Білім • Кеше

NIS-тің үздік педагогтері Global Teacher Prize байқауында Қазақстанның намысын қорғайды

82 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда, Тараз, Қостанай қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары Гүлзат Шынтасова, Мирлан Жусамбаев және  Александр Шерцер «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының финалисі атанды. Осылайша олар еліміздегі үздік 10 педагогтің қатарына енді.

NIS-тің үздік педагогтері  Global Teacher Prize байқауында Қазақстанның намысын қорғайды

Келесі жылы NIS педагогтері білім беру саласындағы ең беделді әлемдік наградалардың бірі – Global Teacher Prize халықаралық байқауында Қазақстанның атынан қатысып, еліміздің намысын қорғайды.

«Мүмкіндігі мол білім ордасы». Бұл беделді байқауында оқ бойы озып шыққан Гүлзат Шынтасованың ұраны. Оның айтуынша, биік белестерді бағындыру оңай болмаған. 2011 жылы университетті бітіргеннен кейін ол білімін одан әрі жетілдіру үшін магистратураға түседі. Ал 2013 жылы Қызылордада Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылып, педагог-ұйымдастырушы-куратор болып жұмысқа орналасады. Кейіннен мектепте өз мамандығы бойынша қызметке ауысқан.

Гүлзат Бурабайқызы — Bilim media group ұйымдастырған «Жаңашыл ұстаз – 2018» республикалық байқауының жеңімпазы, Қызылорда облыстық «Өрлеу» орталығының «Педагогикалық идеялар панорамасы» бақауының І орын иегері және термин сөздерді қазақшалау бойынша республикалық байқауда Бас жүлде жеңіп алды.

Сондай-ақ, ол «Әдеби эссе» элективті курсының авторы, жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналған «Онлайн мектеп» жобасы тапсырмаларын құрастырушы, тіл мәселесіне қатысты аймақтық шаралардың тұрақты спикері, «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының лингвист маманы.

«Мұғалім – болашақты жасаушы тұлға». Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәнінің мұғалім-сарапшысы Александр Шерцер – білім беру бағдарламалары мен ictlab.kz білім беру порталының негізін қалаушы. Ол – NIS Online біліктілікті арттыру курстары мен цифрлық платформасының бірлескен авторы. «Робототехника», Blended Teaching Program (Cambridge University), «Пәндік құзыреттілікті дамыту» сияқты білім беру бағдарламаларының сертификатталған тренері.

Ол ҚР Үкіметінің «Жайлы мектеп» жобасының пәндік жұмыс тобын басқарады. Сонымен бірге өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі елеулі жетістіктері үшін Ы.Алтынсарин атындағы медальмен марапатталған.

Ол – «Қазақ тілінде сөйлеуді тану және синтездеу виртуалды дауыстық ассистенті» және «Қазақ тілінде құрастырылған Qazaq Oriented Language бағдарламалау тілі» жобаларының авторы.

«Педагог үздіксіз ізденісте болуы керек». Мирлан Жусамбаев 2014 жылдан бастап Тараз қаласындағы NIS-те физика пәнінің мұғалім-сарапшысы болып жұмыс істейді. Ол «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалдарының педагогтері арасында өткен «Жылдың үздік мұғалімі – 2023» байқауында жеңімпаз атанған.

CLIL (Content and Language Integrated Learning) бойынша сертификатталған сарапшы ретінде жаратылыстану-ғылыми пәндер мен ағылшын тілін интеграциялау саласында зерттеулер жүргізеді. Оның зерттеу нәтижелері 2018 жылы Италияда және 2022 жылы Арменияда өткен European Conference on Educational Research сияқты халықаралық конференцияларда, сондай-ақ ДББҰ ұйымдастырған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға ұсынылды. Ол – Білім беру саласындағы зерттеушілер қауымдастығының (KERA) мүшесі.

Қазіргі уақытта оның танымдық бейнероликтері миллиондаған қаралым жинап, осы арқылы TikTok-та ғылымды белсенді түрде насихаттап келеді.