Саясат • 10 Қараша, 2022

Қазына түсімі азаймайды

138 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Парламент Сенатында өткен брифинг барысында Каспий Құбыр консорциумында жүргізіліп жатқан қалпына келтіру жұмыстары жайлы баяндады.

Қазына түсімі азаймайды

Әлихан Смайылов қазан айында КҚК-да жылжымалы екі айлақ қондырғысын жөндеуді аяқтау жоспарланғанымен, ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл жұмыстар тоқтатылғанын атап өтті.

«Алдағы екі-үш күнде №1 жылжымалы қондырғы жөнделеді деп ойлаймын. Бірден екінші құрылғыны жөндеу басталады. Ол бойынша жұмыстарды екі-үш аптада аяқтау көзделген», деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, осыған қарамастан бюджетке түсетін түсімдер төмендемейді.

«Биыл мұнай секторынан Ұлттық қорға 3,9 трлн теңге түседі деп жоспарлан­ған болатын. 10 айдың қорытындысы бо­йынша бұл жоспар триллион теңгеге асыра орындалып жатқанын көріп отырмыз», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, рес­пуб­ликалық бюджет бойынша да осын­­дай жағдай байқалып отыр: түсім 1,8 трлн теңгені құрайды деп жоспарланса, 10 айдың қорытындысы бойынша 1,4 трлн теңге түскен.

«Әлемдік мұнай нарықтарында қалыптасып жатқан бағалар мен конъюнктура арқылы мұнай-газ секторынан Ұлттық қорға және республикалық бюджетке түсетін барлық түсім толық көлемде күтілуде», деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта Үкімет Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қытай және басқа елдер арқылы мұнай тасы­ма­лын әртараптандыру бойынша Жол кар­тасын іске асырып жатқанын атап өтті.

«Аталған барлық бағыт бойынша мұнай экспортының әлеуетін кеңейту және арттыру бойынша жұмыстар жүр­гізі­ліп жатыр. Көрші елдердегі әріптес­тері­­міз тарапынан толық түсіністік пен қолдау бар. Олар өздерінің транзиттік мүм­кін­діктерін ұсынуға, осы мәселелер бо­йынша Қазақстанмен ынтымақтасуға дайын», деп түйіндеді Ә.Смайылов.

Атап айтқанда, 2023 жылғы 1 қаң­тар­дан бастап Қазақстаннан «Баку – Тбилиси – Жейхан» мұнай құбыры арқылы 1,5 млн тонна мұнай тасымал­дау туралы уағ­даластық бар. Бұл көлемді одан әрі 6-6,5 млн тоннаға дейін ұлғайту пысықталуда.

Сондай-ақ Парламент Сенатында өткен брифинг барысында Әлихан Смайылов еліміздің кәсіпорындарында өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы сұраққа жауап берді.

Ә.Смайылов өнеркәсіптік нысандарда орын алып жатқан қайғылы оқиғалар мен төтенше жағдайларға Үкімет тиісті назар аударып отырғанын айтты.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қатысты айтатын болсақ, оның иелері тарапынан жасалған барлық іс-әрекеттерге немесе әрекетсіздігіне құқық­тық баға беріледі», деді ол.

Премьер-Министр Үкімет осы бағыт­та бірқатар қосымша шара қабыл­дайтынын атап өтті.

«Қазір осы саланы реттеуді жетілдіру бо­йын­ша заңнамаға қосымша нормалар дайын­далып жатыр. Атап айтқанда, осындай өнер­кәсіптік өндірістердің меншік иелері мен басшыларының жауапкер­шілігі арттырылады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан бақылау шаралары күшей­тіледі», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, мұндай компа­ния­лардың жаңғырту мен техникалық қайта жарақтандыруды жылдық жиынтық табыс­тың кемінде 1%-ы деңгейінде қар­жы­ландыру міндетін заңнамалық тұрғы­дан бекіту ұсынылды.

«Бұдан басқа, жаңа технологияларды еске­ре отырып, өнеркәсіптік қауіпсіз­дікке қо­йы­латын барлық талап қайта қаралады. Осы және басқа да қосымша нормалар пы­сық­талып жатыр», деді Премьер-Министр.

Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушы­лық туралы кодекске, Қылмыстық және Кәсіп­­керлік кодекстерге, сондай-ақ «Аза­мат­тық қорғау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарлануда.

Ә.Смайылов республикада заңнамаға сәйкес жыл сайын техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспары әзірленетінін айтты.

«Биыл 2,5 мың техникалық құрылғы­ны ауыстыру және 100-ден астам техно­логиялық желіні жаңарту көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстар да күшейтіледі», деп түйіндеді ол.