Мереке • Бүгін, 13:08

Астанада 100-ге жуық іс-шара өтеді: Бүгін балаларды қайда апаруға болады?

4 мин
оқу үшін

Астанада Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған ауқымды мерекелік бағдарлама әзірленді. Биыл елордада балалар мен олардың ата-аналарына арналған 100-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Бағдарлама әртүрлі жас санатындағы балалардың қызығушылығына сай алты бағытқа бөлінген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада 100-ге жуық іс-шара өтеді: Бүгін балаларды қайда апаруға болады?

Фото: Ерлан ОМАР/ Egemen.kz

Алғашқы «Бесік әлемі» блогы үш жасқа дейінгі бүлдіршіндерге арналған. 1 маусым күні Жастар саябағында дәстүрлі «Арба FEST» арбалар шеруі өтеді. Президент саябағында еңбектейтін сәбилер арасында «Шапшаң бөбек» спорттық жарысы ұйымдастырылады. Сонымен қатар қала саябақтарында «Бақыт мекені» отбасылық фотоаймақтары мен «Бала әлемі» дамытушы ойын алаңдары жұмыс істейді.

3-6 жас аралығындағы балаларға арналған «Балапан әлемі» блогы аясында 25 мамыр мен 1 маусым аралығында судағы, көшедегі және интернеттегі қауіпсіздік ережелеріне арналған танымдық әрі ойын форматындағы іс-шаралар өтеді.

1 маусым күні сағат 12:00-де III Халықаралық клоундар фестивалі басталады. Фестиваль қатысушылары «Бәйтерек» монументінен Ғашықтар саябағына дейін шеру жасап өтеді. Ал кешкі сағат 17:00-де Амфитеатрда мерекелік концерт ұйымдастырылады.

Конституциялық Сот: Балалардың заңды мүдделерін қорғау – басым бағыт

Сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін елордалық емханаларда балаларға арналған тіс дәрігерлерінің профилактикалық тексеруі бойынша ашық есік күні өтеді.

Сағат 12:00-де Кірпішті тұрғын алабында, ал сағат 13:00-де Өндіріс тұрғын алабында «Көңілді старттар» жарысы ұйымдастырылады. Сонымен қатар сағат 15:00-де «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында балалар сән көрсетілімі өтеді.

№64 мектеп-лицейінде «Әлем балалар көзімен» атты ашық аспан астындағы шығармашылық байқау өтсе, Техникалық және көркем шығармашылық орталығында балалар жұмыстарының көрмесі мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Қалалық алаңда концерттік бағдарлама ұсынылады.

11-14 жас аралығындағы балаларға арналған «Жас өркен» блогы аясында 25 мамыр мен 1 маусым аралығында Орталық саябақта, Президент саябағында және «Жетісу» саябағында қауіпсіздік тақырыбындағы «Бақытты балалық үшін» акциясы өтіп жатыр.

М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының алаңында «Bala energy» open-air фестивалі, ал «ARQA ALAN» ұлттық спорт түрлерін дамыту орталығында «Ethno Games АрқаLan» фестивалі өтеді.

Жасөспірімдерге арналған «Болашаққа қадам» блогы аясында «Astana FIDA Drone Soccer Championship» халықаралық дрон-футбол чемпионаты ұйымдастырылады. Сондай-ақ Амфитеатр сахнасында «QosymshaFest» фестивалі өтсе, қалалық алаңда опера және балет театрымен бірлескен «Түрлі-түсті мозайка» байқауы өтеді.

Балаларды қорғау күні: Президент тапсырмалары қалай жүзеге асырылып жатыр?

 

 

1 маусым күні таңғы сағат 09:00-де Орталық саябақтағы шаңғы-роллер трассасында отбасылық Kids RUN жарысы басталады. Президент саябағында «Отбасы – бақыт мекені» сурет салу сабағы өтсе, Ailand отбасылық демалыс орталығында мерекелік концерт ұйымдастырылады.

Сонымен қатар мереке қарсаңында елордадағы бірқатар мекенжайда жаңартылған балалар ойын және спорт алаңдарының салтанатты ашылуы жоспарланған.

Промышленный, Интернациональный, Мичурино және Күйгенжар тұрғын алаптарында балаларға арналған концерттер мен интерактивті бағдарламалар өтеді.

Президент саябағында ойындар, байқаулар мен аниматорлардың қатысуымен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың концерті және «Bolashak» инклюзивті театрының сән көрсетілімі де көпшілік назарына ұсынылады.

Сондай-ақ 1 маусым күні «Береке Астана» оңалту орталығының салтанатты ашылуы өтеді. Орталық саябақтағы Ұлттық теннис орталығы маңында «Bala Fest» балалар спорттық ойындары фестивалі ұйымдастырылады.

Мемлекет басшысы Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады  

2 маусым күні Жастар сарайында Балаларды қорғау күніне және «Отбасылық аула клубы/Замандас жастар коворкингі» жобасының 15 жылдығына арналған концерт өтеді.

Бұдан бөлек, 1 маусымнан бастап Астанадағы мектеп жанындағы жазғы лагерьлер өз жұмысын бастайды.

Соңғы жаңалықтар