Әлихан Смайылов қазан айында КҚК-да жылжымалы екі айлақ қондырғысын жөндеуді аяқтау жоспарланғанымен, ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл жұмыстар тоқтатылғанын атап өтті.
«Алдағы екі-үш күнде №1 жылжымалы қондырғы жөнделеді деп ойлаймын. Бірден екінші құрылғыны жөндеу басталады. Ол бойынша жұмыстарды екі-үш аптада аяқтау көзделген», деді Премьер-Министр.
Оның айтуынша, осыған қарамастан бюджетке түсетін түсімдер төмендемейді.
«Биыл мұнай секторынан Ұлттық қорға 3,9 трлн теңге түседі деп жоспарланған болатын. 10 айдың қорытындысы бойынша бұл жоспар триллион теңгеге асыра орындалып жатқанын көріп отырмыз», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, республикалық бюджет бойынша да осындай жағдай байқалып отыр: түсім 1,8 трлн теңгені құрайды деп жоспарланса, 10 айдың қорытындысы бойынша 1,4 трлн теңге түскен.
«Әлемдік мұнай нарықтарында қалыптасып жатқан бағалар мен конъюнктура арқылы мұнай-газ секторынан Ұлттық қорға және республикалық бюджетке түсетін барлық түсім толық көлемде күтілуде», деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар ол қазіргі уақытта Үкімет Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қытай және басқа елдер арқылы мұнай тасымалын әртараптандыру бойынша Жол картасын іске асырып жатқанын атап өтті.
«Аталған барлық бағыт бойынша мұнай экспортының әлеуетін кеңейту және арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көрші елдердегі әріптестеріміз тарапынан толық түсіністік пен қолдау бар. Олар өздерінің транзиттік мүмкіндіктерін ұсынуға, осы мәселелер бойынша Қазақстанмен ынтымақтасуға дайын», деп түйіндеді Ә.Смайылов.
Атап айтқанда, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстаннан «Баку – Тбилиси – Жейхан» мұнай құбыры арқылы 1,5 млн тонна мұнай тасымалдау туралы уағдаластық бар. Бұл көлемді одан әрі 6-6,5 млн тоннаға дейін ұлғайту пысықталуда.
Сондай-ақ Парламент Сенатында өткен брифинг барысында Әлихан Смайылов еліміздің кәсіпорындарында өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы сұраққа жауап берді.
Ә.Смайылов өнеркәсіптік нысандарда орын алып жатқан қайғылы оқиғалар мен төтенше жағдайларға Үкімет тиісті назар аударып отырғанын айтты.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қатысты айтатын болсақ, оның иелері тарапынан жасалған барлық іс-әрекеттерге немесе әрекетсіздігіне құқықтық баға беріледі», деді ол.
Премьер-Министр Үкімет осы бағытта бірқатар қосымша шара қабылдайтынын атап өтті.
«Қазір осы саланы реттеуді жетілдіру бойынша заңнамаға қосымша нормалар дайындалып жатыр. Атап айтқанда, осындай өнеркәсіптік өндірістердің меншік иелері мен басшыларының жауапкершілігі арттырылады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан бақылау шаралары күшейтіледі», деді Ә.Смайылов.
Оның айтуынша, мұндай компаниялардың жаңғырту мен техникалық қайта жарақтандыруды жылдық жиынтық табыстың кемінде 1%-ы деңгейінде қаржыландыру міндетін заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылды.
«Бұдан басқа, жаңа технологияларды ескере отырып, өнеркәсіптік қауіпсіздікке қойылатын барлық талап қайта қаралады. Осы және басқа да қосымша нормалар пысықталып жатыр», деді Премьер-Министр.
Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, Қылмыстық және Кәсіпкерлік кодекстерге, сондай-ақ «Азаматтық қорғау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарлануда.
Ә.Смайылов республикада заңнамаға сәйкес жыл сайын техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспары әзірленетінін айтты.
«Биыл 2,5 мың техникалық құрылғыны ауыстыру және 100-ден астам технологиялық желіні жаңарту көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстар да күшейтіледі», деп түйіндеді ол.