Фотолар: Ақтөбе облысы әкімдігі
Қан орталығының директоры Алтай Оразбағамбетовтың айтуынша, тұрғындардың белсенділігі өте жоғары.
«Тұрғындар қайғылы оқиғаға алаңдаулы. Біз шұғыл түрде қан сақтауға арналған арнайы стерильді контейнерлерді сатып алуымыз керек болды. Оны бүгін Ақтауға мұздатылған күйінде ұшақпен жібереді. Кеше біз 20 бөтелке амбулин мен шокқа қарсы препараттарды жөнелттік», деді бас дәрігер.
Қан тапсыруға келгендердің арасында әзірбайжандар қауымдастығының өкілдері де бар.
«Бізді бұл трагедия есеңгіретіп тастады. Адамдар қайтыс болды. Біздің қауымдастық қаза тапқандардың барлық отбасыларына көңіл айтады. Біз ақсақалдармен және жастармен бірге зардап шеккендерді қолдауға келдік. Барлығы қан тапсырады. Зардап шеккендер сауығып, отбасыларына оралсын», дейді әзірбайжандар қауымдастығы төрағасының орынбасары Видадий Фарзалиев.
Қан тапсырушылардың қатарында әртүрлі этнос өкілдері, зейнеткерлер, педагогтар, жастар, қала тұрғындары бар. Ниет білдірушілер ақпараттық сауалнамаларды толтырып, дәрігердің қабылдауында болып, содан кейін іріктелгендер жалпы залға жіберілді. Күні бойы жалпы 100-ден астам адам қан тапсырды.
Ақтөбеліктер тапсырған қан бүгін Ақтауға жіберіледі.