фото gov.kz
Қазіргі уақытта 20 жобаны іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында мәдениет, өнер мен өмір салты туралы «Modern Nomads» шоуы, бизнес пен экономикаға арналған өңірлік шоу – «East-West Connect», сондай-ақ өңірлік тұлғалармен сұхбаттардан тұратын – «Voices from Central Asia» жобалары бар.
Ынтымақтастықтың маңызды бөлігі – Euronews academy жобасын жүзеге асыру. Оның аясында отандық журналистерге шетелдік спикерлердің қатысуымен офлайн тренингтер мен мастер-класстар ұйымдастырылатын болады. Бұл қазақстандық БАҚ өкілдерінің кәсібилігіне оң әсерін тигізері анық.
Биыл Қазақстанда «Масс-медиа туралы» Заң қабылданды. Жаңа Заңға сәйкес, БАҚ материалдарына талап қою мерзімі – 1 жыл, БАҚ сұрауларын қарау мерзімі – 5 күн, гранттық қаржыландыру, мемлекеттік тілдің БАҚ-тағы үлесі – 60% деп белгіленді. Сонымен қатар, журналистерді аккредитациялаудың Үлгілік қағидалары бекітілді.
Халық пен медиа саласы мамандарының медиасауаттылығын арттыру – министрлік қызметінің басым бағыттарының бірі. Министрлік саланың кадрлық әлеуетінің кәсіби деңгейін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
Жыл сайын медицина, экология, дін, қаржы-экономика, құқық, әскери іс, ұлтаралық қатынастар, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, мұнай-газ салаларында журналистер мен медиа мамандығы студенттері оқыту курстарынан өтеді.
Биыл салалық журналистерді даярлау мақсатында еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен 4 меморандумға қол қойылды.
Қыркүйекте елордада «Astana Media Week 2024» медиа және цифрлық коммуникациялар саласындағы жыл сайынғы іс-шара табысты өтті. Биылғы шарада құқықтық трансформация, көпплатформалы экожүйелерді дамыту, өңірлік, спорттық және салалық журналистика, балалар контенті, сондай-ақ әлеуметтік шиеленісті басқарудағы ахуалдық орталықтардың рөліне ерекше назар аударылды.
Сапалы қазақстандық телевидениені ілгерілету мен дамытуға бағытталған «Тұмар» ұлттық телевизиялық сыйлығы сегізінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Биыл «Төтенше жағдайлардағы үздік репортаж» деген жаңа номинация қосылды. Сондай-ақ 2017 жылдан бастап баспа, радио және интернет журналистика саласындағы жетістіктері үшін берілетін «ҮРКЕР» ұлттық сыйлығы өткізіліп келеді.