Егемен Қазақстан • 22 Қараша, 2024

«Хат қоржын»

74 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алаяқтан абай болайық!

Бүгінде түрлі әдіс-айланы пайдаланып, жұртшылықтың қалтасын қағатын алаяқтар тым көбейіп бара жатыр. Мысалы, былтыр зейнетке жетер-жетпес жастағы бір танысымның жұмыстағы қызмет телефонына біреу хабарласып, 1 миллион теңгесін алдап алған. Танысым ақшаны алаяқтың шабарман сыбайласына өз қолымен апарып берген. Қатты абдырағаны сол, көліктің не маркасына, не нөміріне мән бермеген.

«Хат қоржын»

 

Оқиға былай болыпты. Өзін орыс тілінде тергеушімін деп таныстырған телефон құлағының ар жағындағы адам қатқылдау үнмен бастырмалата сөйлеп: «Қызыңыз көшені рұқсат етілмеген жерден кесіп өтемін деп, апатты жағдай туындатты. Қызыңызды қағып кетпеу үшін жолда келе жатқан көлік аялдамаға соғылып, жүргізуші ауыр жарақатпен реанимацияға түсті. Туысқандарымен келісу қиынға соққалы тұр. Қызыңызды бар пәледен құтқарғыңыз келсе, дереу 3 миллион теңге жіберіңіз. Қазір онымен сөйлестіре алмаймын. Өзім телефон шалмайынша ешкімге жұмған аузыңызды ашып хабарласпаңыз. Бұл сіз үшін маңызды. Қысқасы, бөтен ешкім ештеңе білмеуге тиіс. Мені де мазаламаңыз. Кішкенеден соң сіз айтқан жерге көлік барады. Ақшаны целлофан пакетке мұқият орап, соған бересіз», дейді.

Бұл дәл қазір 3 миллион тауып бере алмайтынын, 1 миллион беруге ғана шамасы жететінін, қалғанын кейін қарастыратанын айтып жыларман болады. Анау қинала-қинала келіскен сыңай танытады. Ақшаны апарып беріп хабар күткенімен, жуыр маңда ешкім хабарласа қоймайды. Төзімі таусылған бұл ананың берген нөмірін терсе, ондай абоненттің тіркелмегенін мәлімдейді. Сонда барып қана бұл істе бір шикілік барын сезген танысым қызына хабарласса, ол жайбарақат жұмыстан шығып, үйге бара жатқанын жеткізеді. Күн кешкіріп кеткен соң ертеңіне полиция бөлімшесіне барып алаяқтан алданғаны туралы арыз жазғанымен, одан нәтиже шықпай отырған көрінеді. «Өзім олар туралы жарытып ештеңе айта алмасам, қайдан табыла қойсын?», дейді танысым.

Естуімше, жаңа технологиялар мен жасанды интеллект дегенді еркін меңгерген оларға белгілі бір адамдардың атына несие ресімдеу де көп қиындық туғыза қоймайтын секілді. Мұны киберқылмыстың бір түрі деп есептеуге болады, дейді мамандар. Демек алаяқтардан барынша сақ болайық, дегім келеді.

Айна МҰҚАНОВА,

қаржы маманы

ПЕТРОПАВЛ

 

 

Байыпты басылым – ғасыр төрінде

Бастауында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов секілді ұлтымыздың ұлы тұлғалары тұрған облыс баспасөзінің қарашаңырағы – «Оңтүстік Қазақстан» газеті ғасыр төріне қадам басты. Осынау уақыт аралығында басылым өңір жұртшылығының сырласы, досы, ақылшысы, жанашыры ретінде рухани нәр беріп келді. Басылым абыройлы міндетін алдағы уақытта да атқара бермек.

Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві ұжымы аталған басылымның 100 жылдық мерейтойына орай тақырыптық іс-шара өткізді. Оған газет ардагерлері мен қызметкерлері, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, журналистика факультетінің студенттері, архив қызметкерлері қатысты.

Облыстың қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архивінің басшысы Гүлнар Шардарбекова іс-шараны кіріспе сөз сөйлеп ашты. «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газеті бас редакторының бірінші орынбасары Нұрлан Кенжеғұлов жүзжылдық жылнаманың тарихы жөнінде сөз қозғады. Баспасөз саласының ардагері, Қазақстан Республикасының құрметті журналисі Слам Нұрмағанбетұлы, журналист-жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сабырбек Олжабай, «Оңтүстік Қазақстан» газеті руханият бөлімінің меңгерушісі, журналист Дилара Бименова естелік әңгімелер айтты. Болашақ журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.

Іс-шараға қатысушылар «Оңтүстік Қазақстан газетіне – 100 жыл» тақырыбының аясында ұйымдастырылған көрме материалдарымен танысып, сарғайған газет беттерін парақтап көрді. Әсерлі өткен іс-шара қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер

Түркістан облысы

 

 

Тоғызқұмалақ – көшпелі өмір көрінісі

Астанада V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары аса жоғары дең­гейде өткізілгені белгілі. Ал көшпелі өмір дүниеге әкеліп қалып­тастырған қазақтың ұлттық ойындарының бірі – тоғызқұмалақ. Бұл ойынды «Қойшылар алгебрасы» деп те атайды. Себебі оны алға­шында өрісте қойларын жусатып жіберген қойшылар ойнайтын болған. Жерден ұя-шұңқырлар қазып, құмалақпен ойнаған.

Жалпы көшпелі адам өмірінің көп бөлігі табиғат байлығын жинау­мен өтеді. Тоғызқұмалақ ойыны да осының бір көрінісіндей. Мәселен, шахмат пен дойбыда ойыншы қарсыласының тастарын жеп азайтып, жеңуге ұмтылады. Тоғызқұмалақта мүлдем басқаша. Бұл ойынның мақсаты – қарсыластың тасын жеу емес, өзіне байлық жинау. Ал байлық жинау – көшпелі дәуірден келе жатқан әдіс. Мысалы, ежелгі адам жеміс-жидек, жабайы өсімдіктердің дәндерін, тамырларын жинап талғажау етті және аңшылықпен айналысып аңдардың етін азыққа айналдырды, терісін, жүнін өз қажетіне киім ретінде жаратып дағдыланды.

Кейін малды қолға үйреткен соң оны табиғат байлығын жинауға пайдаланды. Сөйтіп мал адам үшін табиғат байлығын жинауға жәр­демдесетін құралға, яғни өмір тірегіне айналды. Мал да өз кезегінде та­биғаттың бір бөлшегі болғандықтан, бұл жайт адамды табиғаттан алшақтатқан жоқ, керісінше, жақындата түсті. Нәтижесінде, табиғатпен тығыз байланысқан дүниетаным пайда болды. Сол дүниетаным арқылы табиғат құбылыстарын, ондағы тіршілік иелерінің мінез-құлықтары мен әрекеттерін бақылап, білді. Бұл көшпелілер үшін аса маңызды жайлауға шығу, қыстауға оралу мерзімдерін, сол кездегі тыныс-тір­шілікке қатысты басқа да мәселелерді анықтауға, болжам жасауға мүм­кіндік берді.

Қорыта айтқанда, ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақты дұрыс түсініп, толық көлемінде қабылдайтын болсақ, ұмытылып бара жатқан кейбір салт-дәстүрлеріміз ғана емес, бұрынғы ер мінезді болмысымызды да қалпына келтіре алар едік.

Досым ОМАРОВ,

философ

АЛМАТЫ