге айызы қанды.

...Сол жамбасын ала Сәндібай бажасының бес жасар Бекіре баласы созылып жатыпты. Бірақ шыбын құрғырға бала не, басқа не, бәрібір-ау. Желпіп қорыған болды, көрпесін қымтап жапқан болды.

...Әкесін аямаған мақұл. Бірде түйе, бірде бие. Керек болсаң — келіннен әрі, қажет болмасаң — қайын атамнан әрі. Талай есем кетті, талайымды талапай етті... Бәрекелді, қона қапты... үсті-үстіне пергілеп өтті... Көзін ашып кеудесін көтергенше ұрғылады... Әбүйір боп осының алдында өлтірген қоңыр шыбын орнында екен, іліп алып көрсете қойды... Сенбегендей сүзіле қарап біраз отырды да, ләм деместен етпеттей құлап бүркеніп алды.

...Е, мынау Мыртық... көксоққан, ұр да жықтың дәл өзі. Күні кеше емес пе еді, әй-шәйсіз әдіреңдеп, көп ел алдында абыройын айран еткені... Періп кеп қалды... Қағып қойып қорылын жалғастырды. Құлақтан үсті-үстіне үш рет ұшықтағанда ғана барып қимылға келіп, бет-аузын сипап алып аунап түсіп әніне басты... Е, мейлі, одан әрмен, біраз төпештеп Пықыптың да айызы қанды...

...Әп, пәлекет, ыңғайы келді деген осы, бұны итше тепкілесе де айыбы жоқ... Құлаштап ұрғандікі ме, газет болса да тұм­сықтан қара қанды сау дегізгені... Пықып қолындағысын лақтырып, көрпе астына кіріп жым болды.

Анауым атып тұрып, ауызғы үйге атырылды...

...Пықып шыбын шықпыртуын қойып мау­жырап-балбырап қалғып кеткен екен, бет-ауыз демей пергілеген соққыдан үркіп-шошып атырылып тұрып еді, алдында бағанағы — өзі желпіп қорғаған бес жасар Бекіре бала — бір қолында қырнап бүктелген қос газет, екінші алақанында тырайып қалған қоңыр шыбын – ыржың-ыржың етеді...

 

Берік САДЫР